Ақын Әбдірахман Асылбеков өмірден өтті

Ақын Әбдірахман Асылбеков өмірден өтті. Бұл туралы ақын Қалқаман Сарин Facebook-тегі парақшасында жазды.

Ақын Әбдірахман Асылбеков ағамыз бақилық болыпты. Алла Тағала қазаның артын қайырлы етіп, марқұмды өз рақымына бөлесін! — деп жазды Қалқаман Сарин.

Әбдрахман Асылбеков 1938 жылдың 1 мамырында Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауданында дүниеге келген. «Қазақстан: Ұлттық энциклопедиясының» мәліметінше, Қазақ педагогика институтын тәмамдағаннан кейін ақын мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болды. Ұзақ жыл қазақ баспасөзінде және радиосында қызмет етті.

Қазақ КСР Министрлер кеңесінің Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Жазушы», «Жалын» баспаларында, Қазақстан  Жазушылар одағындағы көркем әдебиетті насихаттау бюросында, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық бөлімшесінде, республикалық «Әділет», «Мәдениет», «Заң», «Көзқарас» газеттерінде қызмет атқарды. «Заңгер» журналында бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, ҚР Бас Прокуратурасының «Құқықтық Қазақстан» газетінің бас редакторы болған. Әбдірахман Асылбеков — ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мәдениет саласының үздігі, «Үздік балалар ақыны» атағының иегері.

1955 жылы «Бейбітшілік бақшасы», «Жауды аяған жаралы» сияқты тырнақалды шығармалары басылған. Балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрді. 30-дан астам жыр кітабының авторы. Лирика, ән мәтіндерін жазып, сатира және аударма жанрларымен де айналысты. Поэзия байқауларының жеңімпазы.

Әбдірахман Асылбековтің сөзіне жазылған көп ән қазақ эстрадасы жұлдыздарының репертуарында.