Басты бетЖаңалықтарМемлекеттік органдарда...

Мемлекеттік органдарда жаңа қызмет пайда болады

Министрдің айтуынша, жаңа қызмет азаматтық қоғаммен байланысты арттырады.

Қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Үкіметтің шешімі бар. Хаттамалық шешімге сәйкес, әрбір мекемеде үкіметтік емес ұйымдармен байланыс бойынша бір жауапты адам болады. Қазіргі уақытта кез келген мекемеде азаматтық қоғаммен байланыс жүргізудің әдіс-тәсілдері бар. Ал нақты маманды белгілесек, осы саладағы байланыс күшейе түседі, — деді Дархан Кәлетаев.

Министрдің айтуынша, жаңа қызметке келетін маманның кімге және қалай бағынатыны алдағы уақытта анықталады. Бірақ үкіметтік емес ұйымдардың негізгі өтініші орындалды. Ол — орталық және жергілікті атқарушы органдарда азаматтық қоғаммен байланыс жүргізетін маманды енгізу.

Осыған қатысты көп ұсыныс болды. Біз өз тарапымыздан қоғамдық ұйымдардың өтінішін орындадық, — деп атап көрсетті Дархан Кәлетаев.

Айта кетейік, бүгін Астанада алғаш рет азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселесіне арналған ұлттық тыңдаулар өтті. Негізгі мақсат — Қазақстаның азаматтық қоғамын дамыту жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеу. Аталған құжат 2025 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бұған дейінгі тұжырымдаманың мерзімі 2011 жылы аяқталған болатын. Жаңа тұжырымдама биыл VIII Азаматтық форумда таныстырылады деген жоспар бар.  Осы орайда Қоғамдық даму министрі Дарxан Кәлетаев азаматтық қоғамды дамытудың негізгі мәселелерін атады.