Анатолий Шкарупа Энергетика вице-министрі болып тағайындалды

ҚР Үкіметінің қаулысымен Анатолий Шкарупа ҚР Энергетика вице-министрі лауазымына тағайындалды. Бұған дейін осы қызметті атқарған Бақытжан Жақсалиев лауазымынан босатылды. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі хабарлады.

Анатолий Шкарупа 1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. 1998 жылы Алматы энергетика және байланыс институтын отын-энергетика кешені саласындағы экономика және менеджмент, инженер-экономист мамандығы бойынша, 2016 жылы Қазақ мемлекеттік құқықтану университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 1998 жылы KEGOK ААҚ-да жетекші маман болып бастады, онда 2005 жылға дейін бөлім басшысы, Жоспарлау және экономикалық талдау департаменті директорының орынбасары қызметтерінде еңбек етті.

2005–2013 жылдары ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігі құрылымында жұмыс істеді. Электр және жылу энергетикасы саласында реттеу департаменті директоры, Агенттік төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.

2013–2014 жылдары «ТКШ жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасы болды.

2015–2017 жылдары Қарағанды облысы Саран қаласының әкімі болды.

2017 жылғы мамырдан бастап Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.