Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты стратегиялық мақаласында «Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз. Сондықтан әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау — қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі», — делінген еді. Қазіргі мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы аясындағы барлық бағдарлама болашақтың иесі — жастардың бiлiм, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау салаларындағы әлеуметтiк құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың шығармашылық әлеуетiн дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендiру және олардың бойында патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшiн жағдай жасауға бағытталған. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру тарихты құрметтей отырып, одан сабақ алуға, батырлықты дәріптеуге және бірлік пен ұлтаралық татулық қағидасына негізделуі керек. Ауған соғысының ардагерлері осындай ұстанымда.
Серғазы Жұмаділов, ауған соғысы ардагерлерінің Талғар қалалық «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Талғар ауданының құрметті азаматы, запастағы аға сержант:
2015 жылы Талғар ауданында тұратын ауған соғысы ардагерлерінің ақылдасуымен қалалық «Жауынгер» қоғамдық бірлестігін құрған болатыныз. Бірлестігімізде 22 ардагер бар. Талғар ауданында жалпы 220-дан астам ардагер тұрады. Мақсатымыз — ауған соғысы ардаргерлеріне моральдық және материалдық көмек көрсету. Соғыста алған жарақаттарының әсерінен денсаулығы нашар кісілеріміз бар. Олар түрлі себеппен қоғамдық істерден шет қалып жатады. Міне, осындай мәселелерге байланысты бірлестік құрып, орта қалыптастыру керектігін білдік. Бірлестікті ашудағы тағы бір мақсатымыз — жастардың тәрбиесі. Олардың патриот, дені сау болып өсуіне қолымыздан келгенше үлес қосу.
Мектептерімізде балалардың патриоттық сезімін жетілдіру мақсатында «Қазақ тілі – тұғырым» атты тіл сайысын, Талғар ауданының көлемінде оқушылар арасында ұлттық өнеріміз — айтыстан жарыс ұйымдастырдық. Бірлестігіміз құрылған жылы соғыстан оралмаған 11 жігітіміздің аналарына арнап, 15 ақпан — Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай «Ана жүрегі» деген төсбелгі табыстағанбыз. Аудандық қорғаныс істері басқармасымен бірігіп, оқушылар арасында әскери жарыстар ұйымдастырып тұрамыз. Аудан және республика деңгейінде жыл сайын бокстан және футболдан ауған соғысында қайтыс болған азаматтарымызды еске алу турнирлерін өткіземіз. Мейрам сайын дәрігерлерімізді құттықтап тұрамыз. Өйткені соғыс кезінде олардың бізге көп көмегі тиді. Сондықтан қазіргідей бейбіт уақытта оларды көбірек қуантып тұруға тырысамыз, кездесулер ұйымдастырып, «Жауынгер» қоғамдық бірлестігі атынан алғысхаттар мен кішігірім сыйлықтар табыстап тұрамыз. Бұдан бөлек, бірлестік мүшелерінің атсалысуымен ауданымызда бірқатар жұмыс жасалды. Бірақ әлі де болса, ардагерлердің денсаулығына, үй-жағдайына байланысты шешілмеген мәселелер көп.
Аллаберген Құрбанбаев, ауған соғысының ардагері, запастағы лейтенант:
«Жауынгер» бірлестігіне Үкімет тарапынан қаржы қарастырылмайды. Десек те, жыл сайын Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай ауған соғысы ардагерлеріне мерекелік сыйақы беріліп тұрады. Ал жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған түрлі іс-шараны ұйымдастыруға демеушілік көрсететін іскер азаматтар көп, солардың арқасында ойға алған істерімізді орындап жатқан жайымыз бар. Біз соғысқа барғанымызға, қиыншылықты басымыздан өткергенімізге ешкімді кінәламаймыз және оны міндетсінбейміз. Сол қиын күндерде Одаққа мүше барлық елдің азаматы болып бірге соғыстық. Енді бейбіт кезде елдегі интернационалист жауынгерлер болып бірлігіміз ажырамай, бір-бірімізге көмектесіп, халықтың кәдесіне жарайтын іс тындыру — бірлестігіміздің негізгі міндеті.
Рашид Пірімбаев, ауған соғысының ардагері, «Жауынгер» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, запастағы сержант:
Ауған соғысы 1979-1989 жылдар аралығында болды. Негізінде Кеңес Үкіметі Ауғанстанға әскер кіргізгісі келмегені бәріне белгілі. Ауғанстан мен Кеңес Үкіметі келісімге отырған еді. О баста мектеп, жол, аурухана сияқты мемлекеттік объектілерді салып, соны қорғау мақсатында ғана әскер кіргізуге уағдаласқан болатын. Бірақ Ауғанстанның сол кездегі азаматтық билігіне толық ие болған дала командирі Ахмад Шах Масуд өз еліне өзге елдің әскері кіргеніне қарсы болып, құрылыс материалдарын алып келе жатқан керуендегі Кеңес әскеріне оқ жаудырып, соғыстың тұтануына түрткі болды. Бір елдің ішкі саяси-әлеуметтік шиеленісінен басталып, халықаралық сипат алған бұл соғысқа 10 жылда 22 мыңнан астам қазақстандық жауынгер қатысты, мыңнан астам жігітіміз қайтыс болды, тағы сонша азаматымыз ауыр жарақатпен оралды, 19 жігіт хабар-ошарсыз кетті. Арамыздағы Болат Қырғызбаев, Ерболат Қайранбаев Ерболат, Анарбек Жұмажан деген жауынгерлер бұл соғысқа 1979 жылы ең бірінші болып қатысқандардың қатарында. Сол кезде «Қара майор» деген атпен талай моджахедтің зәресін қашырған, бәріміз мақтан тұтатын, осы Алматы облысының тумасы, отставкадағы полковник, батыр Борис Керімбаевтың бүгінде көзі тірі. Ахмад Шах Масуд «Қара майордың» басын әкелген жауынгеріне миллиондаған доллар сыйлық тағайындаған болатын. Біле-білсеңіз, Ахмад Шах Масудты тізе бүктіріп, Кеңес Үкіметімен келісімге отыруға мәжбүр еткен де — осы Борис Төкенұлы. Ауғанстанда болған сол соғыста қай бөлімшеде, қай бөлімде болмасын, мықты-мықты қазақ жігіттері, Қазақстаннан барған басқа де ұлт өкілі көп болды. Төбемізден оқ ұшып, бірге барған достарың қаза болып, ұйқысыз талай түн өткізіп, қару жастанғанда бәрімізде «осы соғыстан аман қайтпай қаламыз-ау» деген қорқыныш болды. Бірақ үйде ата-анаң, іні-қарындасың жолыңа қарап күтіп отырғанда аман-есен оралуды борышымыз деп білдік.
Арқасында 30 келі рюкзак, басында каскасы, қолында автоматы бар 18-20 жастағы қылшылдаған жігіттердің тау-тасты асып, су кешіп жүріп, «қай жерден жау шығып, атып түсіреді екен», «қай жерде мина басып кетіп, жарылады екенмін» деген үреймен алыса күн өткере елге оралуы — үлкен ерлік. Әр ауған соғысы ардагері екі жыл ішінде өз замандастарынан кемінде 10 жылға қартайып кетті. Өйткені бұл — жүрекке түскен үлкен күш. Соғысқа үйрену қандай қиын болса, Ауғанстаннан келгеннен кейін бейбіт өмірге үйрену де сондай қиын болды. Соғыстан келгеннен кейін де сол жүрек-қан тамырлары ауруларынан, контузиядан, басқа да кеселдерден бір жылда 3-4 досымыздан айырылып қалатынбыз. Көбі жарақатынан жазыла алмай кетті. Міне, осындай оқиғаларды айтып беру бізге оңай емес. Бірақ жастар бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы бейбіт күннің қадірін ұғынсын деп айтамыз.
Бүгінде бәріміз балалы-шағалы болып, немере өсіріп жатырмыз. Қазір ауған соғысы ардагерлерінің ерлігі жайында көп айтыла бермейді. Талғардағы мектептерді аралап, кездесулер ұйымдастыру барысында оқушылардың сол бір соғысқа осы қаладан аттанып, оралмаған 11 азаматтың аты-жөнін білмей жататынын көреміз. Осындай жайттардың бізді бір қынжылтатыны бар. Бірлестік мүшелері өз күшімізбен ауған жерінде қаза тапқан сол батырларымыздың суретін мектептерге іліп жатырмыз. Қазіргі ұрпақ батыр ағаларының ерлігін білуі керек. Батырлардың есімін насихаттау — біздің сол қандыкөйлектер алдындағы парызымыз, борышымыз.
Халықаралық саясаттың шырмауынан туындаған сол қанды қырғыннан бізді Отанымызға, отбасымызға деген махабатымыз бен армия ішіндегі бірлігіміз бейбіт күнге, жеңіске сүйреп алып шықты. Ауған жерінде жүрген кезде біздің арамызда ұлтқа бөлінушілік болған емес. Бәріміз біртұтас Кеңес әскері болатынбыз. Жер бетінде бейбітшілік, ынтымақ болсын, соғыс болмасын деген адал ниет, адамзатқа деген құрмет пен өзара түсіністік сияқты ұлы қасиеттер қазіргі егемен еліміздегі жастардың бойынан да табылса екен дейміз.