Қалай бала асырап алуға болады?

Заман өзгерді, адамдар бауырмалдықты ұмытпаса да, басқаның баласын бауырына басуды азайтты. Туған жеріне түрме салып көрмеген қазақтың әр қаласына бірден-екіден жетімдер үйі бой көтерді. Бұл еліміздегі адам санының өскенімен қатар көбейіп келе жатқан тағы бір кемшілігіміз. Оған қоса қайырымсыз әке мен көкек ананың көбеюі де көзі жасты, жазықсыз нәрестелердің санының артуына себеп болып келеді.

Дегенмен «біреуді Құдай қаңғыртады, біреу Құдайға қарамай өзі қаңғырады» дегендей, бір шыр еткен шаранаға зар болғандар да жоқ емес. Осындайда тас емшегін жібітер, тар құрсағын кеңітер бір перзентті аңсағандар жаңағы «жетімдер үйін» жағалайды.

Жақынының, туыс-бауырының баласын меншіктеп, өзіне бәсірелеп алатиындар да жоқ емес. Бірақ «тонды баладан» дәмелілер заңды тұрғыда көп жетімнен көңілі қалағанын асырап алуға мүмкіндігі бар.

Біздің елімізде сонау нарықтық кезеңнен бастап шет елдік азаматтардың бала асырап алуы жиі кездесетін. Олар асырап алған балаларын әрине өз елдеріне алып кетері анық. Ал сәбидің ол жақтағы өмірі қалай өтеді, қандай тәрбие көретіні туралы бізге там-тұмдап қана ақпарат жеткені болмаса, толықтай мәлмет жоқ.

Еліміз азаматтары арасында да бірлеп-екілеп бала асырап алу деректері тіркеледі. Дегенмен қазақы болмысқа, ұлттық ерекшелікке байланысты көп жағдайда жасырын болғаны абзал. Егер оны білмесе қазақ: «Өзіңнен тумай – ұл болмас, сатып алмай – құл болмас» деген сөзді бекер айтпасы анық.

Сонымен, Қазақстан аумағында бала асырап алудың үш түрлі жолы бар.

Әуелгісі патронаттық. Бұл – баланы отбасыға тәрбиелеу үшін ғана беру. Ол бала бұл отбасының баласы болмайды. Белгілі бір жасқа жеткенше бала осы отбасынан тәрбие алады. Бар болғаны сол. Екінші бір түрі қамқоршы болу. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға уақытша қамқорлық жасау. Ал соңғысы – баланы басы бүтін асырап алу. Бұл – арнайы соттың шешімімен жүзеге асады. Және бала асырап алушы отбасының барлық мүмкіндігі қаралып, олардың ата-ана болуға қабілеттері жететін, жетпейтіндігі анықталады. Соның негізінде бала осы отбасының бір мүшесі, әрі осы әулеттің тегін иеленуші ретінде тіркеледі.

Біз осы соңғы, үшінші тармағы бойынша бала асырап алу жөнінде сөз етіп көрсек.

Егер сіз отбасыңызбен, әулетіңізбен келісе отырып бала асырап алуды жоспарлаған болсаңыз алдымен өзіңіздің тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша жетім балаларға қамқорлық жасау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органға бала асырап алу ниетіңіздің бар екендігін білдіріп жазбаша өтініш бересіз. Және ол өтінішпен бірге төмендегідей 7 түрлі құжатты қоса жолдайсыз:

  1. Жеке басыңызды куәландыратын құжаттың көшірмесі;
  2. Жақын туыстарыңыздың Сіздің бала асырап алам деген шешіміңізге келіскен жазбаша келісімі (Бұл ешқандай зорлықпен емес, туыстарыңыздың өз еркімен жазылған болуы керек);
  3. Жалпы табысыңыз туралы анықтама (жұмыс орнынан еңбекақысы туралы анықтама, бірге тұратын отбасы мүшелерінің кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін және басқа да табыстар туралы анықтама);
  4. Отбасы жағдайыңыз туралы анықтама (Отбасылы (неке куәлігі), ажырасқан (ажырасқандығы туралы анықтама), балалардың туу туралы куәлігінің көшірмелері (балалар болған жағдайда));
  5. Кодекстің 91-бабының 1-бөлімінің 6) тармақшасына сәйкес науқастығының жоқтығын растайтын денсаулық туралы анықтама, сондай-ақ «Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген нысан бойынша наркологиялық және психиатриялық диспансерлерде есепте тұрғандығы туралы мәліметтердің жоқтығы туралы анықтама;
  6. Қылмыс жасамағаныңыз туралы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің есебінде тұрғаныңыз жөнінде мәліметтің болуы немесе болмауы туралы анықтама;
  7. Тұрғын үйге меншік құқығын немесе тұрғын үйді пайдалану құқығын растайтын құжаттың көшірмесі.

Міне, осы құжаттарды өзіңіздің бала асырап алу туралы өтінішіңізбен бірге арнайы орынға табыс етуіңіз керек. Мұнан соң сіздің өтінішіңіз қаралып, өтініш берген күнен бастап 15 күннің ішінде сізге жауап береді. Ескерте кететін бір жайт, бала асырап алу тек қана соттың шешімімен жүзеге асырылады. Сондықтан, өз бетіңізше, кез келген біреумен келісім арқылы бала асырап алуға ұмтылудың қажеті жоқ. Және сіз асырап алған баланың денсаулығы, өмір сүру үрдісі, білімі, тәрбиесі жөнінде жылына бір рет өзіңіз бала асырап алған мекемеге ақпарат беріп отыруға міндеттісіз. Бұл бала 18 жасқа толғанға дейін жалғасады.

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан төленетін арнайы жәрдемақылар бар. Бұл жәрдемақылар жоғарыда атап өткен үш түрлі бала асырап алу бойынша алғашқы екеуіне 18 жасқа толғанша беріліп отырады. Яғни, патронаттық және уақытша қамқорлық бойынша сіз асырап алған бала 18-ге толғанша белгілі дәрежеде мемлекет тарапынан төленіп отыратын қаражат бар.

Ал ешкім асырап алмаған, жетім балалар үйінде тәрбиеленген балаға бұл қаржы қашан ЖОО бітіргенше төленіп отырады. Және университеке оқуға тапсырғанда да ата-анасы бірдей жоқ балаларға 320 қаулы бойынша жеңілдіктер қарастырылған.

Осы ретте мынадай бір мәселе туындайтынын еске салғымыз келеді. Ата-анасы жоқ баланы толық асырап алудан басқа біз атап өткен екі жолмен уақытша ғана қамқорлыққа алып, мемлекет аударатын қаржысын пайдаланып, артынан баланың тағдырына еш алаңдамастан тастап кететіндер кездеседі. Бұл заң алдында жауап беретін әрекет екенін ескерместен, осындай қатыгездікке баратын адамдар да бар екенін айтқымыз келеді.

Соынмен қатар, көп жағдайда «жетімдер үйінде» тәрбиеленетін балалардың мемлекет қарауынан кейінгі, яғни 18 жасқа толғаннан кейінгі өмірі белгісіз. Оны назарға алып, олардың болашақ өмірге бейімделуі қалай, немен айналысып жүр деген секілді мәселелер көп адамдарды алаңдатпайды.

ДереккөзБАҚ