Бұл күн тағам фестивалі сияқты тойланбайды. Азық-түлік күнінің негізгі мақсаты — әлемдегі аштық деңгейін төмендету, кедейлік пен аштық мәселелеріне назар аударту. Ұйымның 2018 жылғы «Халықаралық азық-түлік қауіпсіздігі мен тамақтану жағдайы» есебіне сәйкес, әлемде әрбір 9-адам (820 миллион) жүйелі түрде тамақтана алмайды. Миллиондаған адам аштықтан зардап шегіп жатса, 672 миллион адам семіру, 1,3 миллиард адам артық салмақ дертіне шалдыққан.

Жылына шамамен 1,3 миллиард тонна азық қоқысқа тасталады

Жоғарыда аталып өткен мәселенің шешімі ретінде FAO ұйымы кәсіпкерлерді, мемлекет үкіметі өкілдерін, фермерлер немесе кез келген өзгеріс жасауға дайын адамды #ZeroHunger (нөлдік аштық немесе аштықсыз өмір) үшін әрекет етуге шақырады. Әрекеттің ең негізгі қадамдары ретінде осы идеяны насихаттау, ресурстарды ұтымды пайдаланып, шектеулі шикізатпен көбірек өнім өндіру, дұрыс тамақтану және тамақ қалдығын азайтуды ұсынады. Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметінше, әлемде жылына азық-түліктің үштен бірі, яғни шамамен 1,3 миллиард тоннасы қоқысқа тасталады. Дамыған елдерде жылына 680 миллиард АҚШ долларының, ал дамушы елдерде 310 миллиард доллардың азығы қоқысқа тасталады. Осыған орай, біз Қазақстанда тамақ индустриясымен айналысып жүрген кәсіпкерлермен сөйлесіп, олардың қалай кәсіп ашқанын және тамақ қалдығы мәселесіне қаншалықты көңіл бөлетінін анықтауға тырыстық.

Румейса Келебек, MOONPASTRY үй кондитерлігінің негізін қалаушы

Румейса колледжде IT мамандығы бойынша оқиды. Жеке кәсібін ашқанына көп уақыт болмаса да, Баян Алагөзованың ата-анасының алтын тойына екі қабатты мерекелік торт дайындап үлгерген.

Румейса Келебек
Румейса Келебек. Фото жеке мұрағаттан

Бизнесті қалай бастады?

Кондитер өнімдерін жасап, сатумен айналысамын. Торт, капкейк, печенье және тағы басқа өнімдер пісіремін. Сәуір айында алғашқы шеберлік сыныбыма барып, мамыр айында бірден шағын наубайханамды аштым. Одан кейін тағы үш шеберлік сыныбына қатыстым. Бұл кәсіпті ашуыма тәтті пісіруге деген ынтам себеп болды. Алғашында мұны хобби үшін ашқан едім. Қазір бұл кәсіпті негізгі жұмысыма айналдырдым.

Румейса Келебек
Фото жеке мұрағаттан

Негізі Қазақстанда тәтті пісіру кәсібімен көп адам айналысады, әр адамның өз рецептілері мен дәмді пісіру әдіс-тәсілдері бар. Сондықтан елімізде көп жасала бермейтін ерекше тәттілер әзірлеу арқылы ерекшеленуге тырысып жүрмін. Мысалы, чизкейкті әдеттегідей шоколад немесе құлпынай қосылған қылып емес, лаванда дәмімен жасаймын, қызыл барқыт тортының чизкейк түрін, көлденең емес, тігінен тұратын «Шоколад-шие» тортын, профитрольмен жапон бисквиті және тағы көптеген үйреншікті тәттіге ерекше бір дәм беруге тырысамын.

Әзірге өзім ғана, үйде жұмыс істеймін, айына шамамен бес-жеті тапсырыс қабылдаймын. Уақыт өте келе тапсырыс санын арттырып келемін. Айлық табысым тапсырыстың түріне қарай өзгереді. 1 кг тортты 5000 теңгеге жасаймын, 1 торт 1-2 кг-ға шығады. Шамамен 50 мыңдай табыс табамын. Мерекелер белгілі даталарда ғана болғанымен туған күн әр адамда әртүрлі уақытта болады ғой. Сондықтан кейде маңызды күндерге орай үлкен тапсырыстар кездеседі. Тұрақты клиенттерің қалыптасқаннан кейін тапсырыстың болмауы деген қиындық жиі кездеспес деп ойламаймын. Жуырда студия ашып, адам жинап, шеберлік сыныбын өткізу ойымда бар.

Румейса Келебек
Фото жеке мұрағаттан

Тамақ қалдығымен күрес

No waste философиясын қолдаймын. Бірақ тәттілер пісіру кәсібінде бұл үлкен мәселе деп ойламаймын. Үйде пісірілген торт немесе басқа тәтті тағам дүкендегі өніммен салыстырғанда көбіне дәмді әрі майдың дәмі жоқ болып шығады. Әдетте тапсырыс берушілер бірде-бір артық тілім қалмағанын айтып жатады. Торт артылса да, ол 1-1,5 күндей тоңазытқышта тұра алады, ертеңіне де дәмін жоғалтпайды: еш алаңсыз жей беруге болады. Бірақ үлкен мерекелерге 2-3 қабатты торттар пісірілгенде қалдық көп қалады. Олардың сырты мастикамен қапталып жасалады: ол жеуге жарамды болғанымен көп желінбейді. Торттың үстіне қойылатын фигуралар да мастикадан жасалады, оны балалар ермек үшін басында шұқылап, дәмін татып көруі мүмкін, бірақ олар да көп желінбейді.

Шикі қамыр немесе басқа нәрселерді алдын ала даярлап қоймаймын. Тапсырысқа қарай бір-екі күн бұрын қамыр пісіремін. Оны кейін балғындығын жоғалтпас үшін тоңазытқышқа саламын. Қалдық қалдырмауға тырысамын. Торт жасау үшін бисквит қолданамын, әдетте крем де артылып қалады: үйдегілер бұл қалдықтарды шаймен жеп қояды. 

Әділет Маханбетәли, Бексұлтан Әмірбек, ABIDEX қоғамдық тамақтану орнын құрушылар

Бексұлтан мен Әділет бір мектепте оқыған. Бизнес ашуды жазда жоспарлап, күзде бастаған, яғни қазіргі кәсіптерімен айналысқанына бір ай толды. Бексұлтан — «идея  генераторы», ал Әділет көбіне қаржылық жағына жауап береді.

Әділет Маханбетәли
Әділет Маханбетәли. Фото жеке мұрағаттан

Бизнесті қалай бастады?

Біз сэндвич жасап сату кәсібімен айналысамыз. Ерекшелігіміз — адамдар өз сэндвичінің құрамын өзі таңдайды. Мәзірімізде сэндвичтің алты түрі бар. Сэндвичтің түріне қарай бағасы да өзгереді. Рецептілерін өзіміз жаз бойы ақылдаса отырып жасадық. Кәсібімізді Астанада бастадық.

Қазір бізді қосқанда алты адам болып жұмыс істейміз. Отырып тамақ жеуге арналған 20 адамдық залымыз бар. Кәсіпті ашуға 600 мың теңгедей ақша жұмсадық. Ашылуына көп адам шақырып, бір күнде 140 мың теңгеге сэндвич саттық. Қазір, әрине, көп адам келе бермейді. Бірақ шамамен 10-20 сэндвичтей сатылады. Сэндвич түріне қарай бағасы өзгергендіктен, күнделікті табысымызды нақты айта алмаймыз. Ал қыркүйектің табысы 400 мың теңгедей болды.

сэндвич
ABIDEX сэндвичтері. Фото жеке мұрағаттан

Тамақ қалдығымен күрес

Қажет азық-түлікті ай сайын алып отырамыз. Мысалы, кофтемен жасалынатын сэндвич үшін айына 15 кг фарш аламыз. Көкөністерді бір аптаға дайындап кесіп қоямыз, олар арнайы тоңазытқышта 1-2 аптадай тұра алады. Сэндвич тапсырыс берілген соң әзірленеді, сондықтан оларды ертерек дайындап қоймаймыз. Сатуды жоспарлаған сэндвич санына сай мөлшердегі көкөністі күнделікті тоңазытқыштан шығарамыз, кейде артылып қалады, оларды қайтадан салып тағы екі күндей қолдануға болады. Сондықтан көп қалдық тастаймыз деп айта алмаймыз. Иә, кейде артылған сэндвичтер болады, оларды өзіміз жейміз немесе негізгі бағасымен сол күні сатып жібереміз.

 Бексұлтан Әмірбек
Бексұлтан Әмірбек. Фото жеке мұрағаттан

Кейде адамдар сэндвичтерін толық бітірмейді, ол ұнатпағандықтан емес, әрине. Сэндвичтеріміз тойымды, сол себепті кейбіреулер бітіре алмай кетеді. Олар қоқысқа тасталады, біз біреудің жеп бастаған тамағын ештеңе істей алмаймыз. Клиент тамағын алып кетуді сұраса, біз орап, салып береміз.

Материалды дайындаған Ясемин Озер,

СДУ журналистика мектебінің студенті