Басты бетЖаңалықтарАстанада Инвесторлар...

Астанада Инвесторлар күні өтті

Астанада Халықаралық қаржы орталығына қарасты Үздіксіз кәсіби дамыту бюросының ұйымдастыруымен Инвесторлар күні өтті.

«Дүниежүзілік инвесторлар апталығы-2018» (WIW) аясында өтіп жатқан бұл шара Құнды қағаздар жөніндегі комиссия халықаралық ұйымы (IOSCO) мен «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің қамқорлығымен жүзеге асты.

«Инвесторлар күні» — бұл қаржы саласының кәсіби мамандары бас қосатын алаң. Мақсаты инвесторлардың мүдделерін қорғау,  қазақстандық мамандардың  біліктілігін арттыру бойынша инвестициялық сауаттылықты дамытуға бағытталған.

WIW-тің басты міндеті — білім алудың маңыздылығын көрсету, инвесторлардың құқын қорғау және бүгінгі қаржылық технология мен инновацияның жылдам дамуының арқасында тез-тез алмасып жатқан ортада инвесторлардың біліктілігін арттыруға жағдай жасау.

Халықаралық жиынға IOSCO´s Committee 8 on Retail Investors басқарма төрағасының орынбасары профессор  Паскаль Мунафо, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры әрі әкімшілігі басқармасының мүшесі Ернұр Рысмағамбетов, АХҚО биржасында реттеу мен бақылау саласы бойынша басшысы Жан-Филипп Луванкур, BlackPearl Capital Partners компаниясының аға инвестициялық серіктесі Алек Трпкоски, Chartered Institute for Securities & Investment компаниясының аға кеңесшісі Джордж Литтлджон, OBE — Independent NED & Chairman өкілі Маршал Бейли, АХҚО Үздіксіз кәсіби дамыту бюросының басшысы Нұрсұлтан Серікбай қатысты.

Биылғы 5 шілдеде «Астана» халықаралық қаржы орталығы ресми түрде жұмысын бастады. Бұл — Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Соңғы 2,5 жылда біз институционал, реттеуші базаларды құру, олардың негізін толық дайындау, «Астана» халықаралық қаржы орталығында бар барлық жобаны жасау үшін тынымсыз еңбек еттік. Биыл бізде  Құнды қағаздар жөніндегі комиссия халықаралық ұйымының (IOSCO) қауымдастырылған мүшесі және «Астана» халықаралық қаржы орталығының тәуелсіз органы «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті (AFSA) құрылды. Сәйкесінше, IOSCO ұйымымен әріптестік аясында біз де Дүниежүзілік инвесторлар апталығын өткізіп жатырмыз. Бұл уақытқа дейін 7 қала, 15 университет және 5 жоғарғы мектеппен, студенттермен кездестік. Сапарымызда 2,5 мыңнан астам адаммен кездестік. Біз әлі күнге дейін бұл көрсеткіштерді жаңартып жатырмыз. Себебі, аптасына бірнеше рет Астана мен Алматыда іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Біз Дүниежүзілік инвесторлар апталығының бір бөлшегі болғанымыз үшін қуаныштымыз, — деді мерекелік шараны ашқан «Астана» халықаралық қаржы орталығы әкімшілігі басқармасының мүшесі, басқарушы директоры Ернұр Рысмағамбетов.

IOSCO’s Committee 8 on Retail Investors басқарма төрағасының орынбасары профессор Паскаль Мунафоның айтуынша, Дүниежүзілік инвесторлар апталығы білім беруге, яғни инвесторларды оқытуды көздейді.

Инвесторларды оқытудың бірнеше маңызды тұстары бар. Себебі біз көтеретін кейбір ақпараттық тақырыптар мен сұрақтар инвесторларға түсініксіз болып, технологиялар күнде алмасып жатқан бүгінгі заманда болып жатқан ахуалды түсіну қиындай береді. Байқасаңыз, нарықта күрделі қаржылық өнімдер көбейіп келе жатқанын көруге болады. Бүгінгі цифрландыру үдерісін ескере отырып, қаржылық нарық күннен күнге кешенді болып келеді. Сондықтан инвесторлардың білімдерін толықтырып отырулары өте маңызды, — деді Паскаль Мунафо.

Қаржылық шешім қабылдауда белгілі бір бағдарламаның тиімділігін бағалау өте қиын. Паскаль Мунафо кейбір бағдарлама мақұлданғаннан кейін тиімсіз болып шығып жататынын айтқан.

Ескеру қажет өте маңызды дүние бар. Мәселен, инвесторларды оқытуда мен реттеуші тарап туралы айтып жатсам, бұл білім толықтырылуы тиіс. Керісінше, реттеушілікті қатаң бақылау мен заң қолдануға ауысып кетпеу керек, яғни бұл құрамдас бөліктер бірге, бірін бірі толықтырып тұруы керек. Мен инвесторларды оқытуды оның өзге уәкілеттілігінен бөліп қарастыра алмаймын. Сондықтан әріптестік орнату, реттеушілердің өзара ақпарат алмасуы өте маңызды. Реттеушілердің бәрінің басын бір үстелде жинап, өзара тәжірибелерімен бөлісе алатындай жағдай жасағымыз келеді, — деді ол.

Отырыста Ұлыбритания, Франция, Австралия, Италия елдерінің сарапшылары қатысушыларға «Инвесторлар құқығын халықаралық стандарттарға сай қорғау», «CISI компаниясына мүшелікке кіру» сияқты тақырыптарда ақпараттық сессиялар, семинарлар өткізді. АХҚО Бюросынан беделді кәсіби халықаралық сертификация бағдарламалары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар бұл күні «Астана» халықаралық қаржы орталығының шартты гранттары» бағдарламасының презентациясы жасалды.

Сонымен қатар қатысушыларға инвесторлардың мүдделерін қорғау, қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру бойынша инвестициялық сауаттылықты дамытуға бағытталған шара барысында арнайы шақыртылған мамандардың ақпараттық сессияларына қатысып, Қазақстандағы қаржы нарығындағы маңызды тақырыптарда воркшоп өткізіп, лекциялар оқыды.

Ал Investor’s Day шарасы аясында өткен ең маңызды оқиғалардың бірі Астанада алғашқы ресми құнды қағаздар және инвестициялар жөніндегі Британия корольдігі институтының (CISI) емтихандық орталығының ашылу салтанаты болды.

CISI — қаржы және инвестиция салаларындағы кәсіби мамандардың жаһандық кәсіптік органы. Емтихандық орталық жақын арада АХҚО Бюросының базасында әлемдік деңгейдегі құнды қағаздар және инвестициялар индустриясында жоғарғы білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік жасайды.

Айта кетерлігі, Халықаралық қаржы орталығы мен АХҚО Үздіксіз кәсіби дамыту бюросы дүниежүзілік инвесторлар апталығы жаһандық бастамасын қолдау мақсатында Қазақстанның бірқатар үлкен қалаларын қамтыды. Олардың ішінде Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Қарағанда, Қостанай және Өскенмен бар.

Бұл қалаларда халықтың қаржылық және инвестициялық біліктілігін арттыру үшін тақырыптық іс-шаралар, академиялық және бизнес орталармен кездесулер өткізілді.  Жалпы алғанда, ақпараттық кампания Қазақстан бойынша 7 қала, 15 университет, 5 мектеп және 10-нан астам бизнес-алаңды қамтыды.

Дүниежүзілік инвесторлар апталығы екінші рет өткізіліп, биыл 80-нен астам қаржы реттеушісі және 6 құрлықтағы мүдделі қаржы нарығының қатысушылары қаржы қызметтерін тұтынушылардың қорғалуы мен қорғалуының негіздері туралы ақпараттандыруға бағытталған түрлі іс-шара өткізді.

Ал «Астана» халықаралық қаржы орталығында осындай форматтағы басқосу алғаш рет өткізіліп тұр.

                                                                                    Айнұр Марат