Астаналықтар келер жылдан бастап мектеп асханасын онлайн бақылай алады

Келесі жылы Астанадағы мектеп асханаларына бейнебақылау камералары орнатылады. Бұл туралы қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин брифингте айтты.

Егер ата-ананың санитарлық кітапшасы болса, ол асханаға кіріп, онда не болып жатқанын қарай алады. Дегенмен мектептердің көбінде тамақ әзірленетін орындар ашық. Қазір біз келер жылдан бастап ата-ана тамақ дайындау процесін көре алуы үшін мектеп асханаларына камералар орнатуды қарастырып жатырмыз, — деді Әнуар Жанғозин.

Оның айтуынша, өткен оқу жылында тексеру нәтижесінде екі мектеп бойынша тамақ жеткізушілермен келісімшарттар бұзылды.

Бракераж комиссиялары қандай да бір мәселені, тамақ салмағының жетіспеушілігін, басқа да талаптың сақталмауын актілер мен журналдарда көрсетсе, біз соның негізінде директорларды асханамен келісімшартты бұзуға мәжбүрлейміз, — дейді басқарма басшысы.

Басқарманың мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында жүргізілген мониторингтің қорытындысы бойынша жалпы білім беретін 14 мектептің басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Әнуар Жанғозин Астана мектептерінде тамақтану ақысын Astra Plat көлік картасымен төлеу жүйесі сынақтан өткізілетінін де хабарлады. Пилоттық жоба әзірше үш мектепте енгізіліп отыр.

ДереккөзZakon.kz