Бүгін Астанадағы Назарбаев орталығында «ЕҚЫҰ-ның Қазақстан Республикасындағы 20 жылы: ынтымақтастық және жетістіктер» тақырыбында халықаралық конференция өтті.
Конференцияның мақсаты — жаһандық әлемдегі ЕҚЫҰ-ның ролін және оның 20 жылдық екіжақты ынтымақтастық мәнмәтінінде Қазақстан Республикасымен қарым-қатынасын талқылауға қазақстандық және халықаралық саясаткерлерді, дипломатиялық өкілдіктер мен миссиялардың өкілдерін, белсенді сарапшыларды тарту.
Конференцияның ресми ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы Томас Гремингер, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов және ҚР Президенті Кеңсесінің бастығы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұд Қасымбеков, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо қатысты.
Халықаралық жиынды ашқан Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова конференция қатысушыларына Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.
2010 жылы беделді ұйымды басқарған және осы ұйым аясында белсенді жұмысты жалғастырып келе жатқан мемлекет ретінде бүгінгі іс-шара Қазақстан үшін аса маңызды. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына төрағалық ету біздің елге аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке үлес қосуға, сенім, дәстүр, транспаренттілік және төзімділікті сенімді серігі еткен Ұйымға басшылық етуді жауапкершілікпен атқарудың үлгісі бола білдік. ЕҚЫҰ халықаралық қарым-қатынастар трансформациясының замануи кезеңінде қауіпсіздіктің жаңа архитектурасын қалыптастыру басты элементі болып қала бермек, — делінген Президенттің құттықтауында.
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингер Қазақстан Президентінің өңірлік қақтығыстарды реттеу және бейбітшілікті нығайту ісіндегі ролі мен үлесін ерекше атап өтті. Баяндамасында Қазақстан Республикасы мен ЕҚЫҰ-ның екіжақты ынтымақтастығының негізгі бағыттарына тоқталды.
Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 2010 жылды еске алып, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы қызметінің жетістіктеріне тоқталды.
Жеке өз басыма Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арасында қарым-қатынастар тақырыбы әрқашан да жүрегіме ыстық. Бұл ең алдымен Елбасының және халықтың сенімінің арқасында. Еліміздің 2010 жылы ұйымға төрағалығы кезінде менің тұрақты өкіл болуым және Астанамызда тарихи саммиттің өткізілуімен байланысты. Өздеріңізге мәлім, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен серіктестікті дамыту еліміздің сыртқы саясатының басымдықтарының бір болып табылады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммиттің ашылуында сөйлеген сөзінде «Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының Еуразия құрлығын сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік сынды жалпы құндылықтарға негізделген ортақ кеңістікке айналдыруда өте маңызды ролі бар» деп атаған. Ұйым еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізген жылдары, транзитік кезеңде өзінің бай тәжірибесімен, білімімен алдыңғы қатарлы жетістіктермен бөлісті. Қоғамымыздың түрлі салаларының нық аяғына тұруына көмектесті. Қазіргі таңда еліміз ұйымның сенімді де сындарлы әріптесіне айналды. Жан-жақты нығаюына өз үлесін қосуда. Елбасының Жолдауын іске асыруда да осы ұйымның ролі ерекше, — деді ол.
Министр қазіргі уақытта Қазақстан саяси тұрақты дамып, донор елге айналып, өзіне Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымына мүшелікке кіруге деген мақсат қойғанын айтты.
Соңғы 20 жылда Қазақстан жарты миллионнан астам АҚШ долларын Орталық Азиядағы көрші елдер мен алыс шетелдегі Австрия, Кариб аймағы, Тынық мұхиты елдерінің дамуына бағыталған ресми бағдарламаларға бөлді. Бұл күні ЕҚЫҰ-ның Астанадағы қызметін жаңа деңгейге шығаруды ұсынып жатырмыз. Біздің жағдайымызда келесі эволюциялық қадам сәттілікті тұрақтылықпен байланыстырып, озық тәжірибелермен алмаса отырып жасыл экономикаға көшудің сараптамалық, зерттеу жұмыстарын парактикалық түрде жүзеге асыруға септігін тигізеді. Бұл жағдайда Қазақстан білімді алып, жинақтап және жүзеге асырып қана қоймай, сонымен қатар озық тәжірибені ЕҚЫҰ аймақтары мен Орталық Азияға жан-жақты бөліседі. Тұрақты байланыс пен жасыл экономикаға өту Орталық Азия үшін өте маңызды. Елімізде былтыр өткен EXPO халықаралық көрмесінен кейін біз тұрақты даму үшін ЕҚЫҰ аймақтары мен Орталық Азияға жасыл экономиканың қажет екенін терең түсіндік. Осы орайда даму мен қауіпсіздікті нығайту маңызды екенін баса атап өткім келді. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы қызметінің жаңа нұсқасы Шанхай ынтымақтастық ұйымы сынды өзге де ұйымдармен екі жақты тиімді байланыс орнатады. Осы 20 жылда ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисі алдына қойған міндетті абыроймен орындап шықты, — деді Қайрат Әбдірахманов.
ЕҚЫҰ-ның Астанадағы офисінің басшысы, елші Дьердь Сабо ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы 20 жылдығы ескерусіз қалмай, осындай үлкен шарада әріптестерімен басқосып, дамудың келесі кезеңін талқылауға мүмкіндік жасап отырған Елбасына алғысын айтып, 20 жылдық жұмысты нақты цифрлармен қорытындылап өтті.
ЕҚЫҰ — дүниежүзіндегі қауіпсіздік жөніндегі ең үлкен ұйым. Біз аймақтық ұйым болғанымыз бен, біздің аймақ осы қауіпсіздікке үлкен үлесін қосып келеді. Осы 20 жылдың ішінде біз не істедік? Санмен айтатын болсақ, 1500 іс-шара өткіздік, бюджетімізді 42 миллион еуроға жеткіздік. Осы кезеңде біз Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдық. Қазіргі уақытта елде біздің ұйымның қызметі жөнінде білмейтін аймақ жоқ. Бұған қоса әріптестерімізбен тығыз-қарым қатынаста жұмыс істеп, қазіргі уақытта әріптестікті жетілдіре түсу үшін ортақ отырыстар ұйымдастырудамыз. Біз ЕҚЫҰ-ның 60-тан астам мүше еліне таныстырылымдық сапармен барып келдік. Әріптестеріміздің ЕҚЫҰ ұйымдастырған шараларға қатысуына мүмкіндік жасадық. 2013 жылдан бастап біздің жылдық көрсеткішіміз бойынша ұйымдастырған шараларға жыл сайын 5 мың адам қатысады екен. Ол деген осы жылдар аралығында біз 100 мыңнан астам адам біздің ұйымдастырған шараларымызға қатысты деген сөз. Ойлап қараса бұл кішігірім қала. ЕҚЫҰ-на мүше елдердің Қазақстандағы елшіліктерімен де тұрақты байланыстамыз. Олардың қатарында, Австрия, Канада, Германия, Италия, Швейцария, Америка Құрама штаттары бар. Ал өзге елдер бізге тұрақты түрде тәжірибе алмасуға сарапшыларын жіберіп тұрады. Олардың мақсаты — біздің озық тәжірибемізді ЕҚЫҰ кеңістігіне жеткізу, — деді Дьердь Сабо.
Конференцияның пленарлық отырысында Қазақстанның Австрия Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі, Венадағы халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай, ЕҚЫҰ-ның адам саудасына қарсы күрес жөніндегі үйлестірушісі Мәдина Жарбосынова, Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының өкілі, Қазақстандағы көпжақты бөлімшенің Басшысы Илейн Конкиевич, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасының кітапханасы директорының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов, ЕҚЫҰ, дипломатиялық миссиялар өкілдері, Қазақстанның саяси және бизнес элита өкілдері сөз сөйледі.
Конференция барысында ЕҚЫҰ-ның Қазақстанмен әскери-саяси, экономикалық-экологиялық және гуманитарлық бағыттардағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
ҚР Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев ЕҚЫҰ-ның Қазақстанда атқарып жатқан бірсара игі істеріне ризашылығын білдірді.
Соңғы кездері менің ерекше атап өтетінім бірде бір халықаралық ұйым біздің Қазақстандағы алыс ауылдарынмен жұмыс істемеген. Естеріңізде болсын алыстағы елдімекендерді кемсітуге болмайды. Себебі ол жақтың тұрғындарының ақпарат алу құқығы әлдеқайда төменгі деңгейде. Сондықтан осы ЕҚЫҰ Елбасының Адам құқығы жөніндегі комиссиясының ұсынысын қолдап, қазіргі кезде біз Қазақстанның 13 өңірінде, алыс ауылдарда осы Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың халықаралық және ұлттық механизмдері қандай болулары керек, олардың қоғамның және мемлекеттің алдындағы құқықтары мен міндеттері қалай болу керек? Еңбектен туатын дау-дамайды қалай шешуге болады? Біздің қыздар мен әйелдердің құқықтарын қалай қорғау керек? Осы төңіректе оқыту семинар тренингтерін өткізуге ЕҚЫҰ көп көмектесті. Осы қазан айының 16 мен 19 аралығында Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында, Қасым Қайсенов ауылында, Глубокое ауданының Глубокое ауылында тағы басқа жерлерде осы семинарлар жалғасады. Алыс ауылдарға барып оқыту семинарларының нәтижесінде көптеген азамат дау-дамайсыз өздерінің құқықтарын сотқа да бармай, әкімшілікке де бармай шешіп жатқан жағдайлар бар. Ол ЕҚЫҰ-ның Қазақстанда атқарып жатқан жұмыстарының бір ғана мысалы. Өздеріңіз ойлаңыздаршы көптеген халықаралық ұйымдар облыс орталықтарынан, облыс деңгейіндегі қалалардан қайтып кетіп жатады. Әрі қарай алыс ауылдарға, аудан орталықтарына кім барады? Осы халықаралық ұйым (ЕҚЫҰ – авт. ) бізді қолдап, сондай жерлерге барып жатырмыз, — деді Тастемір Әбішев.
Конференция аясында «Қазақстан және ЕҚЫҰ» атты көрме өтіп, ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы қызметіне арналған фильм көрсетіледі.
Көрмеде Елбасының кітапханасының музейлік, архивтік жәдігерлері мен кітаптар жинағының ЕҚЫҰ құрамындағы Қазақстан тарихындағы ерекше есте қаларлық және маңызды оқиғаларына байланысты фотосуреттер мен нышандық экспонаттар ұсынылды.