Қарымды «Канело» GGG-дің қарқынына шыдай ала ма?

Осылайша, аса маңызды бәсекеде жеңіске жеткен Альварес WBC нұсқасы бойынша орта салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды.

Мексикалық боксшы жайын­да біз бекер әңгіме қозғап отырған жоқпыз. Альварес пен Котто ара­сындағы жекпе-жек өтетін күні белгіленген кезде-ақ WBC ұйы­мы­ның басшылары: «Осы кез­десуде жеңіске жеткен боксшы, мін­детті түрде, осы нұсқа бойын­ша уақытша әлем чемпионы ата­нып отырған Геннадий Голов­кинмен жұдырықтасуға тиіс» деп айтқан еді. Яғни есімдері жоға­рыда аталған қос мықтының жолы алдағы күндері қиысатыны анық. Ал қазіргі кезде осы жекпе-жекте кімнің мерейі үстем бола­тыны жайында жорамал айтуға, тіптен дуалы ауыз мамандардың өздері жүрексініп отыр. Себебі екеуі де мықты. Олар не қорқуды, не қаймығуды білмейтін боксшы­лар. Гена да, Сауль де – дүлей күш иелері. Екеуінің де жұдырығы жуан, соққылары өте жойқын.

Сауль Альварес – Мексиканың екінші ең ірі қаласы, «Батыстың маржаны» атанған Гвадалахара қаласының тумасы. Спорттық жолын әуесқой бокстан бастаған ол небары екі жыл аралығында жасөспірімдер арасында ел чем­пионы және ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанып үлгерді. Содан кәсіпқой рингте күш сынасуды құп көрді. 2005 жылдың 29 қазанында өткен өзінің тұсау­ке­сер кездесуінде Альварес қар­сы­­ласын ұрып шығып, бірден жергілікті жанкүйерлердің көз­айы­­­­мына айналды. Ол кезде Сауль небары 15 жасар бозбала еді.

Содан бері зымырап 10 жыл өте шықты. Бұл жылдар Альварес үшін жарқын жеңістерге толы болды. Ол көптеген нұсқалар бойынша алтын белбеуді иеленіп, кәсіпқой бокстың нағыз көк­жалына айналды. Жанкүйерлер оны «Канело» (сары торы) деп ер­келетті. Кейіннен бұл оның ла­қап атына айналды. Әр жыл­дары ол Габриэль Мартинес, Мишель Росалес, Мигель Васкес, Карлос Мануэль Бальдомир, Лавмора Нду, Мэттью Хаттон, Альфонсо Гомес, Кермит Синтрон, Шейн Мос­ли, Хосесито Лопес, Аль­фонсо Гомес, Остин Траут сынды саңлақтарды оңдырмай сабады. Кәсіпқой рингте барлығы 48 кез­десу өткізген Сауль 46 рет жеңіс тойын тойлады. 32 қарсыласын ұрып жықты. Бір рет ұтылып, тағы бір бәсекеде тең есеп тіркелді.

Өзінің спорттық ғұмырында «Канело» тек аты аңызға айналған АҚШ боксшысы Флойд Мейве­зерден ұтылды. Қос саңлақ 2013 жылдың 14 қыркүйегінде күш сынасты. Лас-Вегаста өткен бұл кездесуден кассаға 150 мил­лион АҚШ доллары көлемінде кіріс түсті. Бұл – кәсіпқой бокс та­ри­хындағы рекордтық көрсет­кіш! 12 раундқа созылған жекпе-жек Мейвезердің пайдасына шешілді. Үш төрешінің екеуі амери­калықтың мысы басым болды десе, біреуі бәсеке тең аяқталды деп есептеді. Нәтиже­сінде, Мейвезер ұпай санымен жеңіске жетті.

Флойд Мейвезерден ұтылған­нан кейін Альварес тағы төрт рет рингке көтеріліп, барлық бәсе­кеде басымдық танытты. 2014 жыл­дың көктемінде өзінің отан­дасы Альфредо Ангулоны 10 раунд­та ұрып жықты. Сол жыл­дың жаз айында Кубаның атақты боксшысы, әуесқойлар арасын­дағы әлем чемпионы Эрисланди Ларамен күш сынасты. Бұл бір көрсе көз тоймайтын керемет жекпе-жек болды. Қос боксшы да шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Екеуі де соңғы сәтке дейін еш аянбай жұдырықтасты. Төрешілер қауымы ойлана-тол­ғана келе, Мексика боксшысын жеңіске лайық деп таныды.

Биыл «Канело» тағы екі жек­пе-жек өткізді. 9 мамырда аме­рикалық Джеймс Кирклендті үшінші раундта есінен тандырса, 21 қарашада Пуэрто-Риконың мақтанышы Мигель Коттоны ұпай санымен ұтты. Міне, 25 жастағы мексикалық боксшының жүріп өткен жолы осындай!

Келесі жылы Геннадий Головкин мен Сауль Альварес бір-бірімен күш сынасатын болса, кімнің мерейі үстем болуы мүм­кін? Дәл осы сауал қойылғанда, көпшіліктің пікірі екіге бөлінеді. Кәсіпқой бокстың отымен кіріп, күлімен шыққан марқасқалардың өздері нақты жорамал айтуға жүрексініп отыр. Кейбіреулері «Бүгінгі таңда GGG-нің қарқы­нына шыдас беру мүмкін емес» деп отыр. Баз біреулер «Кане­лоның» артықшылығын алға тартып, оның жеңіске жететініне шүбә келтірмеуде. Бұл күндері Го­ловкин мен Альвареске қатыс­ты әңгіме ушығып тұр. Батыстың теледидарлары мен газет-журнал­дары осы тақырыпқа тәулігіне бір емес, бірнеше мәрте оралуда. Әрине, оған таңдануға болмас. Бұл – кәсіпқой спорттың заңды­лығы. Түрлі пікірлер айтылып, ерінбегендердің барлығы биік мінберлер мен баспасөз беттерін­де кесек-кесек сөйлеуге тыры­са­ды. Осылайша келешекте өтетін жекпе-жекке жақсы жарнама жасалады. Соның арқасында осы бәсекені ұйымдастырушылар мен қос команданың мүшелері және бұл іске қатысы бар басқа да адам­дар пайдаға белшесінен батып, үлде мен бүлдеге оранады. Алайда сөзден нақты іске көшіп, бәске мол көлемде ақша тігуге келгенде, сол айтқыштардың барлығы да ала тондарын ала қашады. Тәуекелге баруға ешкім бел ше­шер емес.

Қазақстанның боксшысы шаршы алаңда жасындай жарқы­рай бастаған тұста көптеген кәнігі боксшылар онымен жұдырықта­судан бас тартқанын біз жақсы білеміз. Атағы алысқа жайылған талай саңлақтар түрлі сылтауды желеу етіп, әйтеуір Головкинмен бетпе-бет кездеспеудің амалын тапты. Оларға қарағанда, Альва­рес­тің батылдығы еш күмән туғызбайды. Оның жүрегінің түгі бар екен. Жоғарыдағыдай әңгіме өрбіген бетте: «Гена – менің до­сым. Екеуміз бұрыннан жақсы сый­ласамыз. Оның мықты бокс­шы екеніне еш шүбә келтірмеймін. Бірақ мен ешкімнен қаймықпай­мын. Оған көздеріңіз жеткен болар. Дәп қазір десе де, Голов­кин­мен жекпе-жекке шығуға даярмын», – деп нық сөйледі.

Ал Гена – көп сөзді ұнатпайтын жігіт. Қай кезде де ол салмақты сөйлеп, салиқалы ой айтады. БАҚ өкілдеріне сұхбат беретін қар­сыластары күн сайын алдағы бәсекеде GGG-ні қалай сабай­тындарын айтып, көпіріп жат­қанда, жерлесіміз артық әңгімеге бармайды. Ол «Көреміз. Бәрін ринг көрсетеді» деген бір ауыз сөзбен ғана шектеледі. Бұл жолы да Қазақстанның боксшысы сол әдетінен айныған жоқ. Жур­на­листер сан мәрте «Кане­лоны» қаралауға бағытталған сұрақтар қойса да, Головкин олардың жетегінде кеткен жоқ. Ол тек «Мен бәріне де дайынмын!» деп жылы ғана жымиды да қойды.
Осылайша, қос боксшы өз келісімдерін берді. Енді екі жақ­тың промоутерлері ортақ мәмілеге келсе, 2016 жылы миллиондаған жанкүйерлер Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы ымырасыз жекпе-жектің куәсі болатыны анық.

Бүгінгі таңда орта салмақтың (72,6 келі) WBA және IBF сынды белді екі нұсқасы бойынша Ген­надий Головкин әлем чемпио­ны атанып отыр. WBC-та ол уақытша әлем чемпионы. Бұл нұсқаның толыққанды чемпионы Сауль Альварес екені белгілі. Алдағы жекпе-жекте кім жеңіске жетсе, барлық тәж соған бұйырады. Осы жайттың өзі GGG мен «Канело» арасындағы кездесудің маңызы қаншалықты зор екенін аңғартса керек. Сондай-ақ тағы бір алтын белбеу Энди Лиге тиесілі. Ирлан­диялық боксшы WBO тұжырымы­ның чемпионы. Бұйыртса, біздің Гена бұл боксшылардың барлы­ғын тұғырдан тайдырып, орта салмақ дәрежесі бойынша төрткүл дүниенің теңдессіз боксшы деп танылатынына сеніміміз зор.

Ғалым Сүлеймен «Айқын»

Дереккөзalaman.kz