Sana Vision ұжымының жаңа Zhanuar 4D аталатын карталары — күнен күнге бүкіл Қазақстан бойынша кең таралған, балалар мен ата-аналар арасында үлкен сұранысқа ие жаңа AR жоба.
AR дегеніміз — Augmented Reality, ағылшын тілінен аударғанда «қосалқы шындық» мағынасын береді. Нақтырақ айтқанда, қоршаған ортаны толықтыру мен жақсарту мақсатында ақпаратты компьютерлік бағдарламалар арқылы өңдеуді AR дейміз.
Арман Усупов, Бақытжан Шабдукаримов, Нұрбек Молдағалиев, Нұрсұлтан Әжімұратовтан тұратын топ Қазақстан бойынша ең алғашқы коммерциялық AR жобаны бастап, іске асырып жатыр.
4D карталарын жасау идеясын Арман Усупов ұсынған. Мамандығы биолог болса да, Арман өзін 2D, 3D анимациясын жасау саласынан тапты. Бүгінге дейін ол «Ангел Бэби» «Мимимишки» мультфильмдерін жасауға атсалысқан.
Zhanuar 4D карталарын жасау идеясы 2017 жылы қызыммен уақыт өткізіп, ойнап жатқанда келді. Баланы жаңа технологиялармен қызықтыра отырып дамыту маңызды екенін түсіндім. Себебі қолдарына гаджет ұстап өскен жастарға пайдалы дүние ұсынғым келді. Содан менің қолымнан не келетінін саралап, 4D қосалқы шындықты балалардың жан-жақтылығын арттыру үшін қолдануды сынап көрейін дедім. Достарымның арасында бұл идеяны Нұрсұлтанға айттым. Оның қолдауымен 2018 жылдың басында команда жинадық. Осылайша бұл карточкаларды жасау жолдарын қарастырып, идеяны жандандыруға қызу кірісіп кеттік, — дейді Арман.
Идея авторының айтуынша, Zhanuar 4D карталарының ерекшелігі — балаларға кең таралған мифтер мен псевдомәліметтер емес, дұрыс әрі дәлелденген деректер беру. Мысалы, піл тышқаннан қорқады немесе қасқырлар тобырында ең әлсіз қасқыр алда, ал көсемі артта жүреді дейді. Бұл — жалған ақпарат. Ал әр картадағы жануарға түсінік беріліп, дәлелденген деректер арнайы қосымшаға үш тілде енгізілген. Бұл — Zhanuar 4D-ның тағы бір ерекшелігі. Себебі, Елбасымыз айтпақшы, Қазақстан бүкіл әлемде үштілділікті пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуы тиіс. Ал заман сұранысына ілесіп, білім беруде инновациялық технологияны қолдану — озық мемлекеттерге тән. Сондықтан Zhanuar 4D карталары балаларға білім беруді пайдалы етіп, жеңілдетері сөзсіз.
Zhanuar 4D карталарының басты функциясын көлімді әрі қиын программа атқарады. Ол белгілі бір суретті сканерлеп, экран бетіне 4D форматта шығару үшін кодталған. Ал сурет басылған карталар кәдімгі типографияда жасалады. Арман бастаған топ осы программаны жазып, көктемде жарыққа шығарды. Қазіргі таңда Zhanuar 4D карталары Қазақстанның жер-жеріне таралды. Бүгінге дейін 12 мың қорап карта баспаханада басылды.
Шетелде де бұл программа сұранысқа ие. Жақында Ресей мен Хорватияға саттық, — дейді жоба менеджері Нұрсұлтан Әжімұратов.
Zhanuar 4D карталарын алу үшін «Меломан» дүкенінен не әлеуметтік желілер мен интернет арқылы тапсырыс беруге болады. Қазақстан бойынша жеткізу тегін. Бағасы да қолжетімді — 3000 теңге. Қорапта 23 дана карта бар, әрқайсында бір жануар бейнеленген. Оларды пайдалану үшін App Store, Google Play-ден Zhanuar 4D қосымшасын жүктеп, қорапта берілген кодты енгізу керек. Бір код бірнеше телефонда қолданылмайды. Алайда картаның келесі серияларында бір кодты екі телефонда қолдануға жаңа мүмкіндік ашылады.
4D карталарды дамытып, алда жаңа серияларын шығаруды жоспарлап отырмыз. Бау-бақша, ғарыш, динозаврлар әлемі деген тақырыпттарда жаңа басылымдар жасап, карталардың санын көбейтпек ойымыз бар, — дейді Арман Усупов.
Айта кетейік, 13 қазанда Smart Point алаңында сағат 16.00-де Sana Vision-ның ұйымдастыруымен VR, AR өнімдерінің көрмесі өтеді. Еліміздің VR, AR саласындағы компаниялары көрмеге қатысады. Сонымен қатар әлемде ең бірінші 360 градуста түсіретін VR көзілдірік жасаған Әділ Сұраншин де көрмеге қатысады. Қызығушылық танытқан әр адамға көрме есігі ашық.