TED-аударма – TED-те жарияланған идеяларды өз елінде, өз тілінде таратқысы келетін еріктілердің бастамасымен құрылған жоба. Осы жоба бойынша Асхат Еркімбай бастаған еріктілер Shi-fi шарасында TED видеоларын қазақ тіліне аударады. Осыдан екі жыл бұрын қазақ тілі қарқынды дамып жатқан тілдер қатарында Непали мен Галисия тілінен кейін үшінші орынды алды. Қазір қазақ тіліне аударылған видеолар саны 119-ға жетті.
Шығармашылықты ынталандыруға кері байланыс әсер етеді. Мен қалайша үздіксіз аудармамен айналысамын? Өйткені TED-тегілермен үнемі байланыс жасаймын, олармен араласамын. Бізде қазіргі уақытта көзқарас дұрыс емес. Қасиетті Құранда айтылғандай, қоғамды, әлемді өзгерту үшін адам өзін өзгертуі тиіс. Біз TED қашан қазақ қоғамына келеді деп күтпеуіміз тиіс. Әрқайсымыз өз ішімізден дұрыс бағыттағы өзгерістерге бет алуымыз керек. Меніңше, сонда ғана бізде оң өзгерістер көбейеді. Қоғамның белсенді мүшелері қай заманда болсын аз болған. 17 миллион халықтың барлығы супербелсенді адам болып кетуі де міндет емес. TED-тегі идея қазақтың игіліне асса, сондай идеясы бар адамдар біздің қоғамнан да шықса, онда біз еңбегіміздің пайдалы болғанын осы арқылы өлшеуге болады, — дейді Асхат Еркімбай.
Видеоны әзірлеген Айгүл Хожантаева, Нұрберген Алдаберген