Алматы әкімдігінде ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауының қалай орындалатыны туралы айтылды. Ол үшін мегаполис басшылығы білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй салаларын сапалы дамыту және қалалықтар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында 100-ден астам арнайы шара енген қалалық жоспар қабылдады. Бұл туралы Алматы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бауыржан Байбек қала активімен кездесуде Елбасы жүргізіп отырған экономикалық тұрақтылық, бірлік пен келісім сияқты салиқалы саясаттың арқасында халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін мемлекеттің әлеуметтік шығындарды арттырғанын айтты. Тек Жолдауды жүзеге асыру үшін ғана 1,5 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалады, ал бұл жекелеген мемлекеттердің жылдық бюджеттеріне тең.
Мемлекет басшысы Жолдауының басты бағыттарының бірі — урбанизация мәселесін ойдағыдай шешу мен қалаларды одан әрі дамыту. Қазіргі кезде әлемдік экономиканың 70%-ы қалаларда қалыптасады, Алматы осындай 600 мегаполистің қатарына енген.
Алматы әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықаралық кеңесшілермен бірге мегаполистің ұзақмерзімді болашаққа болжамы — Қаланың 2050 жылға дейінгі дамуының шеберлік жоспарының жасалып жатқанын айтты.
Міндетіміз — Алматыны жайлы, ыңғайлы ету және әр адамның тұрмыстық жағдайын жақсарту. Ол үшін қалада жыл сайынғы экономикалық өсім орта есеппен кем дегенде 5% болуы, еңбек өнімділігі 2 есе артуы, 15 жылға жан басына шаққанда ЖӨӨ 1,5, 30 жылға 3 есе өсуі тиіс. Мұның басты шарты — экономиканың құрылымын жүйелі өзгерту. Сарапшылардың болжамы бойынша 2035 жылы Алматы тұрғындарының саны 3 миллионнан адамнан асады. Демек, қаладағы экономикалық белсенді тұрғындарының қатары 700 мыңға көбейеді, оларды IT-секторда, білім беруде, денсаулық сақтауда, инжинирингте, жоғары технологиялы өндірісте, өнерде, туризмде жұмыспен қамту қажет. Ал бұл үшін қолайлы инновациялық экологиялық орта, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріндегідей жоғары сапалы білім мен денсаулық сақтау қамтамасыз етілуі тиіс, — деді Бауыржан Байбек.
Президент Жолдауының басты бағыттарының бірі көлеңкелі айналымды 40%-ға қысқарту. Қазіргі кезде Алматы экономикасының 80%-дан астамы — сауда мен қызмет көрсету. Соңғы жылдары Алматы әкімдігі сауда саласын көлеңкеден шығару үшін жүйелі әрі тұрақты шараларды жүзеге асырып жатыр, базарлар модернизацияланып жатыр. Тек соңғы 3 жылда сауда саласын дамытуға 240 миллиард теңгеден астам жеке қаржы жұмсалды.
Цифрландыру — экономиканың ашықтығын қамтамасыз етудің, бюрократтықты, азаматтардың және бизнестің кедергілерін жоюдың ең ұтымды механизмі. Қазіргі кезде Алматыда Smart Almaty-ның 40-тан астам жобасы жүзеге асып жатыр. Ситуациялық орталық пен BigData жұмыс жасай бастады. «Оңай» мен «А-паркингтің» төлемді жүйелері іске қосылды. Нәтижесінде 9 ай ішінде салық түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 1,3 триллион теңге болды. Өз кезегінде салықтың көп жиналуы бизнеске қолдау көрсетуге және қала тұрғындарының әлеуметтік шығындарына жұмсалатын қаржыны арттырады, — деді қала әкімі.
Айта кетерлігі, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 6 мың отбасы жаңа пәтер алады, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. «7-20-25» бағдарламасы белсенді жүзеге асып жатыр. Ескі үйлерді модернизациялаудың инвестициялық әлеуеті 320 миллиард теңгені құрайды. Алдағы бес жылда жеке инвесторларды тарта отырып 23 мың жаңа пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.
ПИК-терді реформалау жүйесі қолға алынды. Заңға өзгеріс енгізу үшін әкімдік тарапынан 30 ұсыныс берілді. Қаланың тұрғын үй қорын ұстау Ережесі қабылданды. 2019 жылы барлық ПИК-тер бірыңғай қолма-қол ақшасыз жүйеге көшетін болады. Тек 3 жыл ішінде ғана ПИК-тердің қаржысымен 4 мыңнан астам үй жөнделіп, лифтердің 20% -дан астамы ауыстырылды.
Елбасы бастамасының маңызды бөлігі — ең аз жалақыны көтеру. Алматының өзінде ғана алдын ала есептеу бойынша бұл мәселе 25 мыңнан астам адамды қамтиды екен. Бұлардан өзге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде мемлекеттік қызметкерлерге еңбекақы төлеудің жаңа моделі енгізіліп жатыр. Осы айдан бастап Алматы жалақы төлеудің жаңа моделіне көшеді. Тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқасында мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 2 есе өседі. Оның үстіне 49 мемлекеттік кәсіпорын қысқарды, олардың 32-і бәсекелес ортаға берілді.
Шағын және орта бизнесті тұрақты қолдау шаралары барысында жыл басынан бері 24 мың жұмыс орны құрылды. Жыл аяғына дейін тағы 8 мың жұмыс орны ашылады. Меминвестицияның әр теңгесіне 4 жеке теңгеден келеді. Қазіргі 8 ай ішінде қала бюджетіне өткен жылмен салыстырғанда 13,2%-ға көп салық жиналды, шағын және орта бизнестен салық 6%-ға артық түсті.
Қала кеңістігін жақсарту аясында мегаполистің тарихи орталығының үштен екісі жаңарды, 524 көше мен 1400 ескі аула қайта жасалды. 300 шақырымнан арық, 800 шақырымнан астам инженерлік жүйе реконструкцияланды. Қаланың барлық жерасты жолы күрделі жөндеулерден өтті. Көшедегі барлық жарық көзінің үштен бірі диодты және энергияны сақтайтын шамдарға ауыстырылды. Тротуарлар мен аулалардағы жарық бағаналары ауыстырылып жатыр. Жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көліктің үлесі 80%-ға жетеді.
Орталықтандыру қағидасы бойынша қалаға қосылған Алатау және Наурызбай аудандарына 512 миллиард теңгеден астам мемлекет қаржысы инвестиция ретінде жұмсалды. 240 шақырым жол, 1300 шақырым инженерлік желі, 11 мектеп, 156 балабақша және 10 медұйым іске қосылды. Жеке инвестиция көлемі 252 миллиард теңге болды, кәсіпорындар саны 4 есе, салық көлемі 10 есе өсті. Нәтижесінде қызмет көрсету сапасы және аудандардың 400 мыңдай тұрғынының әлеуметтік сенімі артты.