Қазақстанда аурухана қызметтерінің үштен бір бөлігіне жуығын хирургтар мен гинекологтар көрсетеді. Бұл туралы Еnergyprom.kz сарапшыларының есебінде айтылады.
2018 жылдың екінші жартыжылдығында денсаулық сақтау саласында көрсетілген қызметтердің көлемі 294,9 миллиард теңге болды, бұл былтырмен салыстырғанда 2,2%-ға көп.
Қызметтердің көбі жалпыреспубликалық медицина орталықтары орналасқан Астана мен Алматыда көрсетілген, Қазақстан бойынша көрсетілген барлық медициналық қызметтің 33%-ы соларға тиесілі. Үштікке Алматы облысы да кіріп отыр — республика бойынша қызметтердің 6,9%-ы.
Денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің 53,2%-ын ауруханалар көрсеткен. Тағы 28,8%-ы — дәрігерлік және стоматологиялық тәжірибе мамандарының еңбегі. Денсаулықты қорғау жөніндегі басқа да қызметтердің үлесі — 18%.
Аурухана қызметтерінің арасында ең көп сұранысқа хирургия (саладағы барлық қызметтің 11%-ы және аурухана қызметтерінің 20,7%-ы) және гинекология (саладағы барлық қызметтің 6,3%-ы және аурухана қызметтерінің 11,8%-ы) бөлімшелерінің халыққа көрсететін көмегі ие.
Саладағы қызметтердің көбі бюджет есебінен көрсетілген — 77% (былтырғы осындай кезеңде 79% болған еді). 16%-ы халықтың өз қаражаты есебінен (былтыр 14% болған) және 7%-ы кәсіпорындар есебінен (былтыр 6% болды) көрсетілген.
Күзге қарай Қазақстанда дәрігердің пациентті қабылдау қызметі 2400 теңгеге дейін, яғни 8%-ға қымбаттаған. Тексерулер мен анализ тапсыру құны былтырмен салыстырғанда 5-6%-ға артқан: іш құрылысын ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) құны 2900 теңгеге дейін, қанның жалпы анализі 885 теңгеге дейін, несеп анализін тапсыру 623 теңгеге дейін қымбаттаған.
Тіс жұлдыру қызметі 3 300 теңгеге дейін, яғни бір жылда 7,1%-ға қымбаттап отыр, мойын-желке массажының бір процедурасы 924 теңгеге дейін, яғни бір жылда 8,8%-ға қымбаттаған.
Санаторийлер қызметі 10 200 теңгеге, яғни 3%-ға қымбаттады.