Еуразия экономикалық одағына мүше елдерде газ тасымалдау бойынша ортақ тариф енгізу бағдарламасы қарастырылып жатыр.
БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының өкілдері Астанада басталған Дүниежүзілік мұнай кеңесінің отырысына қатысып, елдер бестігінің жоспарын бірауыздан құптап отыр. Олардың айтуынша, мемлекеттер қуат көздерін саудалау арқылы тың технология игеруге мүмкіндік алады. Айта кетейік, бүгінде одақтас елдердің жер қойнауындағы пайдалы қазбалар қоры бірнеше ондаған жылға жетеді. Табиғи газды мысалға алсақ, оның әлемдік қорының 1/5 үлесі және мұнайдың әлемдік қорының 7%-ден астамы ЕАЭО мемлекеттеріне тиесілі және аталған жерасты байлығы көбіне Қазақстан мен Ресей аумақтарында шоғырланған.
ЕАЭО-ға мүше елдердің ортақ мұнай нарығын қалыптастыру бірінші кезекте технология алмасуға таптырмас мүмкіндік береді. Біз осы салаға қатысты өзге де сұрақтардың БҰҰ алаңында талқыланғанын қалаймыз. Техникалық жәрдемдесуге де қуана келісеміз. Ұйымға мүше елдердің мүдделерін ескереміз, — дейді БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының энергетика мәселелері жөніндегі өңірлік кеңесшісі.