Басты бетТанымШерхан Мұртаза:...

Шерхан Мұртаза: О дүниеде қулық өтпейді

«Әдебиет порталы» Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза айтқан қанатты сөздерді жариялады. Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері, әдебиет пен публицистиканың дамуында айрықша із қалдырған тұлға — қазақтың Шерағасы кеше — 9 қазанда дүние салған еді. 

Шерхан Мұртазадан қалған даналық

  1. Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт — тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық — ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды.

2. Заң дегеніміз — ноқта.

3. Әлі күнге дейін кешегі империяның етігінің темір өкшесін аңсайтындар бар.

4. Демократия жүгенсіздік емес, бостандық жүйесіздік емес.

5. Заман түзелгенде ғылымға да, әдебиетке де татымды талап қояды. Сонда көздей көп академиктің талайының аты да, заты да ұмытылады.

6. Армансыз қоғам — үміті үзілмеген қоғам.

7. Айтса, дуалы ауыз айтсын.

8. Күйреген рухты көтеру — міне, қазіргі таңдағы басты мақсат. Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеде ондай қулық өтпейді.

9. Шындық ащы һәм ажарсыз.

10. «Тәуелді» деген ұғымды туғызған күштілер мен обырлар.

11. Рухы мен намысы сөнген ел — өлген ел.

Шерхан Мұртазамен қоштасу 11 қазанда Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында сағат 10.00-де өтеді.