Туризм және қонақжайлық индустриясы колледжінің студенті Никита Доронин Алматының белгілі мейрамханаларының бірінде тәжірибе өтіп жүр. Күнделікті сабағына және мейрамханаға барып қайту үшін ол күніне кем дегенде екі рет қоғамдық көлікке отырады. Жақында ол №7 троллейбусте жүргізушімен жанжалдасып қалды.
Әлеуметтік желілерде таралған видео алматылықтар арасында біраз пікірталас туғызды. Бірі жолаушының позициясын дұрыс десе, енді біреулер қит етсе, телефонды ала жүгіруді қолдамайтынын жазды.
Видеоның авторы Никита Доронин оқиғаны баяндады:
Кешке сабақтан шыққан соң әдеттегідей Сейфуллин — Райымбек батыр қиылысында аялдамаға келдім. Сол мезетте алдымнан бір автобус пен екі троллейбус — үшеуі қатарынан тоқтамай өтіп кетті. Алды-артыма қарамай №7 троллейбустың артынан жүгіріп, жақын маңда бағдаршамға тоқтаған кезде есігін қағып, ашылған соң кірдім. Жүргізушінің не үшін аялдамаға тоқтамағанын сұрап, жауабын видеоға түсіру үшін кіргенде бірден телефон камерасын қостым. Троллейбус жүргізушісі сұрақтарыма жауап қатпастан «сен ылғи жолақыны төлемейсің» деп айыптап, мені балағаттауға кірісті. Видеода көріп отырғаныңыздай, сол жерде төлеп едім, жүргізуші троллейбусты тоқтатып, камераны өшірмегенім үшін ашуланғаннан полиция шақыра бастады. Алайда бірнеше минуттан соң қайтадан жүріп кеттік. Кейін орта жолда жүргізуші электр қуатының болмай қалғанын айтқандықтан іште отырғандардың бәріне басқа көлікке ауысуға тура келді, — дейді Никита.
Ал троллейбус паркінің иесі — Green Bus Company-дің Алматыдағы филиалының директоры Бауыржан Құлышевтің айтуынша, дәл сол кезде №7 троллейбус 18.00 шамасында тесттік тексеруде еді, яғни ол техникалық ақауларын тексеру үшін «Алматы-1»-ден троллейбус паркіне бара жатқан. Сондықтан көлік ішінде троллейбус паркіне дейін жүретін жолаушылар ғана болды. Аялдамаға тоқтамауының себебі де -осы. Бірақ бұл жағдай жолаушыға заңсыздық сияқты көрінген.
Жалпы, жігіттің бағдаршамға тоқтап тұрған троллейбуске отырып, көлік айдап келе жатқан жүргізушіні алаңдатуы дұрыс емес. Бұл ережелерге сай келмейді. Сонымен қатар басқа жүргізушілер мен бригадирдің айтуынша, бұл жігіт осыған дейін де жүргізушілерді видеоға түсіріп, оларға жұмысын істеуге кедергі келтірген, — дейді Бауыржан Құлышев.
Никитаның айтуынша, видеода жүргізушінің таққан кінәсі орынсыз. «Жолақыны төлемеген, жүргізушілерді бопсалады» дегенінің бәрі — бос айыптаушылық.
Осыған дейін бір рет автобуспен келіспеушілік болған. Ол кездің өзінде видеоға түсіргенімнің арқасында өзімнің жолаушы ретінде орынды талап қойғанымды дәлелдедім, — дейді Никита.
Дау бұдан арыға барған жоқ. Дегенмен Никита қоғамдық көлік жүргізушілері іс-әрекетінің заңды-заңсыздығын келешекте де бақылай беремін деп отыр. Ал троллейбус жүргізушісі болса, басшысы қорғап шыққанына қарамастан тиісті жазасын алды.
Әрине, жұмыс уақытында кәсіби тұрғыда өзін-өзі төмен деңгейде ұстағаны үшін жүргізушіге ескерту сөгіс айтылды. Сонымен қатар бұл айда көлікті айдау мәдениеті бойынша сыйақы тарифі берілмейді, — дейді Green Bus Company директоры Бауыржан Құлышев.
Айта кетейік, Алматыдағы троллейбус жүргізушілеріне бес түрлі тариф бойынша жалақы тағайындалады: 1. Қоғамдық көлік айдау тарифі; 2. Көлік айдау мәдениеті тарифі; 3. Жүйелі кестені сақтау тарифі; 4. Жоспарды орындау тарифі; 5. Жоспардан асыра орындау тарифі. Ай сайын осындай бес түрлі тариф бойынша жүргізушілердің орташа жалақысы 150 мыңнан 250 мың теңгеге дейін болады.