Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Финляндияға ресми сапармен барды. Хельсинкиге келгеннен кейін ол Nokia Corporation компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесті.
Мемлекет басшысы Nokia бренді әлемге телекоммуникация саласындағы жетістіктерімен кеңінен белгілі екенін және Қазақстанда бұл компания сенімді серіктес ретінде танылғанын айтты.
Nokia компаниясы 2007 жылдан бастап біздің елмен ынтымақтастық орнатып келеді. Бүгінде компанияның тауар айналымы 20 миллиард АҚШ долларына жетті, — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев компания басшысына Қазақстанның өндіріс үдерісіне автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект әдістерін енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру міндетін қойып отырғанын айтып, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
Ристо Сииласмаа Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдіріп, қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық орнатуға зор қызығушылық танытты.
Сіз дүниежүзіне өте танымалсыз әрі мемлекеттер басшыларының арасында технологиялық дамудың маңызын түсінесіз. Цифрлық технологияларға зор мән беретініңізді білемін, – деді Ристо Сииласмаа.
Кездесу соңында тараптар байланыстың жаңа технологияларын, соның ішінде экономика салаларын цифрландыру және инновациялық экожүйені дамыту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру барысында 5G стандартын енгізу мәселелерін талқылады.
Бұдан соң Қазақстан басшысы Финляндия Республикасының бизнес өкілдерімен кездесті.
Тәуелсіздік жылдары Финляндия Қазақстанға 300 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазақстанда финн капиталының қатысуымен түрлі салада 100-ге жуық кәсіпорын тіркелген, — деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, бүгінгі кездесудің мақсаты экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін атап өтті.
Инвесторлармен және бизнес өкілдерімен өзара тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатымен Kazakh Invest және KazakhExport ұлттық компаниялары құрылды. Президент жанында Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия, азық-түлік өндіру сияқты басым бағыттағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында корпоративтік, жер және мүлік салықтарынан босату қарастырылған, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және келісімшарттар жасасу тәртібі жеңілдетілген. Сонымен бірге шетелден жұмыс күшін тарту ісі квотасыз әрі рұқсат алусыз жүргізіледі, — деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жиынға қатысып отырған бизнесмендерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жекешелендіру жөнінде және бұл іске шетелден, соның ішінде финн инвесторларынан сұраныс бар екенін айтты.
Біз Финляндия — Қытай бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа темір жол ашқанымызға қуаныштымыз. Енді бұл бағыт бойынша және кері қарай контейнерлік тасымал уақыты теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарды, — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, финн компанияларын агроөндіріс кешеніндегі жобаларды іске асыру үшін белсенді атсалысуға шақырды.
Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технология мен инновацияны енгізуге бет алды. «Цифрлық Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Финн компанияларының осы саладағы тәжірибесін ескере отырып, бұл біздің ынтымақтастығымыз үшін перспективалы алаң бола алар еді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары және соның жанынан ашылған жоғары технологиялық биржа жөнінде де айтып, осы жобаны жүзеге асыруға Шанхай қор биржасы мен NASDAQ америкалық биржасының атсалысқанын атап өтті.
«Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Финн компанияларын осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын, — деді Қазақстан Президенті.
Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев финн кәсіпкерлері екі ел арасындағы бизнесті дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту үшін Қазақстанда жасалып отырған барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынына сенім білдірді.