3 қазан күнгі ауа райы болжамы: батыс пен шығыста ғана жауын-шашын болады

Шығыс Қазақстан облысында жаңбыр қарға ұласып, ызғар болады.

“Қазгидрометтің” хабарлауынша, 3 қазан күні Қазақстанның басым бөлігіне антициклон ықпал етеді, соның әсерінен республиканың батысы мен шығысынан басқа өңірлерде жауын-шашын болмайды. Еліміздің көп бөлігінде жел күшейеді.

Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде тұман түседі.

Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында секундына 15-20 метрге жететін жел соғады.

Алматы, Маңғыстау облыстарының кей жерлерінде найзағай ойнайды, Алматы облысындағы Жалаңашкөл маңында жел екпіні секундына 17-22 метрге дейін күшейеді.

Синоптиктер Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашынға байланысты ескерту жариялады. Өңірде жаңбырдың арты қарға ұласады, ауа температурасы 5 градусқа дейін төмендейді.

Түркістан, Мангыстау, Қызылорда, Жамбыл, Алматы, Қарағанды, Ақтобе облыстарында дала өрті қаупі күшейеді.