Басты бетЖаңалықтарАстанада Eurasian...

Астанада Eurasian stars халықаралық фестивалі басталды

Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында елорданың 20 жылдығын мерекелеу аясында халықаралық Eurasian stars фестивалі басталды.

«Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрінің бірінші концертінің  қонақтары құрылымы бойынша түрлі кезеңді қамтитын бірегей бағдарламаны тамашалай алды.  Олардың қатарында романтизм кезеңінін танымал композиторы, француз Жорж Бизенің керемет туындыларының бірі «До мажор симфониясы», Американың танымал композиторы әрі дирижер, «Оскар» сыйлығының бес дүркін лауреаты, голливудтық үздік фильмдердің бірі «Шиндлер тізімінің» саундтрегін жазған Джон Уильямс, америка-мальталық жас композитор Алексей Шор және оның жақында Лондонда өткен Gramophone Classical Music Awards салтанатында орындалған «Хрусталь сарай» балетіне увертюрасы, «Теңіз пейзаждары» және «Сұңқардың ұшуы» атты шығармалары, сонымен бірге концерттің солисі — әлемнің ең үздік скрипкашыларының бірі, заманымыздың ең танымал жас скрипкашысы Рей Ченнің Астанада алғаш рет қойылатын шығармалары бар.

Ал фестивальді Үлкен театрдың опералық және симониялық дирижеры, «Золотая маска – 2017» премиясының иегері Михаил Киргхофф басқарды.

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық қызмет жөніндегі орынбасары Анна Күзембаеваның айтуынша, «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрінің ХХVII жаңа маусымы 1 қазан Халықаралық музыка күні ашылған болатын. Бүгін оркестр «Абонемент №1» және Eurasian stars халықаралық фестивалі аясында екінші концертін өткізіп жатыр.

Салтанатты шараны ашқан Eurasian stars фестивалінің бас директоры, оркестр дирижері Михаил Киргхофф фестиваль қатысушылары мен қонақтарын құттықтап, алдағы үш концерт бойы мемлекеттік оркестрмен бірге өнер көрсететін шетелдік музыканттарды атап өтті.

Былтыр «Еуразия музыкалық ойындарында» 12 концерт өткіздік. Биыл фестиваль аясында концерт санын азайтып, танымал жұлдыздарды, кәсіби музыканттарды көп шақырдық. Фестиваль аясында орындалатын шығармалар «Солистер академиясының» сүйемелдеуімен өтеді. Бірінші абонемент аясында 24 концерт өтеді. Оның 10 концертін қазан айынан бастап 27 желтоқсанға дейін бірінші жартыжылдықта, ал 14 концертті келесі жартыжылдықта тамашалуға болады. Бүгінгі концертке еуропалық көрермендерді тамсандырып үлгерген талантты скрипкашы, виртуоз Рэй Чен мен Үлкен театрдың опералық және симфониялық дирижеры, «Золотая маска» сыйлығының иегері Павел Клиничев шақырылды. Алдағы уақытта бүкіләлемдік атақты эстония-америкалық дирижеры Кристиан Ярви, француз дирижеры Миша Катз, халықаралық байқаулардың лауреаты пианист Анна Улаева, «Бней-Брит» алтын менора иегері Миша Катз, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Борис Андрианов, ең беделді халықаралық жарыстардың, оның ішінде Венадағы Герберт Фон Караян атындағы байқаудың жеңімпазы, армян пианисі Наре Аргаманян, халықаралық беделді байқаулардың лауреаттары Меруерт Кәрменова, Никола Перетто және Василий Степанов келеді, — деді ол.

Сонымен қатар ол халықаралық Eurasian stars фестивалінің бағдарламасына тоқталды.

«Еуразиялық ойындарды» ойлап тауып, директор болдым. Вокал, фортепиано, скрипка бойынша конкурс өткіздік. Былтыр 12 концерт өтті. Биыл «ойындары» сөзін «жұлдыздары» сөзіне ауыстырып, Eurasian stars фестивалі болатын болды. Фестивальдің географиясына келер болсақ, әлемнің түкпір-түкпірінен танымал, үздік солистерді, дирижерлар мен музыканттарды шақырамыз. Германия, Америка Құрама Штаттары, Италия, Ресей, Украина, Австралиядан арнайы шақыртылған қонақтар келеді. Фестивальдің Eurasian stars, яғни «Еуразия жұлдыздары» деп аталған себебі Қазақстанның орналасқан жеріне байланысты, яғни Еуразияның жүрегіне әлемдік музыка жұлдыздарын жинаймыз, — деді Михаил Киргхофф.

«Еуразия жұлдыздары» фестивалі аясында өтіп жатқан алғашқы концерттің арнайы қонағы Рэй Чен Қазақстанға алғаш рет келгенін айтты.

Мен Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Бұл жерге келгеніме өте қуаныштымын. Музыкант болсаң, әлемді аралайсың, жаңа дәстүрлермен, адамдармен танысасың. Осыған дейін көптеген елде болдым. Жаңа мемлекетте болу — мен үшін үлкен тәжірибе. Солист болу — өте жауапты жұмыс. Әлемді аралап, әртүрлі мәдениетті көрсең, сол үшін мұның барлығы күнделікті дайындықты қажет етеді. Оркестр солисті болған өте керемет. Дирижер бастық, әкең сияқты, ал солист — оның баласы. Бүгін дирижерлық еткен Павел Клиничев мен білетін үздік дирижерлердің бірі деп айта аламын, — деді Рэй Чен.

Алғашқы концертке өзіндік бағасын берген дирижер Павел Клиничев ұжымның кәсіби деңгейі жоғары екенін айтты.

Ұжыммен көп жұмыс істедік. Оркестр осы екі күн ішінде күрделі музыкалық бағдарламаларды меңгерді. Оркестрдің пейілі, жинақылығы ұнады. Бірге жұмыс істеуге, үйреткенді іліп алуға даяр. Мен дирижерлік интерпретация қоса аламын. Академия солистерімен мұны жасай алдым деп ойлаймын. Дирижер мен музыканттың арасы екі бауырдың қатынасы деп айтуға болады. Сол себепті арада диалог болуы тиіс. Дирижер оркестрге көмектесуі қажет. Әкесі баласына көмектескенімен, кейде қатты болады. Ал дирижер қашан да жұмсақ болуы керек, — деді.

Eurasian stars халықаралық фестивалінің келесі концерттері 11-14 қазан күндері өтеді.

11 қазан күнгі екінші концерт те «Қазақстан» Орталық концерт залында сағат 19.30-да басталады. Елорданың бас сахналарының бірінде француз дирижеры Миша Катз, жаңа заманның ең үздік классикалық саксафоншысы, халықаралық беделді байқаулардың лауреаты Никола Перетто өнер көрсетеді. Концерттік бағдарламада Джоаккино Антонио Россинидің «Ұрлықшы сауысқан» операсына увертюра, Алексей Шордың «Вердиана» және Пётр Ильич Чайковскийдің «Аққу көлі» балетінен сюита орындалады.

14 қазан күнгі үшінші концерт Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы концерт залында сағат 18.00-де басталады. Бұл кештің қонақтары Ян Сибелиус, Эдвард Хагеруп Григ, Игорь Фёдорович Стравинский, Алексей Шор сынды ұлы композиторлардың шығармаларын тыңдай алады. Кештің солисі — халықаралық байқаулардың лауреаты, австриялық фортепианошы Анна Улаева, ал дирижеры бүгінгі заманның үздіктерінің бірі Лейпциг радиосы және Baltic sea Philharmonic симфониялық оркестрінің, Нью-Йорктегі Absolute Ensemble классик-хип-хоп-джаз тобының құрылтайшыларының бірі эстониялық Кристьян Ярви.

Концерттік бағдарламада Ян Сибелиустің Andante festivo, Алексей Шордың «Жолсапар жазбалары», Эдвард Хагеруп Григтің «Пер Гюнт» №1, Игорь Фёдорович Стравинскийдің «Жалын құс» балетінің 1919 жылғы нұсқасынан сюита орындалады.

Айта кету керек, сонымен қатар биыл алғаш рет «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі көрермендерге абонемент алу мүмкіндігін жасады. Бұл абонемент арқылы 2018 жылдың қазан айынан бастап 27 желтоқсанға дейін 10 концерттік бағдарламаны тамашалауға болады.

«Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі — Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымы, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Белградтағы (1976), Генуядағы Паганини атындағы (1981), Токиодағы (1983), Хельсинкидегі Сибелиус атындағы (1985), Мәскеудегі Чайковский атындағы (1986) халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлемге танымал скрипкашы, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсақожаеваның бастамасымен құрылған. Оркестр 1993 жылы Үкімет қаулысымен Мемлекеттік камералық оркестр мәртебесіне ие болып, 20 жыл бойы «Солистер академиясы» камералық оркестрі отандық сахналарда да, шетелдік сахналарда да өнер көрсетіп, Қазақстанның музыкалық өнері мен орындаушылық дәстүрін шетелде абыроймен таныстырып, халықаралық мәдени байланыстарды дамытып отыр.

Оркестрдің бас дирижеры — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Мұсақожаева. «Солистер академиясы» оркестрінің құрамында асқан шебер техникаға, мол дыбыс алуандығына, ансамбльдің нәзік сезіміне ие және камералық музыкамен әуестенудің үздік әлемдік дәстүрлерін дамытатын 70-ке жуық кәсіби музыкант еңбек етеді.