Салтан Сайранұлы: Қазақтың айнасы болсақ дейміз
Анимациялық студия құру идеясы қайдан келді?
Қазір отбасында кемінде екі адам жұмыс істемесе, күн көру қиын. Сондықтан таңның атысы, кештің батысына қарамай ата-аналардың көбі жұмыс істеуге мәжбүр. Тіпті, түнде балалары ұйықтап жатқанда үйге келіп, оянбастан жұмыстарына қайта кететін ата-аналар да бар. Мұндай тұрмыстық шарттарда баланың тәрбиесі жайына қалып қойып жатқаны жасырын емес. Бүгінде көп ата-ана балаларының не көріп, не қойып жатқандарынан хабарсыз. Әйтеуір «балам жыламасын» деп аузына емізік, қолына телефон бере салады. Балаларын шетелдің киносы мен мультфильмі тәрбиеліп жатқан талай отбасыны көрдік. Бұл өнімдердің дінін айтпағанның өзінде, тілі де, ділі де бізге бес қайнаса, сорпасы қосылмайды. Көптеген отбасы бар әке-шешесі қазақша сөйлесе де, балалары бір ауыз қазақша білмейді. Себебі олардың бүгінгі «анасы» — өзге елдің мультфильмдері. Неге біз қазақ тілін «ана тілі» деп айтамыз. Өйткені баланың жанында ең көп болатын, онымен ең көп сөйлесетін анасы болғандықтан оның тілі сол анасының тілінде шығады. Ал осы күні балаларымыздың жанынан анасынан гөрі теледидарымыз бен смартфондарымыз жиі табылады. Сол себептен смартфон тілі балаларымыздың ана тіліне айналып жатыр. Бұл тіл мәселесі ғана, ал тәрбие мәселесі — өз алдына үлкен бір тақырып. Мультфильмдер — өте күшті тәрбие құралы. Орыстың Машасы талай бүлдіршіндерімізді тентек қылып жібергені жасырын емес. Міне, осындай мәселелер өзекті өртеген соң бұл салаға бет бұрдық. Адам бетіне жағылған күйені айнаға қарағанда ғана байқайды ғой. Біз де анимация арқылы қазақтың айнасы болайық дедік. Шәкәрім Құдайбердіұлы да өзінің өлең-жырлары арқылы қазақтың айнасы боламын деп, осы атпен кітап да басып шықты емес пе?.. Сол сияқты біз де қоғамның айнасы болып, бүгінгі адамдардың бет-бейнесін көрсетейік, мұны көрген халық ой түйіп, кемшілігін түзеуге тырыссын дедік. Өніміміз де өтімді болсын деп арасына әзіл де қосамыз. Аллаға шүкір, бұл ойымыз сәтті шығып жатыр. Көп халық түсірген мультфильмдерімізден өзін танып, бір-бірімен бөлісіп жатыр. Ендігі арманымыз — тек көріп қана қоймай, кемшіліктерін де түзеуге тырысса дейміз.
Неге Saf Media?
Негізінен анимациялық студия ашу идеясы көптен бері ойымызда жүрген еді. Мамандығым – журналист. Еңбек жолымды 2007 жылы Республикалық «Жас Алаш» газетінен бастадым. 2009 жылы «Алаш айнасы» газетінің Астанадағы бюросының тілшісі болдым. Сосын Астанадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне қызметке шақырды. Ол жерде Muslim.kz сайтын құруға атсалысып, бас редактор қызметін атқардым. Мешітте болған кезімізде редакциямызға Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері келіп тұратын. Солармен әңгімелесіп жүріп, балаларға пайдалы дүние жасасақ деген ой келді. Алайда Түркияға оқуға түсуіме байланысты бұл ой аяқсыз қалды. Оқуды бітіріп, елге оралған соң баяғы идеяны қайта қолға алып, Сұлтан Жұмабекұлы, Бекболат Әбенов деген жігіттермен осы компанияны аштық. Компаниямызды Saf Media деп атадық. Ондағы ниетіміз — саф алтындай жігіттердің басын қосып, саф көңілді көрермендерімізге өнерімізді дәріптеу.
Balapan-ның ұсынысынан бас тарттық
Студиямызды құрған бетте бірнеше жобаның тұжырымдамасын жасап, тіпті кейбіреуінің бірнеше бөлімін әзірлеп, бір жылдай уақытымызды жоғалттық. Осы жобаларымызды анда-мында апарып, біраз табалдырықты тоздырдық. Әкімдікке, Мәдениет департаментіне, Тіл комитетіне, Balapan телеарнасына дейін бардық. Алғашында Balapan телеарнасы өзінің конкурстарына осы салада бес жылдан артық жұмыс істеп келе жатқан компанияларды ғана қатыстыратын. Бұл мәселеге қатысты баспасөз беттерінде өз ойымызды білдірдік. Кейін телеарна басшылығы бұл шартты алып тастады. Сөйтіп, биыл телеарнаға «Кел, шырқайық бәріміз» деген жобаны ұсындық. Арна ұжымы жобамыздың тұжырымдамасын ұнатқанымен уақыт пен қаржы жағынан ортақ пікірге келе алмадық. Сондықтан да біз Balapan телеарнасымен ортақ жоба жасаудан əзірше бас тарттық. Халықтың арасынан жобаларымызға қолдау көрсететін жанашыр азаматтар шығар деген үмітпен өз бетімізше жұмыс жасауды жөн көрдік. Содан әлеуметтік желі арқылы халыққа арнап, түрлі қысқа ролик түсіре бастадық. Шілденің аяғына қарай Instagram әлеуметтік желісінен Safmedia.kz деп парақшамызды ашып, жасаған анимациялық роликтерімізді жүктей бастадық. Жұрт жұмыстарымызды ұнатып жатыр. Тіпті, роликтерімізді Instagram жазылушысы көп түрлі топ да бөлісе бастады. WhatsApp арқылы да кең тарап жатыр. Кейде өнімдеріміз таныстарымыздан өзімізге де айналып кеп жатты. Демек, бұл халықтың жұмысымызға берген бағасы деп білеміз.
Балаға бірдеңе көрсетпес бұрын өз фильтріңізден өткізіңіз
Өзім бала тәрбиесіне, оның не көретініне аса мән беретіндердің бірімін. Балама бірдеңе көрсетпес бұрын оны алдымен өзім қараймын не анасына қаратамын. Дүниетанымымыз бен сенімімізге жат дүниелер болса, көрсетпейміз. Кейде мультфильм көріп отырғанда жағымсыз кейіпкердің әрекетін көрсек, «Мұның істегені дұрыс па? Оның орнында болсаң, не істер едің?» деп сұрап отырамыз. Себебі бала кей жағдайда өз бетінше жақсы мен жаманды, адал мен арамды айыра алмайды. Бұл жағдайда оған бағыт-бағдар беру керек. Балаларымыз да «ол дұрыс істеген жоқ, былай істеуі керек» деп жауап беріп жатады, бұған бір марқайып қаламыз. Сондықтан да ата-аналардың құлағына алтын сырға, балаға бірдеңе көрсетпес бұрын оны әуелі өзіңіз көріп, өз фильтріңізден өткізіп алыңыз. Өйткені мультфильм, кино балаға тәрбиешіден де артық әсер етеді. Көп нәрсені бойына сіңіреді. Бұл асыра айтқандық емес, бұған көптеген мысал келтіруге болады. Сондықтан балаға ата-ананың фильтрациясы керек.
Балаларымызға «Алдар Көсені» көрсетпейміз
«Өзіңіз де түздесіз, балаларыңыз не көреді, тәрбиесімен кім айналысады?» деп сұрап жатсыз ғой. Балаларымның тәрбиесімен көбіне аналары айналысады. Ал мен қадағалап отырамын. Балаларыңыз қандай мультфильмдер көреді дегенге келсек, күнұзақ телефон ұстауға уақыты жоқ. Өздері де оған әдеттенбеген. Орындайтын үй тапсырмалары, оқитын кітаптары бар. Қолдары қалт еткенде аз уақытқа ғана өзіміз таңдап, қосып берген мультфильмдерді көреді. Бұрынғы мультфильмдерді де тамашалайды. Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деген мультфильмін де қосып береміз. Бала түгілі, өзіміз де қызығып көреміз оны. Ал «Алдар Көсені» мүлдем көрсетпейміз. Себебі кейіпкер біздің дүниетанымыздан тым алшақтап кеткен.
Қаржы табылса, ойда жүрген жоба көп
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз бар. Расында тәлім-тәрбиенің негізі отбасыдан басталады. Осыған орай отбасы құндылығын дәріптейтін «Әлихан» мультхикаясының жобасын әзірлеп, бір бөлімін түсіріп қойдық. Осы жобаны көрген әр адам отбасындағы өзінің ролін сезінсе деген идеямыз болды. Бұл жобамыз әзірше өзінің демеушісін күтіп отыр.
Тағы бір жобамызды «Теңбіл мен Қоңыр» деп атадық. Мұндағы кейіпкерлеріміз барыстың аланы мен аюдың қонжығы арқылы қазақтың мақал-мәтелдері, нақыл сөздерінің мәнін ашып, мағынасын түсіндіруге тырыстық. Қазір мақал-мәтелдердің шығу төркінін, оны қай жерде қолдану керек екенін көпшілік біле бермейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы мультфильмнің үш бөлімін дайындадық. Одан бөлек «Менің сүйікті досым» деген тәрбиелік мәні зор дүниені бүлдіршіндерімізге тарту еттік. Ойымызда әлі де бірнеше жобамыз бар. Қаржы табылса, оларды да жүзеге асырамыз.
Бекболат Әбенов: Мультфильмді сынап, анимацияға келдім
Бұл салаға келуімнің өзі — бір қызық әңгіме. Негізгі мамандығым — программист. Мектепте оқып жүрген кезім еді, үйде теледидар көріп отырып, бір мултьфильмге көңілім толмай, «осындай да мультфильм бола ма екен?» деп сынай жөнелдім. Мұны естіп отырған анам «Өзіңнің қолыңнан келмегесін, жұртты сынау оңай. Бұл жұмыстың артында қаншама адамның еңбегі жатқан шығар» деді. Анамның сол сөзінен кейін «мультфильм жасау соншалықты қиын ба екен?» деп, бұл саланы зерттей бастадым. Міне, анимация саласына осылай келдім. Бұл өнердің машақаты көп, махаббаты бір бөлек. Бұған дейін бірнеше компанияда жұмыс істедім. Balapan арнасындағы «Данышпан қарға», «Көжектер» деген жобаларды дайындауға қатыстым. «Көжектер» әлі күнге дейін экраннан көрсетіліп жүр. Былтыр «Ең үздік анимациялық жоба» номинациясын жеңіп алды.
Аниматор қияли болуы керек
«Аниматор қандай болуы керек?» деп көбі менен сұрайды. Ең алдымен, ол қияли болуы керек (күліп). Өз ойын жеткізуден ұялмауы керек, ешкімнен қысылмауы қажет. Екінің бірі мультипликатор болғым келеді деп, бұл саланың маманы бола алмайды. Басқа мамандықтар сияқты, мультипликация да үлкен махаббат пен шыдамдылықты талап етеді. Сондықтан бұл істі сүю, одан ләззат ала білу маңызды. Аниматордың сурет салуға икемі болуы және өзі салған суретті ұнатуы -шарт. Сурет салу бір қарағанда оңай дүние болып көрінгенімен, оның да өзіне тән заңы мен ережелері болады. Стилистикадан хабары болуы қажет. Анимация жасайтын программаларға келсек, олардың түр-түрі бар. Біз пайдаланатын программаны өзгелер қолданбауы мүмкін. Олар жаңарып, толығып отырады. Жоғарыда айтқандай, бастысы махаббат мен шыдамдылық болса, кез-келген программаны үйреніп алуға болады. Керек десеңіз, ешқандай программасыз да мультфильм жасауға болады. Мәселен, қуыршақ анимациясы тиісті программасыз жасалады. Қуыршақтарыңыз, фотоаппаратыңыз бен монтаж жасайтын қарапайым программаңыз болса, жеткілікті. Алайда бұдан соң да үлкен шыдамдылықсыз іс бітпейді. Жалпы, анимацияны инемен құдық қазғандай бір жұмыс дер едім. Қазір 3D технология қарқынды дамыған. Мен деген компаниялардың өзі осы технологиямен өнім шығарып жатыр. Десек те, 2D классика болып қала береді. 3D-нің мүмкіндігі көп болғанымен, 2D-да жасалған мультфильмдер барлық жағынан да әдемі әрі сапалы көрінеді. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» сияқты біздің мультфильмдеріміз дәл осы әдіспен жасалған. Содан болар, әлі күнге дейін сырын жоғалтпай келеді.
Жарнамамен де айналысамыз
Табысымыздың басым бөлігін анимациялық жарнама роликтерін жасау арқылы табамыз. Бүгін бір кездесуден келдік. Балалардың өнімін мултьфильм арқылы жарнамалауға ұсыныс алдық. Мұндай жұмыстарда әуелі идея іздейміз. Содан кейін сценарий жазылып, тапсырыс берушілердің бекітуінен өтеді. Одан соң кейіпкерлер қалыптастырылып, фондар салынады. Анимациясы мен дыбыстаулары жасалады. Идеясы анықталып, сценарийі бекітілсе, роликті дайындауға бір аптадай уақыт кетеді. Жасайтын өніміміздің кейіпкері көп, элементтері күрделі болса, онда бір аптадан да ұзаққа созылуы мүмкін. Тіпті, кейбір компаниялар кейіпкер ретінде өздерін көргілері келеді, дыбыстауда да өзінің дауысы болғанын қалайды, ондай жағдайды да қабылдаймыз. Осындай жарнамалық жұмыстарымыздан қолымыз қалт еткенде Instagram, YouТube желілеріндегі көрермендерімізге түрлі анимациялық ролик дайындаймыз.
Анимацияға ақша табамын деп келу — қате
Бар білетінімізді өзгелерге де үйреткіміз келеді. Арнайы курс та ашып отырмыз. Сабақтар ақылы, тегін үйретуден де қашпас едік. Бірақ көбіміз тегін нәрсенің қадірін біле бермейміз ғой. Сондықтан нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан бағаны ұсындық. Мультипликацияның әліппесінен бастап, бар қыр-сырын меңгертуге тырысамыз. Біздің курстардан өзі үйде отырып-ақ мультфильм жасай алатындай әмбебап болып шығады. Ешкімге мұқтаж болмайды. Сценарий жазудан бастап, суреттерді қалай салуды, қалай дауыс жазу мен монтаж жасауды үйретеміз. Қазір студияларда аниматорлар белгілі бір жұмыспен ғана айналысып, шектеліп қалған. Оларға артық ештеңе үйретпейді. Аниматор басқа жұмысқа орналасайын десе, көп нәрсені білмейді. Сондықтан өмір бойы бір студияға байланып отыруға мәжбүр. Негізгі мақсатымыз — қазақ аниматорларының көбеюіне үлес қосу. Қабілеті бар, қазақ анимациясына пайдам тисе деген мүдделес адамдарды курсымыз арқылы тауып жатсақ, командамызды кеңейтіп, қатарымызға қосамыз. Бірақ анимацияға ақша көп бөлінеді, байимыз деп келіп жатқандарды да байқадық. Бұл салаға келетіндерге айтарымыз, бұл кәсіппен айналысу арқылы ақшаға батамын деген ниет — қате.