Басты бетЖаңалықтар"7-20-25" қазақстандықтар...

«7-20-25» қазақстандықтар арасында қаншалықты танымал?

Қазақстандықтар «7-20-25» туралы көбіне әлеуметтік желілерде жазған. Әлеуметтік желілердің үлесі 83,3% болса, БАҚ үлесі 12,9%, мессенджерлер 2,75%, блог пен форумдар шамамен 1% болды.

Соңғы айдың көрсеткіші бойынша «7-20-25» бағдарламасы «Нұрлы жер» бағдарламасынан сегіз рет көбірек аталған.

Сарапшылар қазақстандықтарды «7-20-25» бағдарламасы аясында көбірек толғандыратын тақырыптарды да анықтады. Оған алғашқы жарнаны жинау, үй табу, төлемқабілеттілігін растау бойынша қиындықтар кіреді. Сонымен қатар отандастарымыздың біразы қолданыста болған ескі үйлерді бағдарламаға енгізу бойынша ұсыныстарын білдірген.

Қазір алғашқы жарнаны 10 пайызға арзандату мақсатында «Жас арман» мен «Қамқор баспана» өнімдері әзірленіп, олар Шымкент пен Ақтөбеде жұмыс істей бастады. Аймақтардағы құрылыс қарқынын жандандыруға 150 миллиард теңге бөлініп, қолданыста болған үйлерге ипотекалық несие беру мақсатында жылдық ставкасы 10,75 пайыз «Баспана Хит» өнімі әзірленді.

Қазақстандықтардың көңіл-күйін жіті бақылап, қандай да бір өтініштер мен арыздар бойынша дер кезінде шара қолданып келеміз. Соның нәтижесінде азаматтар «7-20-25» бағдарламасының орындалу барысына оң баға беріп жатыр, — деді «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.

Медиасараптама бойынша «7-20-25» бағдарламасына қатысты сыни ақпараттар үлесі 7 пайыздан аспаған. Ал ортақ есеппен бір айда бағдарлама туралы ақпаратпен 2,5 миллион азамат қамтылған.