31 қазанда ауа райы қандай болады?

«Қазгидромет» РМК мамандарының мәліметінше, 31 қазан күні атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты Қазақстанның басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады, жауын-шашын болады, республиканың батысында ғана жаңбыр жаумайды. Кей жерлерде жел күшейіп, тұман түседі, көктайғақ, бұрқасын болады.

Шығыс Қазақстан облысында жаяу бұрқасын болып, тұман түседі, көше-жолдар көктайғақтанады, 15-20 м/с жел соғады.

Ақмола облысында тұман түсіп, көктайғақ болады, түнде және таңертең 15-20 м/с жел соғады, бұрқасын болады.

Қарағанды облысында көктайғақ, бұрқасын болады, 15-20 м/с жел соғады. Солтүстік Қазақстан облысының басым бөлігінде жел күшейеді, екпіні секундына 15-20 метрге жетеді, кей жерлерде жаяу бұрқасын болады.

Жамбыл облысында таңертең және күндіз тұман түседі, күндіз жел күшейеді. Қызылорда, Павлодар, Алматы, Түркістан облыстарында тұман түседі, күндіз жел екпіні секундына 15-22 метрге дейін күшейеді.

Маңғыстау облысында түнде тұман түседі. Атырау облысының түнде көктайғақ болады. Жамбыл, Қызылорда, Қостанай облысында ауа райының қолайсыз болуына байланысты ескерту жарияланды.