Басты бетЖаңалықтарАлматының Алатау...

Алматының Алатау ауданына 10 жыл толды

2008 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыда жаңа Алатау ауданын құру туралы жарлыққа қол қойған еді. Бүгінде аудан мегаполистің жедел өркен жайған елді мекеніне айналды, 10 жыл ішінде аудан тұрғындарының саны 70%-ға өсіп, 250 мыңнан астам адамға жетті.

Алматы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталықтандыру қағидасы бойынша мұнда 12 мектеп, 12 медициналық мекеме, 98 мемлекеттік және жеке балабақша ашылды.

Алатау ауданы
Алатау ауданы. Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі Бауыржан Байбек 10 жыл ішінде ауданды дамытуға 430 миллиард теңге жұмсалғанын, 30 мыңнан астам жұмыс орны құрылғанын, 2,7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынғанын айтты.

Елбасы осы 10 жылда Алатау ауданына 10 рет келді. Мемлекет басшысының ауданның даму барысымен тұрақты танысып, ұдайы қолдау білдіруінің арқасында бүгінде Алатау ауданы қала тұрғындары мен қонақтары үшін жаңа орталыққа айналды. Бүгінде қаламыздың әрбір 7-тұрғыны Алатау ауданында тұрады, сондықтан жайлы қала кеңістігін құру мақсатында биыл 600 орындық тағы бір мектеп және 880 орындық төрт жаңа балабақша іске қосылады. Бұлардан өзге, тағы бір жаңа аурухана мен екі емхана салынады, — деді Бауыржан Байбек.

Әкім болашақта Алатау ауданы Алматының қуатты өндіріс орталығына айналатынын айтты. Индустрияландыру бағдарламасы аясында мұнда арнайы Индустрия аймағы құрылды. Қыркүйек айында ғана ауданда жапониялық, ресейлік, қытайлық және италиялық инвестиция есебінен бірнеше жоғары технологиялы зауыт ашылды.

Алатау ауданы
Алатау ауданы. Фото: Алматы әкімінің баспасөз қызметі

Алатау ауданында бірқатар мәдени және спорт объектісі бой түзеді, оның ішінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры, дәстүрлі музыканың мультимедиялық орталығы, Қолөнершілер орталығы, Универсиада мұрасы — «Алматы Арена» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жеке қаржы есебінен салынған жеңіл атлетика стадионы бар.