Басты бетЖаңалықтарАлматыда Рухани...

Алматыда Рухани келісім күні аталып өтті

Алматыда қалалық дін істері жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен Рухани келісім күніне арналған салтанатты шара өтті.

Дін басқармасының мақсаты — Қазақстан халқын дәстүрлі адамгершілік құндылықтары төңірегінде топтастыру, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі саналатын толеранттылық және рухани келісім идеяларын насихаттау.

Шараға қоғам қайраткерлері, Алматы мәслихатының депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, діни конфессиялар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және студенттер қатысты.

Жақында ғана Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне қатысқан Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков салтанатты шараның модераторы қызметін атқарып, съезд туралы айтты.

Айдар Есенбеков
Айдар Есенбеков. Фото: «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі

Еліміз көпэтносты, көпконфессиялы мемлекет болғандықтан келісім мәселесіне ерекше көңіл бөлуіміз керек. Біздегі төзімділік пен тұрақтылықтың арқасында шетел инвесторларының көзіне түсіп, елімізде  шетелдік кеңселердің көбеюіне жол аштық. Жақында Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндердің съезі де біздің ұстанымымыздың берік екенін дәлелдеді. Съезге әлемнің көптеген елінен әртүрлі конфессия өкілі келіп, Қазақстанның әлемдегі дінаралық келісімге қосқан үлесін айтып, мойындады, — деді Айдар Есенбеков.

Басқарма басшысы діни ахуалға қатысты көптеген қайшылықты мәселенің шешімі ел азаматтарының осы рухани сенім бойынша келісімге келуінде екенін түсіндірді.

Өкінішке қарай, әлем этностық және діни дау-дамайларға негізделген қауіп-қатерге толы. Рухани азғындық, діннің атын деструктив бағытта пайдалану, ұлтшылдық секілді кері құбылыстар болып жатыр. Сондықтан да рухани келісімді насихаттау бірінші кезектегі міндетке айналып отыр, — деді ол.

Айдар Есенбековтің айтуынша, Алматыда 179 діни бірлестік тіркеліп, 120-дан аса этнос пен 18 конфессия өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Барлығы заң аясында жұмыс істейді. Соның дәлелі ретінде 2 жыл бұрын Алматыдағы діни конфессия жетекшілерінің клубы құрылып, табысты қызмет етіп жатқанын айтуға болады.

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының әлеуметтік жобаларын іске асырушы «Адырна» бірлестігінің басшысы Арман Әубәкірдің айтуынша, қоғамда рухани келісім болуы үшін азаматтар зайырлылық ұғымын түсініп алуы керек.

Рухани келісім күні әртүрлі ұлттың, діннің бірлігі ретінде бір-біріне құрметпен қарау, шек келтірмеу мақсатында аталып өтеді. Зайырлылық ұғымының үлкен мәні бар. Зайырлы адам ешкімді дініне қарай алаламайды, өзімен тең дәрежеде қарым-қатынас жасайды. Қазіргі мәселеге айналған радикал түсініктегі адамдар өзі сенетін адамдарды ғана жоғары бағалап, өзге сенімдегілерді төмен санайды, — дейді «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігінің директоры Арман Әубәкір.

Қазақстанда рухани келісімнің тұрақтылығына үлесін қосқан азаматтар арнайы мақтау қағазымен марапатталып, ескерткіш сыйлыққа ие болды.

Олардың арасында Алматы мәслихатының депутаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Рухани Жаңғыру» орталығының ғылыми жетекшісі Кенжехан Матыжанов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Достық» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігінің төрайымы Асылы Осман, «Ирныхас» осетин мәдени және білім беру орталығының төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Қазбек Мамсуров және басқалар бар.

матыжанов
Кенжехан Матыжанов. Фото: «Адырна» ұлттық этнографиялық бірлестігі

Кез келген уақытта адам мен адамның, мемлекет пен мемлекеттің, әртүрлі діннің арасында келісім болмаса, бейбіт өмір сақталмайды. Бұл күн, меніңше, рухани келісім емес, діни наным-сенім күні деп есептеледі. Адам бойындағы сенімдердің ішінде ең қымбаты — осы діни сенім. Қазір әлемде болып жатқан проблемалардың бірі осы діни наным-сенімнің біртұтас болмауынан. Қай жер болса да, адамдардың сенім бостандығы ауадай қажет, — деді Алматы мәслихатының депутаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Рухани Жаңғыру» орталығының ғылыми жетекшісі Кенжехан Матыжанов.

Шараға жиналған азаматтар татулықтың белгісі ретінде 15 қайың, 10 шырша ағашын отырғызды.