12-13 қараша күндері «Назарбаев орталығында» әлемнің жетекші сарапшылары, саясаткерлері мен дипломаттарын біріктіретін саяси форум форматындағы жыл сайынғы беделді халықаралық пікірталас алаңы — Astana Club форумының төртінші отырысы өтеді.
Astana Club форумының негізгі миссиясы — бүкіл әлемге, әсіресе, Еуразия аймағына әсер ететін ғаламдық үрдістерді талқылау және маңызды мәселелердің шешімін табу, сонымен бірге Қазақстанның сыртқы саяси хабарламаларын әлемдік сарапшы-саяси аудиторияға жеткізу.
Осы жылы Astana Club жұмысына Австрия, Ауғанстан, Бельгия, Египет, Италия, Қырғызстан, Пәкістан, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Сербия, Словения, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапония сияқты әлемнің 30 елінен 50-ден астам спикер қатысады.
Форум қонақтары арасында бұрынғы және қазіргі мемлекет және үкімет басшылары, ірі дипломаттар, жетекші ғылыми орталықтарының басшылары мен әлемге әйгілі сарапшылар бар.
Клубтың IV отырысы шеңберінде сарапшылардың жұмысы «Үлкен Еуразияға барар жолда: ортақ болашақты қалай құру керек?» атты басты тақырып айналасында жүргізіледі. Тақырыпты таңдауға себепші болған жайт – ушығып келе жатқан сауда және санкциялық соғыстарға, популизмнің өсуіне, қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерге байланысты әлемдегі және Еуразиядағы жаһандық үдерістер.
Сарапшылар пайда болған қарама-қарсылық және жаңа геосаяси шындықтың объектісі емес, субъектісі болып саналатын орта мемлекеттердің күшеюі және қалыптасып келе жатқан көпбағыттылық жағдайындағы Еуразияның жаңа стратегиялық сәулетінің келешегіне ерекше назар аударады.
Клубтың панельді сессиясы барысында Үлкен Еуразияның келешегінің түрлі сценарийлері, «Белдеу және жол» бастамасының, Еуразиялық экономикалық одақтың даму перспективалары, сонымен бірге Орталық Азиядағы қазіргі заманғы трансформациялық үдерістер қарастырылады.
Отырыстың ұйымдастырушылары — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры және ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты.
Бүгінгі әлемдік тәртіп «жаһанданудың дағдарысы» деген ұғыммен сипатталады — халықаралық институттар мен сауда келісімдері күмән туғызады, ал жаһандық қауіпсіздікке көптеген қақтығыстар қауіп төндіреді. Әлбетте ресми келіссөз жүргізу әдістері тиімділігі мардымсыз, ал хаосты жеңу үшін бейресми дипломатия қажет. Сондықтан, қазіргі жаһандық сын-тегеуріндерді, ықтимал тәуекелдерді бағалау және оларға қарсы тұру үшін шараларды қарастыру — форумның күн тәртібінің негізгі құраушы мәселесі. Біз жұмысымыздың аясында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі әр мемлекеттің пікірін тыңдауға мүмкіндік беретін елдер арасындағы ашық диалогты құруға тырысамыз, — дейді ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының директоры Ержан Салтыбаев.
Astana Club форумының көп отырысы «Чатэм хаус» ережелеріне сәйкес өткізіледі, онда сарапшылардың пікірі аноним түрде болады. Бұл қағида ашық және сенімді кəсіби əңгіме құруға көмектеседі.
Форумның бірінші кездесуі 2015 жылы 8-12 қарашада өтті, әрі «Еуразияның геоэкономикасы» тақырыбы талқыланды. Іс-шараға әлемнің 15 елінен (Ұлыбритания, Германия, Иран, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия және тағы басқа) зияткерлік және саяси элитаның 50-ге жуық жетекші өкілі қатысты.
2016 жылдың 14-16 қарашасында өткен клубтың екінші отырысында Еуразиялық кеңістіктегі алдағы өзгерістердің мүмкіндіктері мен кедергілері талқыланды. Әлемнің 21 елінен (Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Иран, Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия, Франция, Жапония және тағы басқа) зияткерлік және саяси элитаның өкілдері қатысты.
Клубтың үшінші отырысы 2017 жылдың 13-14 қарашасында өтті және «Үлкен Еуразия — 2027: Текетірес немесе әріптестік» ұранымен өтті, ол әлемнің 27 елінен келген қатысушыларды біріктірді. Олар – АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан, Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азияның беделді саяси қайраткерлері, дипломаттары, белгілі саясаткерлері, беделді ғалымдары мен ірі «ми орталықтарының» жетекші сарапшылары. Клубтың жұмысына алғаш рет жетекші саясаткерлер — бұрынғы мемлекет басшылары Абдолла Гүл (Түркия), Васлав Клаус (Чехия), Данило Тюрк (Словения) қатысты.