Басты бетЖаңалықтарҚазақстанға Сербия...

Қазақстанға Сербия президенті Александр Вучич келді

Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Сербия президенті Александр Вучич кездесті.

Мәртебелі мейманды Нұрсұлтан Назарбаев Ақорданың алдынан арнайы күтіп алды. Осыдан кейін резиденция ішінде мәртебелі мейманның құрметіне салтанатты қарауыл сап түзеп, екі елдің әнұрандары ойналды. Қазіргі уақытта екі елдің басшылары оңаша әңгімелесіп жатыр.

Сербия басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен ресми сапармен келіп отыр. Сапар аясында Александр Вучич Қазақстан-Сербия іскерлік форумына, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI сьезінің ашылуына қатысады деп жоспарланған.

Сербия президентінің сапары барысында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылмақ. Оның ішінде Қазақстан мен Сербия үкіметтері арасындағы қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісім, сонымен бірге Қазақстанның Қоғамдық даму министрлігі мен Сербияның жастар саясаты және спорт министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.

Биылғы 6 айда Қазақстан мен Сербия арасындағы сауда-саттықтың көлемі 16,7 миллион АҚШ доллары болды. Қазіргі кезде Қазақстанда 20-дан астам сербиялық компания тіркелген. Олардың басым бөлігі көтерме және бөлшек саудамен, тұрғын үй және коммерциялық нысандар құрылысымен айналысады.

ДереккөзInform.kz