Мәслихаттардағы босаған орындарға депутаттар сайлаудың қорытындысы белгілі болды. Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабардар етті.
2018 жылдың 28 қазанында Түркістан облысын, Астана мен Шымкентті қоспағанда, республиканың 14 өңірінде шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті, — делінген хабарламада.
Сайлау 83 сайлау округінде, оның ішінде 12 облыстық, 9 қалалық және 62 аудандық мәслихаттардың округтерінде өтті. Науқанға 14 облыстық, 8 қалалық, 46 аудандық, 83 округтік, 326 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылды.
Мәслихат депутаттығына барлығы 284 кандидат ұсынылып, олардың ішінен барлық деңгейдегі мәслихаттарға 252 кандидат тіркелді. 7 кандидатты тіркеудің күші жойылғаннан кейін сайлау бюллетеньдеріне 245 кандидат енгізілді, — делінген ОСК хабарламасында.
Орташа бәсекелестік шамамен бір депутаттық мандатқа 3 кандидаттан келді (2,95), дауыс берушілердің саны 69,9% болды. Сайланған мәслихат депутаттарының 66-сы — ер адам (79,5%), 17-сі — әйел адам (20,5%).
Сайланған мәслихат депутаттарының орташа жасы — 47,4. Сайлау науқаны республиканың сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес өтті, — деп хабарлады Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.