Цифрлық кадастырды жасаумен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі комитеті «Мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр республикалық орталығы» РМК айналысып жатыр.
Айта кетейік, 2014 жылға дейін қалалық кадастр түрлі бағдарлама мен деректер форматында, әртүрлі органдарда жүргізіліп келді. Республикалық деңгейде кадастрды құрылыс саласындағы құзыретті орган жүргізді. Облыстық, аудандық және базалық кадастрды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырды.
Бұған дейін республика аумағында базалық деңгейдегі кадастрлар ішінара жүргізіліп келсе, облыстық деңгейде ешбір өңірде болмады. 2014 жылдан бастап «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» ҚР Заңында (37, 38 және 40-баптары) қабылданған түзетулерге сәйкес, Мемлекеттiк қала құрылысы кадастры сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкiлеттi орган белгiлеген, жердің беткі және астыңғы қабатындағы инфрақұрылымдар мен барлық жылжымайтын нысан туралы ақпаратты тiркеу, есепке алу, сақтау және берудiң бiрыңғай жүйесi сақталады.
Қазіргі уақытта еліміздің инженерлік инфрақұрылымдары мен жылжымайтын мүлік туралы деректері цифрландырылып, мемлекеттік қала құрылысы кадастры жасалды. Бұл — құрылыс саласын цифрландырудың маңызды элементі. Көп ұзамай су, электр қуаты, жылу және газбен жабдықтау сияқты Қазақстанның инженерлік желілері мемлекеттік цифрлық кадастрға енгізілетін болады.
ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, экономика секторларының барлық бағыты мен инфрақұрылымдарын цифрландыру арқылы бір ақпараттық алаңға біріктіру саланың жағдайын объективті бағалауға және оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік береді.
IT-кадастр өңірлер мен елді мекендердегі сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында мемлекеттік органдарға және мүдделі тараптарға ақпарат беру қажеттілігі мәселелерін шешеді.
Мемлекеттік қалалық кадастр деректерін есепке алу және инвентаризация көмегімен жердің бетіндегі коммуникациялар нысандарын жоспарлау және жобалау оңайырақ болады. Бұл туралы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы істері комитетінің төрағасы Мархаббат Жайымбетов айтты. Әр сала бойынша әрбір елді мекенде инвентаризация тұрақты түрде жүргізілуі тиіс. Оның деректері Мемлекеттік қалалық кадастрдың бірыңғай жүйесіне енгізіледі. Қазіргі таңда инвентаризация Шымкент, Көкшетау, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Қызылорда, Тараз және Орал аумағында басталды.