Басты бетЖаңалықтарАлматыда голболдан...

Алматыда голболдан республикалық турнир өтіп жатыр

Голбол – көру қабілеті нашар жандар арасындағы танымал ойын түрі. Ойын үш ойыншыдан құралған екі команда арасында өтеді. Негізгі шарты — ішінде қоңырауы бар арнайы допты қарсыластың қақпасына кіргізу. Ойын кезінде көру қабілеті нашар адамдар арнайы жарық өткізбейтін көзілдірікті киіп, доптың ішіндегі қоңырау үніне қарай ойнайды. Спорттың бұл түрі 1946 жылы екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлерін сауықтыру мақсатында ойлап табылған. Ал 70-жылдары Паралимпиада ойындары бағдарламасына енгізілді. Бүгінде голбол бойынша Еуропа және әлем чемпионаттары өткізіледі. Қазақстанда 90-жылдары қолға алынып, соңғы екі жылдан бері қарқынды дами бастады. 

Түркістан облысының атынан келген «Үміт» командасындағы Шоқан Бахрамов, Қуаныш Бексұлтан және Әлішер Бөріхан үштігі қыркүйек айында Астанадағы «Жұлдызай» турнирінде бақ сынаған. Олар — Шымкенттегі «Үміт» мектеп-интернатының 8-9-сынып оқушылары.

қыркүйек айының 14-19-ы аралығында Астанадағы турнирге қатыстық. Ал бұл біздің екінші жарысымыз. Бүгін сегіз командамен ойнаймыз. Голбол — ерекше ойын, оны тыңдау қабілеті жақсы балалар ойнайды. Біз ойын кезінде есту қабілетімізге жүгінеміз. Егер Шымкентке жеңіспен қайтсақ мектебіміз бізбен мақтанар еді, — дейді олар.

«Үміт» командасының жаттықтырушысы Нұрбол Төлебеков балаларды голбол ойнауға қалай үйреткенін айтты.

Екі жыл бұрын мектебімізге ішінде қоңырауы бар ерекше доптар келгенде «Бұл не доп?» деп түсінбеп едік. Қазақстанда голбол дамымаған соң жаттықтырушы болсақ та, бұл ойын туралы білмедік. Кейін Голбол федерациясынан адамдар келіп зағип жандарға арналған ойын екенін түсіндірген соң ғана оқушыларды ақырындап үйрете бастадық. Әрине, оқушыларымыз бірден үйреніп кетпеді, біраз жаттығып, тер төктік. Бүгін сол оқушылардың ішінен үш оқушыны жарысқа алып келдік. Ойын ережесі бойынша адамның көзінде жарық түсірмейтін көзілдірік болуы керек және оны қолмен ұстауға да болмайды, — дейді бапкер.

Республикалық голбол турнирі
Республикалық голбол турнирі. Фото: Ұйымдастыру комитеті

Қазақстандағы Голбол федерациясының президенті Нәзира Құрмашеваның айтуынша, ойынға арналған доптарды Германиядағы ұйымдар жеткізген.

Германияда голбол ойыны жақсы дамыған. Осы ойынды елімізде қолға алмақ болып, Қазақстандағы Германия елшілігі арқылы сол елдің голбол ойынын ұйымдастыратын ұйымдармен байланыстық. Олар бізге доп пен арнайы көзілдіріктерді жеткізіп берді.  Бұған дейін зағип жандар тек тоғызқұмалақ пен шахмат ойнайтын. Ал қазір голбол ойнайтындардың қатары көбейіп келеді, — дейді Нәзира Құрмашева.

Республикалық голбол турнирін Астананың 20 жылдығына орай Голбол Федерациясының қолдауымен «Алматы студенттер альянсы» қоғамдық қоры, «Жігер» мүмкіндігі шектеулі жастар ұйымдары ұйымдастырды. «Алматы студенттер альянсы» қоғамдық қорының мақсаты — мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау, әлеуметтік оңалту. Осы мақсатта 40-қа жуық шара қарастырылған.

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан тыс қалмауына мемлекет тарапынан жіті көңіл бөлініп келеді. Елбасымыз өз Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандар туралы «Біз зағип жандарды белсенді өмірге тартамыз, олар тек жәрдемақы алып қана қоймай, сонымен қатар өздерін қоғамның мүшесі, еңбекке  жарамды және жеке тұлға ретінде сезінетін болады», — деп айтып еді. Осы орайда көру қабілеті нашар жандар арасында көктемде голбол ойынынан қалалық турнир ұйымдастырдық. Турнирге Алматыдан алты команда қатысты. Бүгін сол турнир республикалық деңгейде өтіп жатыр, — деді «Алматы студенттер альянсы» қоғамдық қорының директоры Жасұлан Қуандық.

Турнир 29 қазаннан бері әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің спорт кешенінде өтіп жатыр. 9 команданың арасынан озып шыққан топ халықаралық біріншіліктерге жолдама алады.