Астананың 20 жылдығын мерекелеу және 1 қазан Халықаралық музыка күнін атап өту аясында «Қазақстан» орталық концерт залында «Солистер академиясы» Мемлекеттік камералық оркестрі өзінің ХХVII жаңа маусымын ашып, бірінші жартыжылдықтың «Абонемент №1» атты жаңа концерттік бағдарламасын ұсынады.
Қазан мен желтоқсан айларын қамтитын серия 10 үздік концерттен тұрады. Салтанатты кеште «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрінің шығармашылық ұжымы қала тұрғындары мен қонақтарына арнап Тілес Қажығалиевтің «Қыз қуу» симфониялық күйін, Вольфганг Амадей Моцарттың симфонияларын, француз композиторы Морис Равельдің «Цыган қызы», Пабло Сарасатенің «Цыган әуендері» мен «Наварра» және Юлиус Рицтің концерттік пьесаларын орындады.
Концертке арнайы шақыртумен жетекшілік еткен оркестр дирижеры Михаил Кирхгофф тыңдармандарды мерекемен құттықтады.
Биылғы маусымға бұл «Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрінің алғашқы концерті. Барлығы бірінші абонемент аясында 24 концерт өтеді. Оның 10 концерті бірінші жартыжылдықты және 14 концерт екіші жартыжылдықты қамтиды. Концерттер барысында мемлекеттік оркестрмен бүкіл әлемнің үздік дирижерлары өнер көрсетеді. Олардың қатарында Эстонияның танымал дирижеры Кристьян Ярви, Ресейдің «Үлкен театрының» дирижеры Павел Клиничев, француз дирижеры Миша Катз, халықаралық байқаулардың лауреаты Анна Улаева, әлемнің ең үздік скрипкашыларының бірі, заманымыздың ең танымал жас скрипкашысы Рей Чен өнер көрсетеді, — деді ол.
«Солистер академиясы» мемлекеттік оркестрі ұйымдастыратын 2018-2019 жылғы маусымы концерттерінің бірінші жартыжылдығына арналған кестесі:
Концерт атауы | Уақыты | Өтетін жері |
Eurasian star | 5 қазан, сағат 19.30 | «Қазақстан» орталық концерт залы |
Eurasian star | 11 қазан, сағат 19.30 | «Қазақстан» орталық концерт залы |
Eurasian star | 14 қазан, сағат 19.30 | Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы концерт залы |
Астанадағы Дж.Пуччини күндері | 18 қазан, сағат 19.30 | «Қазақстан» орталық концерт залы |
«Вена күйсандығы» | 1 қараша, сағат 19.30 | Қазақ ұлттық өнер университетінің Жамбыл Жабаев атындағы концерт залы |
«Сиқырлы флейта» | 8 қараша, сағат 19.30 | «Қазақстан» орталық концерт залы |
«Солистер шеруі» | 13 желтоқсан, сағат 19.30 | «Қазақстан» орталық концерт залы |
«Астанадағы Британ кеші» | 20 желтоқсан, сағат 19.30 | «Қазақстан» орталық концерт залы |
«Сағат тілі 12-ні соққанда» | 27 желтоқсан, сағат 19.30 | «Қазақстан» орталық концерт залы |
«Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі – Қазақстан Республикасының жетекші музыкалық ұжымы, 1991 жылы Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Белградтағы (1976), Генуядағы Паганини атындағы (1981), Токиодағы (1983), Хельсинкидегі Сибелиус атындағы (1985), Мәскеудегі Чайковский атындағы (1986) халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, әлемге танымал скрипкашы, оркестрдің көркемдік жетекшісі Айман Мұсақожаеваның бастамасымен құрылған. Оркестр 1993 жылы Үкімет қаулысымен Мемлекеттік камералық оркестр мәртебесіне ие болып, 20 жыл бойы «Солистер академиясы» камералық оркестрі отандық сахналарда да, шетелдік сахналарда да өнер көрсетіп, Қазақстанның музыкалық өнері мен орындаушылық дәстүрін шетелде абыроймен таныстырып, халықаралық мәдени байланыстарды дамытып отыр.
Оркестрдің бас дирижеры — ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Мұсақожаева. «Солистер академиясы» оркестрінің құрамында — асқан шебер техникаға, мол дыбыс алуандығына, ансамбльдің нәзік сезіміне ие және камералық музыкамен әуестенудің үздік әлемдік дәстүрлерін дамытатын жоғары кәсіби музыканттар, халықаралық конкурстардың лауреаттары бар.