Қылмыстық істі тергеу барысында сот-психиатриалық сараптама тағайындалып, сот шешімімен қылмыскер жыныстық белсенділікті бәсеңдететін арнайы препаратты қабылдайды. Мұндай тәжірибе АҚШ-та өткен ғасырдың 80-ші жылдардың соңынан бастап сәтті жүзеге асып келеді. Сондай-ақ, Еуропаның көптеген елдерінде, оның ішінде Германия, Польша, Франция, Дания, Бельгияда сот шешімімен мәжбүрлі түрде химиялық кастрация жүзеге асады. АҚШ пен Еуропа елдерінің тәжірибесіне сенсек, дәл осындай жаза түрінен кейін бұл қылмыстың 3 пайызға дейін азайғаны байқалған.
Джон Хопкинстің медициналық институтының зерттеушісі, америкалық ғалым Ф.Берлиннің айтуынша, «Қылмыскерге екпе салған соң, ол туралы бұдан былай мазаланбасақ та болады деп ойлау – үлкен қателік. Егерде жыныстық белсенді қылмыскердің басты проблемасы – ой-сана мен ар-ұждан жауапкершілігінің төмендігі болса, екпе де көмектеспейді» – деген екен. Сондықтан Америкада ұзақ жылдардан бері педофилдермен күрестің дәстүрлі де қатаң тәжірибесі бар. Сөзсіз, сот шешімімен химиялық кастрация тағайындалады. Қылмыскердің аты-жөні, мекенжайы, т.б. АҚШ-тың федералды мәліметтер базасына енгізіледі. Сол күннен бастап қылмыскер ұзақ жылдар бойы, тіпті, өмірінің соңына дейін белгіленген мерзімде арнайы препаратты қабылдап жүруге мәжбүр болады, ал түрмеден шыққан күннің өзінде дистационды бақылау, электронды қадағалау жүйесіне түседі. Яғни, біздің елдегідей түрмеден шыққан педофилді назардан тыс қалдырмайды.
Әрине, Қазақстанда биылдан бастап педофилдер туралы мағлұмат беретін электронды база жұмыс істей бастады. Бас прокуратураның мәліметінше, қай қалада, аудан мен ауылда қанша қылмыскердің барын қазақстандықтар мына сілмеден infopublic.pravstat.kz біле алады. Бірақ елімізде құқықтық нигилизм мен жалпы шалғай жерлерде ақпараттандыру мәселесінің өзіндік түйткілдері барын ескерсек, әрбір Қазақстан азаматының бұл мәліметтер базасына кіріп, көршісінің педофил болу-болмау жайын зерделеуі екіталай. Ал АҚШ-та мұндай қылмыскерлермен күрес әлдеқайда алға кеткен.
1994 жылдан бастап «Меган заңы» деп аталып кеткен құқықтық жүйе жұмыс істейді. Ел ішінде оны «Бәрін білуге құқымыз бар» деген ұранды сөзбен тікелей байланыстырады. Ең алдымен, кәмелетке толмаған балаларға қарсы аса ауыр қылмыс түрін жасағандарды тұрғылықты мекен-жайы бойынша тиісті органдарда тіркелуге мәжбүрлейді. Оның үстіне, жергілікті билік бостандыққа шыққан әрбір педофил туралы мәліметті тұрғындарға жеткізіп отырады. «Педофил бостандыққа шықты» деген ақпарат лезде тарап, қоғамдық сақтық шаралары күшейеді. Бұл аздай, педофилдер электронды мониторингтен өтіп, электронды браслет тағуға міндеттеледі. Ең алғаш 1979 жылы енгізілген бұл жүйе өз нәтижесін оңтайлы көрсеткен. Қазіргі таңда педофилия үшін сотталып, бостандыққа шыққандарды 3000 шақырым жерге дейін бақылауға мүмкіндік бар. Аса ауыр қылмыс үшін сотталғандар еркіндікте жүріп, бала-бақша немесе мектепке жақындап қалса болғаны, полиция келіп, қолын бұрап, учаскеге алып кетеді. Тіпті, браслет тағынып тыйым салынған жерлерге барған қылмыскерлер мен оларды ұстайтын полиция қызметкерлері туралы реалити-шоулардың барын да көзіміз шалып қалған.
Мұның өзі, бір жағынан, халықты ақпараттандыру, полиция жұмысын көрсету болса, екінші жағынан, қылмыскердің рецидив жасамасы үшін оған сес көрсететін психологиялық қысым түрі. Технология дамыған сайын электронды бақылаудың да мүмкіндіктері көбейіп келеді. Жалпы, Америкада кәмелетке толмаған балалар баратын аурухана мен емханалар, мектептер мен балабақшалардың маңында педофилдерге қоныстануға мүлдем тыйым салынады. Оның үстіне, бұл қылмыскерлер үнемі полиция мен психологтар қызметінің жіті қадағалауында болады. Ал Бельгияда ата-аналар мен көршілер бақылауы жүйелі түрде жұмыс істейді. Ата-аналар ғаламторда кішкентай балалар ретінде тіркеліп, қандай да бір ересектің тарапынан кездесуге ұсыныс түссе, бірден полицияға хабарласып, қылмыскердің ұсталуына себепші болады.
Кәмелетке толмаған балаларға қарсы ауыр қылмыс жасағандарды өлім жазасына кесу тәжірибесі әлі күнге дейін әлемнің түкпір-түкпірінде жүзеге асып келеді. Сауд Арабиясы, Қытай, Иран, Ирак, Оңтүстік Корея, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елдерінде педофилия үшін бірден өлім жазасына кеседі. Африканың кейбір елдерінде кездесетін тірілей өртеу, дарға асу, т.б. жаза түрлерін қоғам да қолдайтын көрінеді.
Елімізде мұндай қылмыс түрі жыл өткен сайын азаюдың орнына көбейіп жатқанына алаңдаған ел азаматтары әлеуметтік желілерде педофилдерді өлім жазасына кесу қажеттігін белсенді түрде көтеріп жүр. Жақында Ақтауда 6 жасар баланың зорланып, қылмыскердің іздеуде жүргені туралы ақпарат қоғамда үлкен резонанс туғызып, өлім жазасы туралы қайтадан сөз таластыруға жол ашты. Ең қызығы, әлеуметтік желі қолданушыларының басым бөлігі балаларға қарсы айуандыққа барғандарды түрмеде 10-15 жылға дейін салық төлеп, «бағуға» дайын еместіктерін жеткізеді. Қоғамды алаңдатып отырған жайт, халықтың қарғысына ұшырап жатқандардың бұған дейін аз мерзімге сотталуы да боп тұр. Мұндай мәліметті Бас прокуратураның infopublic.pravstat.kz сілтемесінен байқауға болады. Ең көп педофилдер – Қарағандыда (27 қылмыскер) және Алматыда (14 қылмыскер) тіркелген. Одан кейін Ақтау, Шымкент, Қызылорда мен Павлодарда 6-8 қылмыскер бары көрсетілген. Бірі 5 жылға, бірі 9 жылға сотталса, енді бірі 2 жылға ғана бас бостандығынан айырылған. «Дәл осы қауіпті қылмыскерлердің өз айуандықтарын қайталамасы үшін 2018 жылды күтудің не қажеті бар» деген орынды сауал туындайды. Тіпті құқық қорғаушылар мен дәрігерлердің өзі бұл екпеден адамға ешқандай да зияны жоқтығын, химиялық кастрациядан кейін жыныстық белсенділіктің азаятынын жеткізіп, оны белгіленген мерзімде үнемі жасап отырудың маңызын алға тартады. Ем үзілген жағдайда баяғы белсенділік қаз-қалпына оралу мүмкіндігін Батыс сарапшылары да жоққа шығармайды. Бұл мәселеде адам құқын қорғаушылар даурықса да, бұл шарадан кейін қылмыскерге келетін зиян біреу-ақ екен: адамның бойында аздап гормондық өзгерістер болып, сәл тола бастауы мүмкін… Ал кәмелетке толмаған балаға зорлық-зомбылық көрсетіп, өмірінің астан-кестеңін шығарып, өмірбақи психологиялық дерт пен үрей-қорқынышқа душар еткен педофилдерге кей-де химиялық кастрацияның да аз көрінетінін психологтар да мойындайды.
Елімізде бұл қылмыстың азаймай тұрғанына қарағанда, АҚШ пен Еуропа, Қытай мен араб елдерінен алар үлгіміз әлі де жеткілікті. Әдетте, мұндай қылмысқа баратындар химиялық кастрацияға душар болып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылу мүмкіндігі мен түрмедегі азаптарды ойлап та көрмейді. Бұл арада ақпараттық салада қылмыстың орын алуы туралы ақпараттан гөрі, тағайындалған жаза, педофилдің түрмедегі өмірі, азап пен қасіреті көбірек көрсетілетін бағдарламалар аса қажет-ақ. Мұндай ақпараттық саладағы үгіт-насихаттық жұмыстар АҚШ пен Еуропа елдерінде сәтті жүзеге асады. Мәселен, Англия құрамасының футболисі Адам Джонсон 15 жасар қызбен қатынаста болғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Ағылшын клубы бірден арадағы келісімшартты үзсе, көп ұзамай әлемге әйгілі спорттық киімдерді өндіретін ірі компания да Джонсоннан теріс айналды. Ақпараттық тұрғыдан басқа да қылмыскерлерге сес көрсету үшін бе, әлде баспасөз рейтингін көтеру үшін бе, әйтеуір, Адам Джонсонның түрмедегі азаптары туралы жаңалықтар жан-жақтан тарай бастады. Сөйтсе, түрмеде отырған басқа қылмыскерлер «жас балаға қарсы қылмыс жасағаның үшін» деп, әйгілі футболшының денесін айуандықпен кесіп-тілгілеп тастаған. Бәлкім, Қазақстанда да ақпараттық тұрғыдан педофилияға қарсы бағдарламалар мен құқықтық түсіндіру жұмыстарын көбірек жүргізген дұрыс шығар. Түптеп келгенде, қоғам «бала зорланды» деген ақпараттың легінен шаршады, енді «педофил жазаланды» деп, түрмедегі өмірін, өкінішін басқаларға сес көрсету, сабақ болу үшін ашып көрсетуге болмас па еді?!