Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев...

Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілін марапаттады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне келген меймандар — Біріккен Ұлттар Ұйымы Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Насир Абдуләзиз әл-Насермен және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингермен кездесті

Мемлекет басшысы съезге қатысқаны үшін Насир Абдуләзиз әл-Насерге ризашылық білдіріп, Өркениеттер альянсы Қазақстанның осы бастамасына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

Қазақстан көпконфессиялы мемлекет ретінде конфессияаралық диалогты дамыту ісіне өз үлесін қосып отыр. Бұл Өзіңіз өкілдік ететін ұйымның мақсаттарына сай келеді, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі форумға қатысуға мүмкіндік берілгені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Қазақстанның әлемдегі мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті дамыту ісіндегі рөлі айрықша екенін атап өтті.

Мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне үшінші рет қатысып отырмын. Бұған дейін мен ешқашан осыншама дін өкілдерімен кездескен емеспін. Елдеріңіздің өркениетаралық диалогты дамыту жолындағы күш-жігерін жоғары бағалаймын, — деді Насир Абдуләзиз әл-Насер.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев халықтар арасындағы бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға және қоғамдағы өзара келісімді сақтауға қосқан үлесі үшін Насир Абдуләзиз әл-Насерді ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Мемлекет басшысы әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Астанадағы жүздесуінің ерекше маңызын атап өтіп, съезд жұмысына қатысқаны үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Томас Гремингерге де ризашылық білдірді.

Томас Гремингер мен Нұрсұлтан Назарбаев.
Томас Гремингер мен Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: Аkorda.kz

2010 жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенін білесіз. Біз бұл ұйымның осы ғасырдағы жалғыз саммитін өткіздік. Оның нәтижесі бойынша маңызды декларация қабылданды, — деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы арасындағы ықпалдастық пен кооперацияны одан әрі дамытудың маңызды екенін айтты. Томас Гремингер Қазақстан Президентінің өңірлік қақтығыстарды реттеу және бейбітшілікті нығайту ісіндегі рөлі мен үлесін ерекше атап өтті.