«Қазақстан Олимпиада ойындарында алтын медаль алған спортшыға 250 мың доллар, күміске 150 мың доллар, қола медаль алған спортшыға 75 мың доллар сыйақы тағайындады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 3 шілдедегі № 228-V ҚР заңына сәйкес Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлеріне жергілікті әкімдік тарапынан пәтер беріледі. Тиісінше, чемпионға үш бөлмелі пәтер, күміс медальға екі бөлмелі, қола жүлде алған спортшыға бір бөлмелі пәтер беріледі», – дейді Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Серік Жарасбаев.
Одан бөлек, 4-ші, 5-ші, 6-шы орын алған спортшыларға да сыйақы беріледі. Мысалы 4-ші орынға 30 мың, 5-ші орынға 10 мың, 6-шы орынға 5 мың доллар беріледі. Одан бөлек спортшының жеке бапкері мен ұлттық құрама бапкері тағы бар.
Қазақстан Рио Олимпиадасында 17 медаль жеңіп алды. Оның 3-еуі алтын, 5-еуі күміс, 9-ы қола жүлде. Сондай-ақ 4-ші алған екі, 5-ші орынға ие болған алты спортшымыз бар.
Нәтижесінде Қазақстан Республикасының үкіметі бюджеттен спортшылар мен бапкерлерге 4 млн 590 мың доллар (1 млрд 551 млн 420 мың теңге) жұмсайтын болады.
Ақшалай сыйақы қазіргі доллар курсымен беріледі. Сондай-ақ спортшы қай облыстың атынан қатысты сол аймақтың жергілікті басқарушы органы пәтер береді. Пәтерге тек Олимпиада ойындарының жеңімпаздары ғана емес, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері де қол жеткізе алады.
Айта кетейік, Қазақстан Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына сыйақы беру мөлшерінің көлемі жағынан әлемде үшінші орында тұр. Біздің елдің алдында тек Әзірбайжан (510 мың доллар) мен Таиланд (314 мың доллар) қана бар.
Қазақстандық жүлдегерлер тізімі келесідегідей:
Ниджат Рахимов, ауыр атлетика — 250 мың доллар;
Дмитрий Баландин, жүзі — 250 мың доллар;
Данияр Елеусінов, бокс — 250 мың доллар;
Елдос Сметов, дзюдо — 150 мың доллар;
Жазира Жаппарқұл, ауыр атлетика — 150 мың доллар;
Василий Левит, бокс — 150+100=250 мың доллар;
Әділбек Ниязымбетов, бокс — 150 мың доллар;
Гюзель Манюрова, әйелдер күресі — 150 мың доллар;
Галбадрах Отгонцэцэг, дзюдо — 75 мың доллар;
Фархад Харки, ауыр атлетика — 75 мың доллар;
Карина Горичева, ауыр атлетика — 75 мың доллар;
Ольга Рыпакова, жеңіл атлетика — 75 мың доллар;
Александр Зайчиков, ауыр атлетика — 75 мың доллар;
Эльмира Сыздықова, әйелдер күресі — 75 мың доллар;
Екатерина Ларионова, әйелдер күресі — 75 мың доллар;
Иван Дычко, бокс — 75 мың доллар;
Дариға Шәкімова, бокс — 75 мың доллар