Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Мемлекет басшысының мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін түбегейлі арттыру жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы айтты. Мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру Президент Жолдауында айтылған еді.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мемлекеттік орган қызметкерлеріне жалақы төлеудің фактор-балл шкаласына көшу — аса маңызды реформа.
Мұның астарында қарапайым идея жатыр. Барлық реформаны адамдар іске асырады. Біз мұны жақсы түсінеміз, әрі басшылық етуді жақсы білеміз. Егер бізде жергілікті жерлер мен орталықта кәсіби, адал, мемлекеттік ауқымда ойлай алатын шенеуніктер болмаса, реформа қаншалықты әдемі жазылып, ұсынылған болса да, ол дұрыс іске асырылмайды, сондықтан адамдар оның әсерін сезінбейді, — деді министр.
Биыл төрт мемлекеттік органда пилоттық режимде жалақы төлеудің жаңа моделі енгізілді. Барлық пилоттық жоба жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары.
Тиімсіз шығындарды оңтайландыру және басшылық құрамын қысқарту есебінен төменгі және орта буындағы қызметкерлердің жалақысы 2-2,5 есе өсті. Кадрлардың жұмыстан кетуі 2 есе қысқарды. Беделді жоғары оқу орындарын бітірген түлектерді қоса алғанда, біліктілігі жоғары кадрлардың жеке сектордан келуі 3 есе артты.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде орталық аппаратқа арналған конкурс бір орынға 28 адамға дейін, ал өңірлік құрылымдарда бір орынға 60 адамға дейін өсті. Маңғыстау облысының әкімдігіндегі бір бос орынға енді 16 адам, ал Әділет министрлігінде орта есеппен 13 адам үміткер болып отыр. Қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік орган жаңа модельге көшуді қалап отыр.
Фактор-балл шкаласы дегеніміз — әкімдіктер мен министрліктер қызметкерлерінің жалақысын нарықтағы орташа жалақыға, саладағы орташа мәндерге шамаластыру.
Бүгінде әкімдікте жоспарлаушы экономист және жекеменшік кәсіпорында сондай жоспарлаушы жұмыс істесе, кәсіпорындағысы 120 мың теңге алса, әкімдіктегісі 60 мың теңге алатын болса, біз әкімдікте жақсы кадрларды кездестірмейтін боламыз, тек қалған адамдар қалып отырады, яғни мемлекеттік саясатты іске асыратын кадрлар қажет, — деді Тимур Сүлейменов.
Осыған байланысты мемлекеттік органдар үш негізгі бағыт: негізгі, аралық және қосымша блоктар бойынша бөлінеді. Негізгі жүктемені алған, мемлекеттік саясатты іске асыруы тиіс департаменттер мен басқармалар көбірек алу құқына ие болады.
Қазір бізде белгілі дәрежеде теңгерімдік бар. Егер мен департамент директоры болсам, алдын ала анықталған тарифтік кесте бойынша бірдей қаражат аламын. Сонымен қатар қосымша мәселелерді шешумен де айналыса аламын: жалақыны есептеу және тағы басқа. Департаменттің басқа директоры министрліктің фронт-кеңсесі болады, — деді министр.
Тимур Сүлейменов Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арқасында үлкен талдау жүргізілгенін атап өтті. Санаттар мен факторлар және ұпайлар беріліп, осылайша, еңбекақы төлеу кезінде ынталандыру принципі қолданылмақ. Ең көп жұмыс істеген адам жоғарғы жалақы алуға құқылы. Бүгінгі таңда жоба пилоттық режимде екі әкімдік пен екі мемлекеттік органда жүзеге асырылып жатыр. Нәтиже оң болса, басқа мемлекеттік органдар да осы жүйемен жұмыс істейді.