Астанада ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі жұмысын бастады.
Съезд жұмысының ашылу рәсімінде түрлі ұлт өкілінен құралған хор «Ақ көгершін» әнін орындады. Алқалы жиынға барлық әлемдік және дәстүрлі дін өкілдері, сонымен қатар беделді діни лидерлер, саяси қайраткерлер мен халықаралық ұйым өкілдерінен құралған 46 елден 82 делегация қатысып жатыр.
Съездің мәртебелі мейманы — Сербия Республикасының президенті Александр Вучич. Жаһандық шараның басты және негізгі тақырыбы — «Діни лидерлер қауіпсіз әлем үшін». Алтыншы съезд аясында «Бейбітшілік. ХХІ ғасыр» Манифесі жаһандық қауіпсіздік тұжырымдамасы ретінде», «Құбылмалы геосаяси жағдайдағы діндер: адамзатты біріктіруге арналған жаңа мүмкіндіктер», «Дін жаһандануы: сын-тегеуріндер мен жауаптар», «Дін көшбасшылары мен саяси қайраткерлер экстремизм мен терроризмді еңсеру жолында» атты төрт бағыт бойынша секциялық отырыстар өтеді. Жалпы отырысқа дейін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалымен Діни лидерлер кеңесінің отырысы өтті.