Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасының президенті Саули Ниинистёмен кездесті.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, ресми кездесу рәсімінен кейін мемлекет басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді. Қазақстан басшысы Финляндия Республикасының президентіне дәстүрлі қонақжайлығы үшін ризашылық білдіріп, екі елдің өңірлік және халықаралық мәселелерді қарастырудағы ұстанымдары мен тәсілдері бірдей екенін айтты.
Финляндия мен Қазақстан — сенімді серіктес ретінде танылған мемлекеттер. Сіздің елде жақында ғана өткен АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей Федерациясының президенті Путиннің маңызды кездесуі — соның жарқын мысалы. Қазақстанда да осындай іс-шаралар, соның ішінде Сирия шиеленісін реттеу жөніндегі келіссөздер өткізіліп келеді. Бізде әртүрлі мәселе талқыланады. Мұның бәрі мемлекеттеріміздің барлық елмен жақсы қарым-қатынас ұстанып отырғанының арқасында болып отыр. Біздің елдеріміз көрші мемлекеттермен шиеленіске ұрынған емес, — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Суоми елінің Қазақстанның Солтүстік Еуропадағы сауда-экономикалық және инвестициялық маңызды серіктесі саналатынын және Финляндияның Орталық Азия елдерімен тауар айналымының 90%-ы біздің елімізге тиесілі екенін айтты.
Елдеріміздің ықпалдастықты одан әрі тереңдету үшін әлеуеті зор. Сондықтан үкіметаралық комиссия отырысы аясында энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және білім салалары бойынша құрылған жұмыс топтарының қызметін жандандырып, нақты жобаларды талқылауға кірісу қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Финляндияның бизнес өкілдерімен өткен кездесудің қорытындыларына арнайы тоқталып, бизнес-форум барысында қол қойылған құжаттардың маңызы туралы айтты.
Біз ынтымақтастығымызды тереңдетуге мүмкіндік беретін мүлде жаңа жобаларды қолға алуға уағдаластық. Қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру ісіне бақылау жүргізуді үкіметтерімізге тапсыруды ұсынамын, — деді Қазақстан Президенті.
Финляндия Республикасының президенті Мемлекет басшысына ілтипат білдіріп, соңғы екіжақты кездесу Астанада табысты өткен EXPO-2017 халықаралық көрмесі кезінде болғанын атап көрсетті.
Содан бері біздің екіжақты сауда-экономикалық қатынастарымыз едәуір ілгеріледі. Сіздің бүгінгі сапарыңыз оның әрі қарай тереңдеуіне септігін тигізеді деп сенемін. Әлемде болып жатқан оқиғаларға қатысты пікіріңіз мен үшін әрқашан да қызықты. Бүгінде салмақты пікірлер мен терең пайым-парасат өте қажет, — деді Саули Ниинистё.
Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы, «жасыл» қаржы, энергетика, ғылым және білім, мәдени-гуманитарлық байланыстар салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін де талқылады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндияға ресми сапарының қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:
- Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі мен Финляндия Республикасының Экономикалық мәселелер және жұмыспен қамту министрлігі және Финляндия Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі арасындағы Энергия және «жасыл» экономика саласындағы стратегиялық серіктестік жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
- Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі мен Финляндия Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.