Нұрсұлтан Назарбаев пен Сербия Республикасының президенті Александр Вучич шағын құрамда екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелерін талқылады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы өзара байланыстардың достық сипатын атап өтіп, оны одан әрі дамыту қажеттігін айтты.
Президент мырза, Cіз EXPO-2017 халықаралық көрмесіне арнайы келіп, бізге қолдау көрсеттіңіз. Ал бүгін VI әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысу үшін Қазақстанға ресми сапармен келдіңіз. Мұның бәрі біздің елімізге деген сіздің нағыз достық ниетіңізді білдіреді. Біз мұны жоғары бағалаймыз, — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы екіжақты экономикалық қатынастарды ілгерілету мүмкіндіктеріне арнайы тоқталды.
Менің Сербияға сапарым барысында қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес логистика, көлік және коммуникация, қорғаныс өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика және құрылыс салаларында ынтымақтастығымызды кеңейту қажет. Сіздің бүгінгі сапарыңыз өзара ықпалдастығымызды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді, — деді Қазақстан Президенті.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Сербия арасында достық пен ынтымақтастықты және бейбітшілікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Александр Вучичті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.
Александр Вучич Нұрсұлтан Назарбаевқа қонақжайлық көрсетіп қарсы алғаны үшін және халықаралық аренада Сербияға жан-жақты қолдау білдіргені үшін ризашылығын жеткізіп, Қазақстан Президентін ең жоғары мемлекеттік деңгейдегі І дәрежелі «Сербия Республикасының Орденімен» марапаттады.
Еске салайық, Сербия басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.