Басты бетБастыСағадиев: Барлық...

Сағадиев: Барлық мектептер электронды күнделікке өтіп, мұғалімдер қағазбастылықтан арылады

Аталған шараға Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, мегаполис әкімі Бауыржан Байбек, құрылымдық бөлімшелер басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, білім беру мекемелерінің педагогтары және басқалары қатысты.

Білім саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары туралы айта келіп, Ерлан Сағадиев 2017 жылдың соңына дейін Қазақстанның барлық мектептері электронды күнделікпен қамтамасыз етілетінін, ал бұл мұғалімдерді қағазбастылықтан арылтатынын жеткізді.

«Өздеріңіз білесіздер, 2016 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы артты, біз бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз. Алайда, жоғары жалақыға сай білім беру сапасы да жақсы болуы тиіс. Мектеп директорлары мен ата- аналар комитеттеріне өтініш, мектеп формасы айналасында дүрбелең туғызбай, оны алуды оқу жылының бірінші тоқсанына дейін созған жөн», — деді министр.

Ерлан Сағадиевтің мәліметі бойынша, бастауыш сыныптардың 73 мың мұғалімі жаз айларында жаңартылған бағдарлама бойынша білімдерін жетілдіріпті. Бірыңғай базалық оқулықтар дайын, Алматы мектептері оқулықтармен толық қамтамасыз етілген.

Мегаполис басшысы бүгінгі күні Алматы мектептерінің барлығы кең жолақты интернетпен қамтылғандығын, бірінші сыныптардың барлығының интерактивті қондырғылармен жабдықталғандығын айтты. Алматылық оқушылар 11 жыл қатарынан республикалық олимпиадаларда бірінші орынды иеленіп келеді және ҰБТ тапсыруда төрт жыл бойына ең үздік көрсеткіштерге жетуде.

«Қазіргі заманауи әлемде басты көрсеткіш пайдалы қазбалар қоры емес, үздік білім жүйесі болып табылады.Біздің міндетіміз – білімді, жан- жақты жетілген, патриоттық сезім рухында тәрбиеленген жас өренді қалыптастыру. Мемлекет басшысының алдымызға қойып отырған басты міндеті де осы» — деді Бауыржан Байбек.

Шара соңында Алматы әкімі «Жалпы білім беруді үздік ұйымдастырушы» байқауы жеңімпаздарына сертификаттарды және қаланың 11 үздік педагогтық ұжымына сыйлықтарды табыс етті.

Анықтама: Биылғы жылы Алматының білім саласының бюджеті 83,5 млрд. теңгені құрады. Қалада 498 мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері бар, оларда 57 мыңнан астам балдырған тәрбиеленуде, 244 мемлекеттік және жеке мектептерде 210 мыңнан астам оқушы қамтылған. Бірінші қыркүйекте 27 811 бала бірінші сыныптың табалдырығын аттайтын болады.

ДереккөзАлматы