Басты бетЖаңалықтарСтуденттер Президент...

Студенттер Президент Жолдауына қатысты пікір білдірді

Иса Тоқтыбаев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, «Оратор» пікірсайыс клубының жетекшісі:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында кез келген қоғамның өзекті мәселесін анықтайтын және оның бағдарлы шешу жолдарын ұсынатын білімді және белсенді жастар екені айқын көрсетілген. Осы жолда Қазақстанға сай ұлттық құндылықтар жүйесіне біріктірілген оқыту моделін негізге алған орталықтанған кампус жүйесін құру үрдісінің басталғаны бізді қуантады.

Елбасының халыққа биылғы Жолдауында еліміздің жастары үшін үздіксіз білім алу қаншалықты деңгейде қажет екені, сонымен қатар үздік мамандарды дайындау кезінде жоғары талап қойылатыны, білім беру жүйесін эмоциялық интеллектіні жоғарылату арқылы дамыту керек екені туралы айтылған.

Жалпы қоғамда және жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, оны дамыту мәселесіне көп көңіл бөлінген. Елбасымыз осы арқылы болашақ жастардың қолында екенін айтты. Сондықтан бұл бастамаларды қолдау, оны жүзеге асыру әрбір студент жастарға үлкен жауапкершілік деп ойлаймын.

Кенжебек Сержанұлы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті:

Жыл сайын Елбасымыздың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын басты назарда ұстап, ой елегінен өткіземіз. Елбасының әр Жолдауында жастарға көп көңіл бөлетіні бізді қуантады. Қазіргі таңда білім мен ғылымға, мәдениет пен әдебиетке, техника сынды салалардың барлығына да мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалып келеді.

Осы орайда Елбасымыздың кезекті Жолдауында өңірлік деңгейдегі бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыруды және кемінде 100 фитнес-орталық салу керегін, сонымен қатар спорттық ғимараттарды, әсіресе, мектептерде дене шынықтыру алаңдарын, саябақтарды жабдықтауды тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті. Қазірдің өзінде әр аймақта фитнес-орталықтардың саны артып келеді. Елбасымыз осындай орталықтардың мейлінше қатары толығу керегін нақтылап айтты. Салауатты өмір салтын қалыптастыру, яғни дені сау ұрпақ өсіру — ұрпақ алдындағы абройлы міндет.

Айболат Естеміров, Жастар бизнес-инкубаторының жетекшісі:

Елбасы Жолдауында назарға алу тиіс негізгі міндеттерді айқын көрсетті. Олар: экономиканың жедел технологиялық модернизациясы; дәстүрлі базалық салаларды дамыту; еңбек нарығының модернизациясы; макроэкономикалық тұрақтылық; адам капиталының сапасын арттыру; институционал өзгерістер; жемқорлықпен күрес және қауіпсіздік.

Президенттің бастамалары қазіргі заман талабына сай деп есептеймін. Жас ұрпақты әрдайым білім саласы, еңбек нарығы, ақпараттық технологиялардың дамуы алаңдатады.

Әдемі Ыбыраева, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті, «Дипломатиялық альянс» клубының жетекшісі:

Мен үшін Елбасының халыққа Жолдауы — біз жүзеге асыруға әзір нақты тапсырмалар. Біз оқу бағдарламаларын жаңартамыз және алдыңғы қатарлы білімді, тәжірибені тарату орталығына айналамыз, біз жастарды ғылыми зерттеу жұмыстарына, саяси қызметтерге белсенді біріктіріп, цифрлық білім беру ресурстарын дамыта отырып, мәдениет, тіл білімін арттырамыз. Бұл — шалғайдағы елді мекен тұрғындарына сапалы білімге қолжетімділігін арттырып, қашықтықтан оқу арқылы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік.