Басты бетЖаңалықтарБалабақша тәрбиешілерінің...

Балабақша тәрбиешілерінің жалақысы 50%-ға көтеріледі

Бүгін Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен брифингте Білім және ғылым вице-министрлері Эльмира Суханбердиева мен Бибігүл Асылова мектепке дейінгі білім сапасын көтеру шаралары туралы айтып берді.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Эльмира Суханбердиева Президент Жолдауын орындау үшін Білім және ғылым министрлігі мектепке дейінгі білімге қатысты мәселелерді қарастырып жатқанын айтты.

Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Жол картасын жасадық. Жұмыс тобы құрылып жатыр. Бірыңғай ұлттық біліктілік тестілеуін енгізу бойынша жұмыстарды бастап жатырмыз, — деді вице-министр.

Бүгінде орта буын педагогтарына арналған біліктілік тестілеуі әзірленіп қойған. Сонымен қоса, биыл маусым айында 56 910 педагог сол тестілеу бойынша аттестаттаудан өтті. Тестілеуден және екінші кезеңнен өткен мұғалімдер 1 қыркүйектен бастап жаңа жалақы алып жатыр. Келесі тестілеу 2018 жылы қарашада өтеді.

Тәрбиешілер үшін де осындай ұлттық біліктілік тестілеуін енгізу жоспарланып отыр.

Біз жалақы деңгейін көтеру туралы айтып отырмыз. Ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижелері бойынша 30%-дан 50%-ға дейін қосымша төлемақы енгізіледі, яғни, бұл тәрбиешілердің ғана емес, балабақша меңгерушілері мен әдіскерлерінің де жалақысына қатысты, — деді Эльмира Суханбердиева.

Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова тапсырма бойынша 2023 жылға қарай жалпы білім беру саласына жұмсалатын шығындар біршама арттырылатынын айтты.

Бізге бөлінетін қосымша қаржының арқасында, 2019 жылдан бастап балабақша тәрбиешілерінің, әдіскерлері мен меңгерушілерінің жалақысы өседі. «Педагогтардың мәртебесі туралы» заңды әзірлеу аясында мектеп директорлары мен директорлардың орынбасарларының жалақысын көтеру қарастырылып отыр. Сонымен қатар педагогтарды қолдау мақсатында сыныпқа жетекшілік еткені және дәптерлерді тексергені үшін жалақыны үш есеге дерлік арттыру қарастырылуда. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді, — деді Бибігүл Асылова.