Алматыда Виктор мен Лейла Храпуновтарға қатысты үкім шығарылды

Алматының мамандандырылған ауданаралық сотында Виктор және Лейла Храпуновтарға үкім шығарылды.

Виктор Храпуновқа мүлкін тәркілеумен және мемлекеттік қызметте лауазымды иелену құқығынан айырумен бірге қауіпсіздігі мейлінше жоғары түзеу мекемесінде 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Сот Лейла Храпунованы да кінәлі деп тауып, мүлкін тәркілеумен және мемлекеттік қызметте лауазымды иелену құқығынан айырумен бірге 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы қаулы шығарды. Бұл іс бойынша Яков Заяц, Ғабиден Қайымсұлтанов, Айяр Ілиясов, Қуандық Бісқұлтанов, Абай Сапаров, Алтай Қасымов, Серік Есмұқанов, Айнакүл Садықбаева, Абылайхан Қарымсақов және Абдул-Ғазиз Мұқашевтар да жауапқа тартылған еді. Айяр Ілиясовтан басқалары жазадан босатылды. Ілиясовқа мүлкін тәркілеумен бірге 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

Тараптарды қатар тыңдау кезінде мемлекеттік айыптаушы Храпуновқа 20 жылға бас бостандығынан айыру, ал оның әйеліне 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады. Сонымен бірге оларға мемлекеттік қызметте және қаржы ұйымдарында лауазымды иелену құқығынан 7 жылға айыру жазасын да сұрады. Айяр Ілиясовқа прокурор 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, Храпуновтар ұйымдасқан қылмыстық топ болып мемлекет мүлкін жымқыру, алаяқтық, лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, жымқырылған мүлікті заңдастыру қылмыстары бойынша айыпталған. Олардың әрекетінен мемлекетке 250 миллион доллардан астам шығын келген.

Виктор Храпунов әйелі Лейламен бірге 2007 жылдың қараша айында Қазақстаннан кетіп қалған еді. Олар ұлы білім алып жатқан Женеваға қоныс аударды. Отбасы Швейцарияда тұрғылықты мекенжайға тұруға рұқсат алды. Тagesanzeiger басылымына берген сұхбатында Виктор Храпунов мемлекет мүлкін жымқырмағанын, дүние-мүлкінің бәрі әйелі Лейла Храпунованың тапқан табысы екенін айтқан. 2014 жылы Алматы әкімдігі Лос-Анджелестің федералдық сотына шағым жолдап, Храпуновтың қала мүлкін сату есебінен миллиондаған долларды қалтасына басқанын мәлімдеді. Тергеудің мәліметіне қарағанда, Виктор Храпунов пен оның туыстары Швейцариядан АҚШ-қа қомақты қаражат жөнелткен.

ДереккөзTengrinews.kz