Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Атамекен» ҰКП IT кеңесімен бірге «Цифрлық агент» мобильдік қосымшасын қолданысқа шығарды.
Қосымша қазақстандықтардың халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы, салық органдарындағы, емханалар мен басқа да мемлекеттік мекемелердегі қызмет сапасы туралы шұғыл хабар беруі үшін жасалған. Бірінші кезеңде халыққа қызмет көрсету орталықтары мен мамандандырылған қызмет көрсету орталықтарындағы қызмет сапасын бақылау көзделіп отыр.
Қолданушылар мемлекеттік қызмет сапасын қызметкерлердің сыпайылығы, кәсіби этикасы, мекемедегі әкімшілік кедергілер және басқа да критерийлер бойынша 5 балл жүйесімен бағалай алады. Бұған қоса, фотосуреттер мен видеоматериалдарды да жүктей алады.
Азаматтар қосымша арқылы хабарласқаннан кейін қызмет көрсетушіге өтінішті қарауға, мәселені шешуге 5 минут уақыт беріледі, содан кейін іске мемлекеттік қызмет ұсыну сапасына жауапты орган ретінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі араласады.
МҚІСЖҚІ агенттігінің мемлекеттік қызметтер департаментінің директоры Ильдар Үйсімбаевтың айтуынша, осылайша ведомство болған заңбұзушылықтарға мониторинг жасаудан азаматтардың проблемасын шұғыл шешу тәртібіне көшеді. Сонымен бірге мемлекеттік қызмет сапасының статистикалық мәліметтері мен рейтингтері мемлекеттік қызмет түрлері, өңірлер, мемлекеттік органдар бойынша автомат режимде тексеріледі.
Қосымшаны жетілдіре түсу үшін қолданушылардың ұсыныстары ескеріледі.