«Финансисттегі» кейіпкеріңіз бұрынғы кейіпкерлеріңізге ұқсамайды. Осындай рольді өзіңіз әдейі таңдадыңыз ба?

«Жаужүрек мың баладағы» Сартай, «Сұңқардағы» Біржан, қазір кинотеатрларда көрсетіліп жатқан «Көкпар» фильміндегі Мақсат та — жаныма жақын рольдер. Бұл фильмдердің сценариін алғаш оқығаннан-ақ ұнатып, түскім келген. Бірі батыр болса, басқалары — жылқыны жанындай жақсы көретін жігіттер. Ал «Финансист» — мүлдем басқа жанрдағы фильм. Мен бұл фильмге түспес бұрын біраз ойландым.

Әдейі емес, керісінше, алғашында мынау менікі емес қой деп аяқ тарттым. Бұл фильмге шақырған кезде бірден көз алдыма «Уолл-стрит қасқыры» фильмі келді. Оның үстіне сол кезде Ақан Сатаев «Бизнесмендер» фильмін түсіріп жатты. Бұл екеуі бір-біріне ұқсап кетпей ме деген ой болды. Бір жағынан «Финансистке» басқаша жанр екен деп қызығып та тұрдым. Сол кезде «Бұл сені басқа қырыңнан ашатын роль болады. Осы фильмге түсіп, бағыңды сына, өкінбейсің,»- деп фильмнің көркемдік жетекшісі әрі өнердегі ағам Сатыбалды Нарымбетов те ойын айтты. Сонымен отандық фильмографияда басқа фильмдерге ұқсамайтын «Финансист» атты фильмге түсемін деп бел будым.

Асылхан Төлепов
Асылхан Төлепов. Фото: Дина Сабирова

«Финансисттегі» кейіпкеріңіз Руслан қандай? Қаржыгердің ролі қиын болмады ма?

Руслан — өте ақылды, білімді, қарапайым тілмен айтқанда, басы қатты істейтін жігіт. Ол жұмыстан жолы болмай жүргенде бала кезден бірге өскен Тайыр атты досын кездестіреді. Ал Тайыр — өз жағдайын жасап алған қаржыгер. Ол Русланды бірге жұмыс істеуге шақырады. Қаржы саласында Русланды біраз тосын сый күтеді. Бұл роль бұрынғы рольдеріме ұқсамайды. Десек те, «Финансистке» түсу қиындық туғызбады.

Көбі бұл фильмді «Уолл-стрит қасқыры» фильміне ұқсатып жатыр. Жанры ұқсайды, бірақ сюжеттері мүлдем бөлек. «Финансист» көрермен күтпеген жағдайларды ұсынады. Меніңше, бұл фильмнің режиссері халықты алдай біледі. Көрермен көріп отырып, «Мен қалай аяқталатынын білемін, қазір былай болады, сосын осылай болайын деп тұр» деп өзінше жорамалдауы мүмкін. Бірақ фильм көрермен ойламаған жағдайға құрылған. Бұл — қаржыгерлер, оның ішінде брокерлер туралы алғашқы отандық фильм. Фильмнің ерекшелігі де сонда.

«Финансист» фильмі. Фото: Вrod.kz

2014 жылы Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов туралы фильмнің түсірілімі басталған еді. Тіпті, фильмнің тизері де шықты. «Бекзат» фильмі неге аяқсыз қалды?

Бекзат туралы фильмнің түсірілімі басталғанымен қаржының болмауына байланысты тоқтап қалды. Түсірілім тек 1-2 күнге ғана созылды, бұл дегеніміз — фильмнің 2-3 %–ы ғана. Содан кейін түсірілім жалғаспады, жақын арада да түсірілім болмайды. Бекзат елімізді әлемге танытқан чемпион туралы фильм болғандықтан, осы роль маған аманат ретінде қалып қалғандай болды. Мен өзім чемпионымыз туралы фильмнің түсірілмей қалғанына ыңғайсызданамын. Сондықтан бұл фильм қалайда түсірілуі керек деп ойлаймын. Егер ешкім қолына алмаса, менің де қимылдайтыным сөзсіз. Бір рет парақшамда «Бекзат» фильмі түсірілсін бе?» деп сауалнама жүргіздім. Көрермен Бекзат Саттарханов туралы фильмді көргісі келеді. Егер ешқандай режиссер қолға алмаса, осы фильмді өзім жалғастырамын. Топ дайын, тек фильмнің жалғасын тауып-таппайтынын қаржы шешеді.

Асылхан Төлепов. Фото: Дина Сабирова

Отандық фильмдер туралы ойыңызды білгім келеді?

Мен ешқандай да киносыншы немесе продюсер, режиссер емеспін. Бірақ отандық фильмдер туралы актер ретінде ойымды айтқым келеді. Осыдан 5 жыл бұрынғы қазақ кинематографиясын қазіргімен салыстыра алмайсыз. Себебі отандық фильмдер көп шығып жатыр, прокаттан түспейді. Бұл  -қуантарлық жағдай. Алайда кемшіліксіз емес. Мағынасыз комедиялардың толып кеткені туралы қарапайым халық қана емес, біз — актерлар да айтып күйінеміз.

Бұл актердың, сценаристің, тіпті, режиссердың да кінәсі емес. Бұл — сол комедияға ақша бөлетін продюсердің кінәсі. Режиссер ақша бөлінген жағдайда ғана фильм түсіреді. Барлық режиссердың «Мен осы фильмді қалай да түсіремін» деген сөзі үнемі өте бермейді. Сценарий ақша бөлетін продюсердің ыңғайына қарай жазылуы мүмкін. Осы тұста сол фильмге түскен актерды да кінәлаудың керегі жоқ. Актер келеді де, өз ролін ойнап кетеді. Алайда әр актер өз ролін талғаммен таңдай білгені де дұрыс.

Асылхан Төлепов. "Финансист"
Асылхан Төлепов. Фото: Дина Сабирова

Маған Нұрлан Қоянбаевтың «Қазақша бизнес» фильмі, екінші бөлімімен бірге және Құралай Анарбекованың «Көке немесе неке» фильмі ұнады. Сонымен қатар Әсел Садуақасованың «Келін де — адам» комедиясының да өзіндік мағынасы бар. Аталған 3 фильм де көп касса жинаған.

Осы күзде шыққан әрі енді шығатын фильмдерге бір көз жүгіртсем, комедия аз. Тіпті, жас режиссерлар тәжірибесі көп режиссерлардан озып жатыр. Әрине, мұндай нәтиже мені актер ретінде қуантады. Себебі, әртүрлі жанрдағы, сауатты түсірілген фильмдер көбейсе, бәсекелестік пайда болады. Ал бәсеке бар жерде сапа бар.

Комедия керек, бірақ өзінің мағынасымен, көрерменге берерімен ерекшеленуі керек. Осыны кей продюсерлер көп касса жинаймыз дейді де, ұмыт қалдырады. Францияның «1+1» фильмі сияқты комедиялар қандай керемет! Онда әзілмен қатар көп мағына жатыр. Болашақта біздің комедиялардың да сондай деңгейге жеткенін қалаймын.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!