Астана әкімдігінің қолдауымен қаладағы БАҚ мамандары мен Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының өкілдері қатысқан дөңгелек үстел өтті. Шараны Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақ тілінде түрлі аудиторияға лайықталған сапалы контенттің жасалуы және проблемалары» атты дөңгелек үстел отырысында қаладағы мемлекеттік тіл мәселесі, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарда тіл тазалығын сақтау мәселесі талқыланды.
Осы отырыста сіздермен сұхбаттасайық, ортақ ойымызды білдірейік! Шешіліп жатқан және шешімін күтіп тұрған жұмыстардың оң шешімін табу мақсатында кездесіп отырмыз. Одан бөлек, қаланың ономастика мәселесін реттеу жайы, сыртқы жарнамалардағы тіл нормаларының сақталуы, қаладағы архив қорларын сақтау мәселелері бойынша қаламызда жұмыстар атқарылып жатыр, — деді Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев.
Дөңгелек үстел отырысында әкімдік басшылары мен журналистер қазақша контенттің сапасы, интернет ресурстардың ішінде алдыңғы орындағы сайттар, ақпараттық өнім ұсынушы басылымдар мен сайттар аудиторияның сұранысын қаншалықты қанағаттандыратыны туралы да пікір алмасты.