Басты бетЖаңалықтарАстанада өтетін...

Астанада өтетін халықаралық айтыс жеңімпазына 5 миллион теңге беріледі

20-21 қазан күндері «Қазақстан» Орталық концерт залында Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында «Жыр арқауы — Астана» атты халықаралық ақындар айтысы өтеді. Бұл жөнінде Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты.

Біз үлкен елеулі оқиғаның алдында тұрмыз. Неге десеңіздер, Астананың 20 жылдық мерейтойы аясында кең ауқымды халықаралық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз. Бірнеше жыл бұрын мұндай айтысты елге сыйлы Жүрсін Ерман ағамыз өткізетін. Бұл жолы кең ауқымды халықаралық айтыс болайын деп тұр. Айтыс — төл өнеріміздің негізі. Айтысқа қашан да өте мұқият болуымыз керек, себебі әр шыққан сөз адамның жүрегіне жылу, кейде тікен болып қадалады. Бұл халықаралық айтыс болғаннан кейін ағайындар да бір-біріне сын көзбен қарайды. Бірақ негізінен біз бәріміз бір-бірімізге сыйластықпен қарауымыз керек. Себебі бұл — бәрімізге ортақ шара, үлкен мереке, — деді министр.

Министр халықаралық шараның жүлде қоры туралы айтып берді.

Бас жүлде — 5 миллион теңге, бірінші орынға — 2,5 миллион  теңге, екінші орынға белгіленіп отырған 2 миллион теңге 2 жеңімпазға, ал үшінші орынды иеленген 2 адамға 1 миллион теңге беріледі, — деді ол.

Өзге айтыскерлерге берілетін жұбаныш сыйлықтарының көлемі — 350 000 теңге.

Баспасөз мәслихатына министрлік өкілдерімен бірге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова және «Алтын домбыра» сыйлығының екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов та қатысты.

Мұхтар Ниязов
Мұхтар Ниязов. Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Жүрсін Ерман халықаралық айтысқа дайындықтың қалай өтіп жатқаны туралы  баяндады.

Елбасының жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген үлкен бағдарламалық мақаласындағы мәселе ұлтымызды рухани жағынан жаңғырту болса, елден бұрын жаңғырып алған мұра — ақындар айтысы. Себебі бағдарламалық мақалада тарихи тамырыңды таны, еліңді таны, ұлтыңның барлық қасиетін сақта десе, біз соны 30-40 жыл бойы жырлаумен келеміз. Алдағы болғалы тұрған айтысты Арыстанбек Мұхамедиұлының бастамасымен Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағымен бірлесіп ұйымдасқан түрде халықаралық деңгейде дайындалып жатырмыз. Дайындық неден басталады? Әрине, қатысушылардан басталады. Жыл басынан бері республика көлемінде, облыстарда, аудандарда өткен айтыстарда ақындардың бабын байқадық. Олардың арасынан суырылып шыққан, Астананың 20 жылдығын жырлай алатын ақындарды таңдауға тырыстық. Сонымен қатар Қазақстанның түкпір-түкпірінен де айтыскерлер қатыссын дедік. Мысалы, кеше ғана Қостанайда өткен айтыста бас жүлде алған Мұхтар Ниязов қатысайын деп отыр. Халықаралық сайыс болғаннан кейін жастар да қатыссын деп екі-үш жасты — Дәурен Ысқақ, Аруна Керімбек сияқты ақындарды қолдап, сенім артып, бәйгеге қосып отырмыз. Қазақстаннан айтысқа республикалық, облыстық және республикалық маңызы бар қалалық айтыстардың жеңімпаздары Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Серік Қойшығұлов, Біржан Байтуов және тағы да басқа еліміздің белгілі айтыскерлері қатысады. Сондай-ақ, шетелден алты ақын шақырылды. Мәселен, қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасынан Ұларбек Минатхан, Жәмиға Дәулетқызы, Моңғолиядан Айдос Рашат, Аманжол Қуантқан, Қырғызстаннан Асылбек Маратов, Мундузбек Уулу сынды ақындар қатысқалы отыр. Айтыстың мақсаты — біреуді жамандау емес, еліміздің абыройын көтеріп, бүкіл жаңалықты, жетістіктерімізді жария ету. Кешегі Елбасының Жолдауы аясында өтеді деп айтсақ, теріс болмайды, — деді Жүрсін Ерман.

Халықаралық ақындар айтысы
Халықаралық ақындар айтысы. Фото: Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

«Алтын домбыра» сыйлығының екі мәрте иегері Мұхтар Ниязов қазақстандық ақындардың айтысқа сақадай сай отырғанын айтты.

Көшпенділер мәдениетінің ішінде кез келген уақытта кең аудитория жинайтын өнер айтыс болып отыр. Мемлекет бетбұрыс жасап, Астанаға ордасын тігіп, айдай әлемге паш етіп жатқан кезде сол өнердің тойында жырдың жәрмеңкесі қызып отырғаны жарасымды. Моңғолия, Қытайдан келетін ақындардың осалы жоқ. Бұл айтыс еліміздің түкпір-түкпірінде өткен айтыстардың қорытындысы болмақ. Айтыскерлер атынан сақадай сай отырмыз деп айтамын, — деді Мұхтар Ниязов.

«Жыр арқауы – Астана» атты халықаралық ақындар айтысын ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің төрағалығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, айтыс ақыны Әсия Беркенова, Түркиядан тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан, көркемөнер университетінің профессоры Әбдуақап  Қара,  Моңғолиядан белгілі ақын, жазушы Шынай Рахметұлы қызылық етеді.

Арыстанбек Мұхамедиұлының айтуынша, халықаралық ақындар айтысынан кейін желтоқсан айында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық айтыс өтеді.

Айнұр МАРАТ