Василий Левит: Тищенкомен есе қайтаратын жекпе-жекке дайынмын

Әйтсе де, Левит өзі де Тищенко да әлі кәсіпқой боксқа өтпегенін еске салып, ондай кездесудің өтетіні туралы жариялауға ертерек деп санайды.  Айта кетейік, бүгін олимпиада жүлдегерлері ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен және ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің төрағасы Тимур Құлыбаевпен кездескен болатын.

— Кәсіпқой боксқа өту ойыңызда бар ма?

— Жақын күндерге қатысты жоспарларыма келсек, барлық шаруаларды тындырып, біраз демалғым келеді, сосын бәріміз бірлесіп, ары қарай не істеу керектігін ойланатын боламыз. Өйткені, бұған қатысты қадам жасау қарапайым шаруа емес, тіпті ондай болып жатса, бұны менің келешек мансабыма қатысты тағдыршешті мәселе деп айтуға болады. Оңай деп айта алмаймын. Сондықтан да, ойланамыз, бәлкім әуесқой бокста қалу керек пе, мүмкін кәсіпқойға өткен де дұрыс шығар. Дегенмен, ең бастысы мен осы жеткен жетістігіммен тоқтап қалмаймын.

— Сізден Тищенкомен ақтық айқастан кейін «күміс» алғанда қандай сезімде болдыңыз деп көп сұраған шығар? 

— Әрине, жеңілістің ащы дәмін татудан ешкім жақсы әсер алмайды. Мен жеңіліп тұрып, соған шаттанған адамды көрген емеспін. Дегенмен, бұны осылай қабылдау керек, тағдырдың жазғаны солай болса, бұған мойынсұнбасқа амал жоқ.

— Әйтсе де, жанкүйерлер үшін Сіз нағыз чемпионсыз, сыйақыны да алтын медальмен теңдей алып отырсыз?

— Әлбетте! Осындай қолдауы үшін Тимур Құлыбаев басқаратын біздің Федерацияға да, бүкіл еліме де алғысым шексіз. Маған көптеген жағымды хабарламалар келді, қолдаулар, құттықтаулар толассыз болды.  Мені қолдаған барша адамдарға зор алғыс айтамын.

— Токиоға барасыз ба?

— Мен алдағы төрт жылда тұрмақ, келесі айда не болатынын білмеймін. Бұған дейін де айтқан болатынмын, маған ең бірінші кезекте басқа шаруаларды, отбасы мәселелерін реттеу керек. Сосын тынығамын, ал содан кейін барып, одан ары қарай қай бағытта жұмыс жасау керектігіне қатысты шешім қабылдаймын.

— Дегенмен, алдағы аптаға қатысты жоспарыңызбен бөлісе аласыз ба?

— Келесі аптада бейсенбі болады (күлді).

— Жаңа пәтеріңізде болдыңыз ба?

— Бұл да оңай мәселе емес қой… Қысқасы, болған жоқпын.

— Олимпиадаға дейін сақалды едіңіз, қайта өсіресіз бе?

— Бүгіннің өзінде ондай процесс бар. Сосын бұл да тез бола қоятын процесс емес (күлді).

— Бұрынғыдай қалады ма?

— Сақалым ба? (күлді) Иә!

— Дегенмен, айтыңызшы реванштық жекпе-жекке дайынсыз ба?

— Реванш дейсіз бе… Әрине, маған бұл қызық, оның үстіне жеңгім де келеді. Жалпы біз жекпе-жек өнерінде әрқайсымыз өзінде бір лидерміз және ылғи да жеңіске ұмтыламыз. Егер жеңілсең, онда жеңілісті көтеруің керек. Дегенмен, қайталап айтайын, бәрін де, кім жеңетінін, кім жеңілетінін уақыт көрсетеді. Ал егер ондай мүмкіндік туып тұрса, онда неге пайдаланбасқа. Мен қолғап түйістіруге қашанда дайынмын. Мен үшін бұл проблема емес, керісінше рингке шығу маған қуаныш сыйлайды.

— Егер жекпе-жек болып жатса, одан не күтуге болады?

— Шаршы алаңғы шыққанда қашанда жеңіске жеткің келеді. Ал оның қалай аяқталатыны туралы мен айта алмаймын. Бәрін уақыт көрсетеді.

— Кәсіпқой боксқа өтер болсаңыз жасыңыз кедергі болмай ма?

— Хопкинсты білесіз бе? Жасы 50-де әлі де бокстасады.

— Дегенмен, Сіз Хопкинс емессіз ғой…

-Соған ұмтылу керек. Болмасаң да ұқсап бақ.

— Егер Сіз Тищенконың орнында болсаңыз не істер едіңіз? Қарсыласыңызға алтынды берер ме едіңіз? Жанкүйерлер осындай пікір айтып қалды ғой.

-Қанша адам болса, пікір де соншалықты. Әркімнің өз пайымы бар. Адами тұрғыдан келсек, мен де оны түсінемін, қай спортшы өзінің медалін бере салушы еді? Бұл оңай жетістік емес. Онда барғанның бәрі де жеңсем деп ойлады, әркім өзінің жеткен жетістігіне шаттанды. Сондықтан да, неге ол бере салуы керек. Тіпті берген күннің өзінде мен оны қабылдамас едім. Маған екінші медаль керек емес.

Естеріңізге сала кетейік, 91 келі салмақ дәрежесі бойынша бокстан олимпиадалық туринирдің ақтық айқасында төрешілер жеңісті ресейлік Евгений Тищенкоға берген болатын.  Төрешілердің бұл шешіміне тек қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, әлемнің бокс сүйер жанкүйерлерінің басым бөлігі, соның ішінде Ресейдің біраз жанкүйерлері наразылық танытқан болатын. Шетелдік бірқатар басылым да осы ақтық айқаста Василий Левиттің үстем болғанын жазды. Осылайша, Левиттің күмісі алтынмен парапар болды. Бұған дәлел Қазақстан бокс федерациясы олимпиада «күмісіне» берілетін мемлекеттік сыйақы 100 мың доллардың үстіне 150 мың доллар қосып, бұл соманы олимпиадалық «алтынмен» теңестірді.

ДереккөзҚазАқпарат