Астананың 20 жылдығы: Қазақстанға The Illusionists тобы тұңғыш рет келді

Иллюзионистер тобының әр мүшесі - әртүрлі мемлекеттің өкілі.

The Illusionists
The Illusionists. Фото: Валерий Калиев

Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанға алғаш рет әлемдік гастрольдік сапарымен The Illusionists тобы келді.

Әлемнің 25 елін, 200 қаласын аралап келген The Illusionists тобының шоуын 6-7 қазан күндері Астанада EXPO алаңының Конгресс Орталығында, ал 10-11 қазан күндері Алматыда Республика Сарайында өтеді.

Артистер қазақстандықтар үшін ерекше бағдарлама дайындап келген. The Illusionists тобының продюсері Симон Пейнтердің айтуынша, шоудың жаңа бағдарламасына әлемге әйгілі жеті иллюзионист қатысады. Олар – Америка Құрама Штаттарының, Австралия және Батыс Еуропаның ең үздік фокусниктері. Барлығы да – ең жоғарғы санаттағы кәсіби мамандар. Worlds Greatest Magic, Masters of illusion және Magic on the Edge сияқты танымал телешоулардың жеңімпаздары.

Бродвей тарихындағы әлем халықтарының ең сүйікті шоуы болып танылған The Illusionists тобының әрбір артисі өзіне ғана тән ерекше сиқырға ие және олардың әрқайсы – әртүрлі елдің өкілі.

Олар: фальсификатор Харрисон Гринбаум, шоумэн Марк Калин, ұлы сиқыршы Джинжер Лайт, ұмытылмас Энзо, шебер қашқын Кэндл, манипулятор Себастьян Николас және қару шебері Робин Шарп.

Мәселен, шоу-бағдарламаның ең қауіпті трюкін орындаушы қару шебері Робин Шарп арбалеттің құлағында ойнайды. Ол алмаға дәл тиюі үшін тіпті қарудың межесін де көрмейді.

Мен арбалеттің жебелерімен атамын. Бұл – негізі өте қауіпті сиқыр. Менің жебені көздейтін серігім бар. Кейде мен тіпті артқа қарап тұрып жебені жіберемін, – дейді Робин Шарп.

Бақытыма орай Робин жебесін маған атпайды. Мен “Америка таланттарды іздейді” шоуына қатысқанмын. Қазқастанда ондай шоу бар ма, жоқ па білмедім. Бірақ оларға мен сияқты қатысушы керек болса, қуана-қуана қатысар едім. Бұл шоудың бірегейлігі біздің дүниежүзінің түрлі елдерінен бас қосып, бір сахнада өнер көрсетуімізде. Бұл – көрермен бір шоуға келіп, бірден әр елдің сиқырын көре алады деген сөз, – деді фальсификатор, әрі комик Харрисон Гринбаум.

Мен отпен жұмыс істеймін, левитация да менің бағытым. Сонымен қатар мен шарларды сахнада және көрермендер залында ұшыра аламын. Өзім де сахнада ұшып, публикамен тікелей қарым-қатынас орнатқанды жақсы көремін, – дейді үлкен иллюзияларға жауап беретін сиқыр көрсетуші Джинжер Лай.

Харрисон Гринбаум мен Джинжер Лайт ерлі-зайыпты. Олардың өзге жұптардан ерекшелігі, жолдасы әйелін екіге бөліп, ең танымал әйелді арамен бөлу трюгін жасайды.

Гринбаумның ресми мамандығы – фальсификатор. Алайда сиқыр мен фальсификацияға қарамастан Джинджердің денесінде шынайы жарақаттар бар екен.

Трюк жоспар бойынша өтпей қалатын кездер болады. Бір кезде сахнада жұмыс жасап жатқанда мен үлгермей қалып, саусағымды жарақаттап алғанмын. Қазіргі күнге дейін ізі қалған. Бірақ одан бері біз шеберлігімізді әбден шындадық, – деді ол.

Кэндл – ұлы Гарри Гудинидің ізбасары, оның жұмысы күнделікті байлаулар мен су тұзақтарынан шығуға бағытталған. Иллюзионистің өзінің айтуынша, бұл нөмірлерді орындау үшін қолдың шапшандығы ғана емес, тынысалу мүшелері де мықты болуы тиіс. Әрине, уақытты да сезіне алу үлкен роль атқарады. Шебер қашқын Кэндл қолдарын байлаудан үш минуттың ішінде босатып алуы тиіс, әйтпесе үздік нөмір жан түршігерлік оқиғамен аяқталу қаупі бар.

The Illusionists
The Illusionists. Фото: Валерий Калиев

Ал манипулятор Себастьян қолмен сиқыр жасайды.

Менің сиқырым қолмен орындалады. Мен заттарды жоқтан пайда болғыза аламын және ол заттың жоқ ете де аламын немесе трансформациялаймын, – деді ол.

Мен де үлкен иллюзияның шеберімін. Көрермендермен байланыс орната отырып, олардың сенімдерін алдағанды ұнатамын. Менің залдан адам шығарып, оны ұшыратын нөмірім бар. Ол 360 градусқа шыр айналады, – дейді Ұмытылмас Энзо.

Шоу барысында жасалатын трюктар әсерлі ғана емес, қауіпті де. Сонымен қатар дайындыққа біраз уақыт кетеді. Себебі кез келген ғажайып үздік техника мен көмекшіні қажет етеді.

Мен сахнада өте көп сөйлеймін. Себебі мен комикпін. Кейде аудармашының жоқтығынан зал мені түсіндей екіжақты түсініспеушілік туындайды. Сондықтан мен көбінесе визуал трюктерге басымдық қоямын. Бұл осындай мәселелердің туындамауына мүмкіндік береді және тілдік оқшауды жояды. Сондықтан біз қазақстандықар үшін арнайы видео дайындадық, – деді фальсификатор Харрисон Гринбаум.

Қазақстанда өтетін шоу көпшілікті тамсандырар сиқырға толы болмақ. Көрермендер назарына алуан түрлі сиқыр, ауада қалықтау, адамның не ойлап тұрғанын жору, ғайып болу және басқа да жоғары технологиялық қауіпті трюктер ұсынылады. Классикалық иллюзия бағдарламасы бұл жанрда бұрын қолданылмаған заманауи эстетика, ерекше костюмдер және сахналық шеберлікпен жаңартылған. Шоу продюсерлері қойылым сырлары туралы тіс жармайды.

Мен үшін фокус деген көрермендерге дайындап қойған сыйлығым. Егер олар менің сиқырымды қалай жасалғаны туралы құпияны білетін болса, мен сыйлықты сыйлап, артынша қайтып алып кетіп қалғанмен тең болады,  – деді Джинджер Лайт қойылымдардың құпиясы жөнінде.

Баспасөз мәслихатының соңында әртістер шоуға келген бір де бір көрерменнің іші пысып қайтпайтынына кепілдік берді. Олардың айтуынша, фильмдерде көрсететін сиқыр мен көзбен көрген сиқырдың жер мен көктей айырмашылығы болады.

Біздің шоу визуал болады. Алайда оған қарамастан залдағы көрермендермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, уақытты көңілді өткізуге тырысамыз. Шоуды өз көзіңізбен көргендегі әсерге ешнәрсе жетпейді. Сіздердің теледидардан көрсететін фильмдерден көргендеріңіздің жанында, сиқырдың орындалуын жанды көрген сізге мүлдем өзге әсер сыйлайды, – деді сиқыршы Джиндер Лайт.

Біз дәл қазіргі уақытта осында болуымыз үлкен абырой. Бұл – біз үшін жаңа тәжірибе. Сондықтан көрермендерге өзіміздің өнерімізді көрсететін уақытты асыға күтудеміз, – деді Кэндл.

Ал әлемдік сахналарда өнер көрсетіп жүрген әріптестерінің жанында жүрген Қазақстанның танымал цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов бұл жолы да Cirque du Soleil шоуындағыдай жүргізуші болмақ.

Мен шығармашылықтың адамымын. Сондықтан, елімізде орын алып жатқан Cirque du Soleil болсын, The Illusionists шоуы болсын барлығына ұйымдастырушы сынды емес, әкімшілік тараптан көмек көрсетіп жүрмін. Мәселен, Cirque du Soleil үшін мен менеджер болдым. Мен өзім де осы бағыттағы артист болғандықтан оларға не қажет екенін білемін. Кейбір реквизиттерді тауып беріп, қажет дүниелеріне көмектесемін. Қарапайым тілмен айтқанда, мен, бұл шаралардың барлығының волонтермін. The Illusionists пен EXPO көрмесі уақытында өнер көрсеткен Cirque du Soleil шоуларын тіпті салыстыруға келмейді. Алайда екеуі де – әлемдік деңгейдегі бағдарламалар. Мұндайды көру үшін өзге елге бару қажет. Мұның барлығы бізде өтіп жатқанда осы сәтті пайдаланып көріп қалуға тырысу керек, – дейді Мұрат Мұтырғанов.

                                                                                   Айнұр Рақышева