Қолданыстағы заңнаманың Қазақстандағы жеке кәсіпкерлік субъектілерінен мөрді талап ету туралы тұсына түзету енгізілді. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысының алға қойған Doing Business рейтингіндегі 30 елдің қатарына кіру мақсатына жету үшін Әділет министрлігі елдегі іскерлік ахуалды және Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингіндегі Қазақстанның позициясын жақсарту үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Бизнестің операциялық шығындарын төмендету туралы 2018 жылдың 28 мамырындағы «ҚР кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңымен Кәсіпкерлік кодекстің 10-бабына мемлекеттік органдар мен қаржы ұйымдарына жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғалардан құжаттарында мөрдің болуын талап етуге тыйым салатын түзетулер енгізілді, — делінген хабарламада.
Әділет министрлігі баспасөз қызметінің түсіндіруінше, мәселен, енді құжаттарды куәландыру үшін жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мөрді пайдалануы міндет емес, тек уәкілетті тұлғаның қолы болса жетіп жатыр. Дегенмен бұл өзгерістер мөрді пайдалануға тыйым салынады дегенді білдірмейді. Жеке кәсіпкерлік субъектілері өз қызметінде мөрді пайдалануға немесе одан өз қалауы бойынша бас тартуға құқылы.
Мөрді пайдаланбау құқығы жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдармен, қаржы институттарымен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетпек, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар жаңа түзетулерге сәйкес, мемлекеттік органдар, қаржы ұйымдары және екінші деңгейдегі банктер құжатта мөрдің болуын талап етуге құқығы жоқ. Олар өкілетті тұлғаның қолы қойылған жеке кәсіпкерлік субъектілерінің құжат көшірмелерін қабылдауға міндетті.
Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне жататын заңды тұлғаларда мөрдің болуы міндетті емес деген заңнамалық актілерге түзетулер енгізу бизнес жүргізуді жеңілдетудегі Дүниежүзілік банк сарапшыларының ұсыныстарына және АҚШ, Дания, Норвегия, Швеция, Германия, Австрия, Швейцария, Ұлыбритания, Австралия, Канада, Финляндия және Грузия елдерінің тәжірибесіне негізделе отырып жасалды. АҚШ, Дания, Норвегия, Швеция, Германия, Австрия, Швейцария, Ұлыбритания, Австралия, Канада, Финляндия, Грузия, Украинада бизнесті тіркеу және жүргізу үшін мөр қажет емес, яғни мөрдің болуы заңмен бекітілмеген. Фирманың жұмыстарымен айналысатын және шешім қабылдауға, әрекетсіздікке жауапты болатын жеке тұлға — директор.