Басты бетЖаңалықтарАбай атындағы...

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығы тойланды

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Жиынға Парламент депутаттары, Білім және ғылым министрлігінің, дипломатиялық миссиялардың, Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, еліміздің жетекші университеттерінің ректорлары, отандық белгілі ғалымдар, университеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері және 200-ден астам шетелдік қонақтар қатысты.

Мемлекеттік хатшы салтанатты жиналысқа қатысушыларға Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті — отандық жоғары білім беру жүйесінің қара шаңырағы. Университет бүгінде тарихы 1928 жылы еліміздегі жалғыз педагогикалық факультеттің ашылуынан бастау алатын жетекші оқу орнына айналып отыр. Оның қалыптасуына белгілі ұлт қайраткерлері – Ахмет Байтұрсынов, Темірбек Жүргенов, Халел Досмұхамедов, Сәкен Сейфуллин және басқа да көптеген көрнекті тұлға зор үлес қосты. Университетте Қазақстанның қарышты дамуына қажетті мамандар даярлайтын 14 академик, 155 ғылым докторы және 380 ғылым кандидаты сабақ береді, — делінген Президенттің құттықтауында.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті ірі ғылым, білім орталығы әрі еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көпшілік мойындаған көшбасшы болып саналады. Бұл университет 2018 жылы Еуропа мен Орталық Азияның 30 елінің үздік 200 университетінің ішінде 86-орынды иеленді. Бүгінде оқу орны әлемнің 25 мемлекетінің 130 университетімен ғылыми және академиялық байланыс орнатқан.

Салтанатты іс-шара соңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт өтті.

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті — бұрынғы Қазақ мемлекеттік университеті Қазақ АКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің 1927 жылғы 23 наурызда қабылдаған қаулысы негізінде 1928 жылғы қазанда ашылды. Алғашқы кезде педагогикалық, ауыл шаруашылық және медициналық факультеттер құру жоспарланды. Алайда қазақ сахарасындағы сауатсыздықты жою жөніндегі кезек күттірмес міндет бәрінен бұрын педагог кадрларын қарқынды түрде даярлауды талап еткендіктен алғашқы университетті педагогикалық бағытта ашуды өмірдің өзі ұсынды. Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орнында әуелде физика-математика, жаратылыстану және лингвистика-педагогикалық бөлімдерден құрылған жалғыз ғана факультет болды. Тұңғыш жоғары оқу орны 1930 жылдан бастап Қазақ педагогикалық институты (ҚазПИ) деп аталып, оған 1935 жылы ұлы ойшыл, ақын Абайдың есімі берілді. Бүгінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті деп аталады.